Қазақтың ұлттық киімдері тек арнайы мерекелерде ғана киіледі,оған аса сұраныс жоқ деген ойдың жетегінде кетпей, өзінің жеке студиясын ашқан, ұлттық өнердің жанашыры, Ақтаулық дизайнер Гаухар Әмірова бүгін өзі жайлы, шет елдерге ұлттық киімімізді насихаттау,бүгінгі күн талабына сай жаңашылдықпен ізденіс танытып жұмыс істеу,табыс кілтінің сыры жайлы бөліспек.
«8 жыл бойы өз мамандығым бойынша, «Өрнек» сән үйінде бас суретші болып жұмыс жасадым. «Gauhar Amirova» студиясын 2016 жылдың аяғында құрдым.
2015 жылы өңірлік конкурста жеңімпаз атанғаным өз брендымды жасап, студиямды құруға түрткі болды.
Конкурс шарты бойынша «Мисс Қазақстан-2015»-тің «Әлем аруы» байқауына киім үлгілерін дайындау болатын. Бұл байқауға жер-жерлерден дизайнерлер өздерінің ұсыныстарын тапсырып, біздің үлгілер үздік деп танылып, бірінші орынды иелендік.Осылайша, 2016 жылы «Gauhar Amirova» студиясы жобасын бастаған кездегі ең алғашқы үлкен жобаларымыздың бірі.
Вашингтондағы «Әлем аруы» байқауына «Мисс Қазақстан-2015» атанған өзіміздің жерлес қызымыз Асел Мергенбаеваның екі киім үлгісін жасау тапсырылды. Бірінші киім үлгісі қазақтың ұлттық нақышында жасалған заманауи үлгідегі киім үлгісі болса, екіншісі талант байқауында домбыра биін көрсетуіне байланысты, домбыра үлгісіндегі киім бейнесін ұсындық. Студиямыздың құрылғанына биыл екі жылдай уақыт болды. Осы аралықта өңірлік және республикалық деңгейдегі әртүрлі байқауларға қатысып келеміз. 2017 жылы Экспо алаңында Әлемдік деңгейде өткізілген киім үлгілерінің көрсетіліміне «Сән мен сахна» жобасы бойынша қатыстық.
Сонымен қатар, «Сән мен сахна» фестивалінде де жүлделі орындарды иеленіп, сән индустриясында өткізіліп тұратын «Aktau Fashion Weekend», «Ночь высокой моды» және «Королева Каспи» сиякты байқауларға қатыстық» - деп бастаған Qazir тілшісіне берген сұхбатында Гаухар Әмірова.
«Қазіргі таңда ұлттық үлгідегі киімдерге деген сұраныс қандай?»- деген сұрағымызға Гауһар ханым былай жауап берді:
«Маңғыстау өңірінде қазақи нақыштағы киім үлгісін кию жақсы дамыған. Сондықтан сұраныс жоғары деп айтсақ болады. Бізде тек үйлену тойы мен қыз ұзату тойларында ғана емес, күнделікті өмірде де араластырып, кез келген жиындарда ұлттық нақыштағы киімдер киіп шығып жатады. Біздің мақсатымыз, қазақтың ұлттық киімдерін тек Маңғыстау өңірінде ғана емес, барлық Қазақстан қалалары мен шет елдеріне кішкене элементтерін пайдалана отырып,жаңа сән үлгілері арқылы насихаттау болып табылады. Осыған орай, екі бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, біріншісі ұлттық киім үлгілерін жасау болса, екіншісі «Прета-порте»үлгісіндегі күнделікті киетін киім ойластырып, этно стилінде шығарып жатырмыз.»
Сіздің дизайнерлік сән көйлектеріңіздің бағасы қаншалықты қолжетімді?
«Күнделікті киетін киім үлгілері 15 000 теңгеден жоғары. Бұл бағалық жүйе бойынша алып қарасақ, екінің біріне қол жетімді болып табылады. Ал, енді ұлттық нақыштағы қыз ұзату мен той көйлектеріне келетін болсақ, олар әртүрлі табиғи тастармен көмкеріліп, қолмен тігілетін болғандықтан бағасы жоғары болады. Мысалы, қыз ұзатудың толық жиынтығының бағасы 200 000 теңгеден жоғары.»
Сіз отандық эстрада жұлдыздарына өз киім үлгілеріңізді ұсындыңыз ба?
