Рамазан айы басталар алдында күн сайын қара сөзбен де, өлең шумақтарымен де кешірім өтінген хабарламалар келіп жатты. Әлеуметтік желі де күн құрғатпай бұл қасиетті айдың кешірім мен төзімділікті қажет ететінін жариялайтын жазбаларға толы болды. Шындығында біздің әрқайсымыз өзімізге зиянын тигізен жағдайларды есімізден тез шығара аламыз ба, «кең болсаң-кем болмайсың» -деген мақалдың мағынасын қаншалықты түсініп жүрміз, сөзіміз бен ісіміз бір жерден шыға ма? Бүгінгі жексенбіде алғаш дайындалып отырған «Сырласқым келеді» айдарында көкейдегі осындай сауалдарға жауап іздеп көрелік ...
Сіз қаншалықты кешірімдісіз?
Адамның барлық жасаған қателіктерін толықтай кешіретін Алла ғана. Ал,біз пендеміз ,біздің кешіретін кездерімізден кек сақтайтын сәттеріміз көп. Мәселен, бір адамды кешіру үшін санамыздағы сан түрлі ойлардың бізді сарсаңға салатыны анық.Кемшілікті өзіңнен емес өзгеден іздей бастайсың. Неге ол бүйтті,неге ол сүйтті? Неге ол мені түсінбейді?! т.т.с.с сауалдар сананы улай бастайды. Кей адамдар бұған өзін жазғырып жатады.
Сіз осы екі топтың қайсысына өзіңізді жатқызасыз? Сіз қаншалықты өзіңізді және өзгені түсінуге тырысасыз? Міне осы және өзге де сауалдарға байланысты адамдардың ойын білуге тырыстым.
Гүлмира Абзалқызы, Шымкент қаласынан.
Мен көп балалы отбасында дүниеге келдім,біріне жетсе біріне жетпейтін шақ еді,әпкелеріміздің ескі-құсқысын киіп ержеттік.Ұстаз болсам деген арманым болды бірақ,жоғарғы оқу орнына түсуге де шама болмады, балалық арман мен қиялдың күл-талқаны шықты.Титтейде болсын демеп,қол ұшын бере алмаған ата-анам мен бауырларымды жазғырдым,кешіре алмадым.Сүйтіп жүріп тұрмысқа шығып мен де сол күйкі тіршіліктің күйбеңінде кеттім.
- Әңгімеңізден түсінгенім сіз өткен шақты ұмытпаған сияқтысыз,солай ма?
- Иә.Өкініш бар.
- Балалық арманыңызға неге өзіңіз ұмтылмадыңыз?
- Бағыт-бағдар беретін, жол сілтейтін ешкім болмады.
- Қазір өзіңіз ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырсыз,сіз жетпеген арманға балаларыңыздың жетуі үшін қандай әрекет жасаудасыз?
- Қолымнан келгенінше балапандарыма көмек көрсетуге тырысамын бірақ, қысқа жіптің күрмеуге келмейтін сәттері көп.Демеу беретін жандар табылса екен деймін.
- Бір жерге жету үшін, бір жерден кетуге тура келеді, ол өмірдің заңдылығы.Өткеніне өкінген адам, болашаққа бағдар жасай алмайды.Бізге ешкім міндетті емес екенін түсінуіміз қажет.
Болат Әбіке, Арқалық қаласынан.
Адам қандай жағдай болмасын түсіністікпен қарап кешіре білу керек. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш»-деген,өз басым кешірімдімін.
- Болат сіздің ойыңызша адамды кешірмейтін жағдай жоқ қой,солай ма?
- Дәл солай.
- Қандай жағдай болмасын ол адаммен қарым-қатынасты үзбейсіз,иә?
- Кешірген соң араласпай кетуім мүмкін.
- «Бет көріссе, жүз ұялады» көрген жерде аманымыз түзу болсын деп қой?
- Иә.
Айсәуле Жантемір, Ақтаудан.
Маған өтірік айтқан адамды кешіре алмаймын.
- Яғни жалған сөйлеп жалпақтағандардан көңіліңіз қалған ғой?
- Иә.Кешіруге қанша тырыссамда ішімде кек пен ыза қатар тұрады,жек көріп кетемін.
- «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген сөз бар.
Белгілі бір жаман ойды көздеген жандар ішіңді білгеннен кейін, жүрегіңді тіліп кетері анық. Десекте адамның әр нәрсені сезетін кезі болады ғой, сізде ондай сезім болмады ма?
- Ішімде бір күдіктің болғаны рас,бірақ мен оған көңіл аудармадым.
- Адамға ақыл мен ой берілген,ойдың түбіне жетпесекте ақылға жүгінсек бір байламға келетініміз сөзсіз.Ақылдың басымызда екенін аңғарсақта, көбіне- көп өзгеден сұрап жатамыз.Неге?
- Өзгелер білетін шығар деп.
- Ал өзгелер сіздің жан дүниеңізбен сіздің өмірлік оқиғаңызды дәл сіздей білетініне сенімдісіз бе?
- Жоқ.
- Ендеше алдануға мүмкіндік берген өзіміз, сондықтан ең бірінші өзімізді өзіміз кешіруіміз керек.
Есімімді құпия қалдырсам болады ма?
- Әрине.
Сүйем,күйем деп алған азаматтың мені орта жолға тастап кеткенін қалай кешірем?
- Былай істесең кешіресің не былай ойласаң кешіресің деп айту қиын. Біз адамдар бір бірімізге демеу ғана бола аламыз, ал шешімді қабылдайтын әркімнің өзі. «Еркекке сенгенше екі босағаңа сен»- деген қазақтың сөзі бар. Ең бірінші адам болған оқиғаны санасына сіңіріп, қабылдап,түсініп одан кейін шешім қабылдағаны жөн шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
- Мен әлі сол болған оқиғадан кейін өз-өзіме келе алмай жүрмін.
- Егер сіз есіңізді жимасаңыз,болған жәйтті қабылдап, өз өміріңізге жауапкершілікті ала алмайсыз.Сізге соны түсініп, кеткен адамды ойлаудан арылу қажет, жіберу керек.
Адам өмірінде болған жағдайлардың бәрі, белгілі бір оқиғалардан басталатыны сөзсіз. Ал болған жағдайды ақылмен қабылдап, шешім шығарғаннан кейін, адамға кешіру де әрі қарай өмір сүру де жеңілірек болады. Өмірде кінәні өзгеден іздеудің де, өткен іске өзіңді жазғырудың да берер еш пайдасы жоқ. Бір ғана кешір деген сөзді айтып көрейікші. Сонда ғана шын ниетіңмен айтылған бұл сөздің құдіретіне көзіңіз жетеді.Қасиетті рамазан айында кешірімді бола білейік!
Көпшілік пікірін жинақтап, жеткізген : Назира Сұлтанмұрат