Голливудтың ең кассалық фильмдері
Әлемнің ең кассалық фильмдері санатында 9 жыл бойы көш бастап тұрған - «Аватар» фильмі.
Режиссері Джеймс Кэмерон сценарийін жазуды 90 жылдардың ортасында қолға алған, фильм 1997 жылы түсіріліп 1999 жылы жарыққа шығуы мүмкін еді. Бірақ та сол жылдардағы компьютерленген техниканың мүмкіндіктері режиссердің көңілінен шықпағандықтан,қиялындағы әлемді барынша шынайы қылу үшін Джеймс Кэмерон асықпай күте тұрғанды жөн көрген.Содан «Аватардың» түсірілім жұмыстары 2005 жылы ғана қолға алынады да, төрт жыл уақыт өткеннен кейін, 2009 жылы қазан айында, үлкен экранға шығады. Кассалық түсімі бойынша Джеймс Кэмерон өз рекордын өзі басып озады. Он екі жыл бойы бірінші орында тұрған «Титаник» фильмінен «Аватардың» кассалық түсімі асып түседі, 2 787 965 087$.
Қызықты деректер:
- Фильм жарыққа шығу үшін 15 жылдай уақыт кеткен;
- Басты рөлдегі Сэм Уортингтон «Аватарға» түспей тұрып өз автокөлігінде өмір сүріп жүрген ешкімге белгісіз австралиялық актер болған;
- Фильмдегі Аллилуйя таулары Қытайдың Хуаншань шыңына қарап жасалған. Фильмнің танымал болғаны сонша, 2010 жылы дәл осы тауға «Аватар-Аллилуйя» атауы ресми түрде беріледі;
- «Аватар» - индуизм дінінен алынған сөз. «Құдайдың адам кейіпіне енуі»дегенді білдіреді, ал фильмде болашақта адамдардың санасы технологияның көмегімен басқа денеге көше алады дегенді меңзейді;
- Режиссердің ойынан шығарылған на’ви тайпасының тілін лингвисттер арнайы дайындаған. На’ви тілі 1000 сөзден тұрады. Актерлер түсірілім барысында дүниежүзінде мүлдем жоқ жаңа тілді үйренген.
Айта кетейік, «Аватар 2» фильмі 2020 жылы желтоқсанда көрерменге жол тартпақ.
Екінші кассалық фильм, бұл – «Титаник». Тағы да Джеймс Кэмеронның режиссерлік жұмысы. Фильмді түсіру идеясы «Титаник» кемесінің қасіреті туралы деректі фильмді көргеннен кейін туындаған. Кэмерон 1994 жылы сценарийін өзі жазып, 1995 жылы «20th Century Fox» кинокомпаниясының қаржыландыруымен түсірілім жұмыстарын бастайды. Мексикада Розарито жағалауында аса ірі бассейін жасалып, оған «Титаник» кемесінің макеті орнатылады. Су түбіне кеткен нағыз «Титаник» 269 метр болса, фильмдегі макеті 231 метр. Көрермендер, бірінші кезекте, кинотеатрға алып кеменің батуын көру үшін барады деген оймен режиссер соңғы кадрларға аса мән берген. Фильмдегі айсберг қолдан жасалған. Суға кеткен тарихи кеменің балдыр басқан бөліктерін Джеймс Кэмерон су түбінде өзі түсірген. Ол кездегі бейнекамера 15 минуттық материалдарды ғана сақтай алғандықтан, режиссерге қайта-қайта су бетіне шығып тұруға тура келген. Нәтижесінде, фильмнің кассалық түсімі 2 187 463 944 $. Он төрт аталым бойынша ұсынылып 1998 жылы Оскардың 11-ін алған.1997 жылдан бері көрермен сүйіп қарайтын классикалық фильм болып қала бермек.
Жалпы кассалық түсімнің үштігін толықтыратын «Звёздные войны. Эпизод VII: Пробуждение силы» фильмі. 2015 жылы шықты. Көрсетілімнен түскен қаражат – 2 068 223 624 $. Режиссері – Джеффри Джейкоб Абрамс. Түсірілім Лондонда, Абу-Даби әмірлігінде, Ирландия жерінде өткен. Фильмнің музыкасын әлемге танымал композитор Джон Уильямс («Один дома», «Супермен», «Парк юрского периода» фильмдеріне де) жазған.
Әлемдік кинематографияның ең кассалық фильмдерінің төртіншісін айтып кетпеске болмас, 2018 жылдың мамырында үлкен экранға шыққан «Мстители: Война бесконечности». Оның түсімі – 1 млрд 702 млн 860 мың $. «Мстители» бұнымен тоқтамайтын көрінеді, ол келесі жылы да жалғастырылмақ.
Кино әлеміндегі табысты фильмдермен таныстырған: Мақпал Аманбай