«2 жыл ішінде біз Ғалымжан Жолдаспаев әншіміздің екі клипіне толық киім үлгілерінің бейнесін жасап шығардық. Ең бірінші шыққан «Көк жөтел» әніне арналған клипі түркі әлемінде әніне стилі сәйкес деп жоғары бағаланған болатын. Жақында Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры Беларусь елінде жүлделі орынға ие болып келді. Біз осы жергілікті М. Өскенбаев атындағы Ақтау облыстық филармониясы мен Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры әртістерінің киім үлгілерін жасаған болатынбыз. Биылғы жоспарымыз, жерлесіміз Тамара Асардың киім бейнесін сомдау жұмыстарын жасау» - деп сөзін сабақтады Гаухар Әмірова.
«Бір көйлектің дизайнын жасап шығу үшін қанша уақыт қажет болады?» деген сауалымызға Гауһар ханым былай жауап берді:
«Жалпы идея қайдан туады деп айттып тұрсыз ғой?! Мен өзім әдемілікті жақсы көрем. Әдемі қыз келіншектерді көрсем, я табиғатқа қарап бір ой туады. Барлығы өмірден алынады. Тіптен кейде бір кино туындыны көріп, қуанып, шабыт алып жататын кездер болады. Осылай коллекция туындылары шығады. Мысалға, қыз ұзату киім үлгісіне 1 айдай уақыт кетіп жатады. Кейде 2 айға созылып та кетеді. Бұл фасонның қиындығына, қолданатын мата түріне де байланысты. Қазақстанда маталар шықпағандықтан шет елдерден маталарды күтіп қалып жатамыз».
Қазіргі таңда «Gauhar Amirova» студиясында 5 тігінші, 1 конструктор жұмыс жасауда. Алдағы уақытта студияны ұлғайтуды мақсат еткен Гаухар Әмірова шет елдерге жиі тәжірибе алмасу мақсатында шығып тұратынын атап өтті.
Сізден үйренем деген жастарға шеберлік сабақтарын жүргізесіз бе?
«Іште жатқан бір арманым бар. Ол оқу орталығын ашу. Киім үлгісін тігу ол тек тігіп, пішуден ғана тұрмайды. Ойыңыздағы идеяны қағаз бетіне түсіруден басталады.Студияны нық аяққа тұрғызғасын, оқу орталығының ашу жобасын қолға алам деп ойлаймын».
Өз кәсібіңізді қалай таңдадыңыз?
«Мен Алматы технологиялық университетінде киім дизайнері мамандығы бойынша білім алдым. Жас кезімнен өнерге жақын болдым. 7сыныпқа дейін фортепиано сыныбында оқып, 11 жыл сахнада би биледім. Қандай мамандық таңдаймын дегенде, осы сахна өнеріне жақын болғандықтан дизайнер мамандығын таңдадым».
Өз кәсібін бастағысы келетін жастарға айтар ақыл кеңесіңіз ?
«Мен өз кәсібімді бастағанда қалтамда 100 000 теңге ғана болды.Жоғарыда айтып кеткендей, өзім «Өрнек» сән үйінде 8 жылдай қызмет атқардым. Жеке брендімді құру ойы келген кезде Нұрияш Ниязовадан рұқсат сұрап кеткен болатынмын. Қолым жеңіл болды ма, әлде қолдайтын достарым көп болды ма, бір айдың ішінде өз деңгейімізге жетіп алдық. Қызметкерлерді де жинап, жұмыс жасайтын жерді де тез тауып алдық. Ең бастасы алға қойған мақсат болып, өзіңізге деген сенім болу керек. Кішкентайымнан өнер жолында жүргесін, өз кәсібім болса деген арманның жетегінде жүріп, қазір осындай деңгейге жетіп жатырмын. Адам әрқашан өсу қажет. Жан жақты болу мақсатында жыл сайын шет елдерге шығып тұрамын. Себебі, жыл сайын технологиялар өзгеріп, станоктардың түртүрі шығып тұрады.Бизнес саласындағы тренингтерге де қатысып тұрамын. Себебі осы студияны ашу алдында мен Даму орталығында «Жас кәсіпкерлер» мектебінде 1 ай көлемінде дәріс алып, бизнес жобамды жасаған болатынмын.
Сіздер туралы қай жерден ақпарат алуға болады? Жеке тапсырыстар аласыздар ма?
«Біздің барлық әлеуметтік желілерде ашық парақшаларымыз бар. Қазақстанның барлық қалалары мен шет елдеріне де тапсырыстарды жеткізіп жатырмыз. Мысалы, наурыз айында Калифорния қаласынан да интернет желісі арқылы өз өлшемдерін жіберіп, қыз ұзатуға арналған толық жиынтық үлгісіне тапсырыс түсті. Одан бөлек, түрік елдерінен де қазақи бешпентке көптеп тапсырыстар алып жатырмыз» деді Гауһар ханым.
«Gauhar Amirova» студиясы алдағы уақытта биік белестерден көрінеді деген үміттеміз.
Сұхбатты жазып алған: Жаңагүл Тілепберген