Біздің бұл айдарымыздан шет елде жүріп, еліміздің өркениет көшіне ілесуге, дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыруға қызмет етіп жүрген озық ойлы, бойларында қазақы намысы мен қоса іскерлік қабілеті мен білім-білігі жоғары жандар жайлы жақынырақ танысуға мүмкіндіктеріңіз бар. Сонымен,алғашқы кейіпкеріміз: Абдур-Рашид Сәкенов.
Бұл есімді ғаламторға кіріп іздеп көрсеңіз, еліміздің транзиттік көлік әлеуетін дамытуға қатысты мәселелер қозғалған сұхбаттар мен тікелей эфир хабарларынан жиі кездестіресіз. Ана тілінде іркілмей сұхбат беріп,өзі қызмет ететін саланың сан алуан атқарып жатқан жұмыстарын баяндап қана қоймай,өзіндік ұстанымын да өзге тілдегі сөздермен шұбарламай жеткізіп отырған сәтте сіз ол жайлы нағыз қазақы азамат екен деп ойлайсыз.
Еліміз тәуелсіздігін алған шақта енді ғана онжылдықты тәмамдаған арманшыл жастың күні бүгінге дейінгі азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейінгі уақытты алып қарасақ, оның 20 жылы елден жырақта өткен екен.
- Сіздің «Болашақ» бағдарламасының түлегі екеніңізді білемін,Қазақ Мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде оқыдыңыз, жапон тілін таңдауыңызға не себеп болды?
- Қазақстандағы Жапон елшілігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі грант тағайындаған, мен сол арқылы алғаш барып оқып келгенмін 1994 пен 1995 жылдары. Одан кейін шығыстануды бітіріп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Жапонияға бардым, Киото университетіне. 1994 пен 1995 жылға шейін Нанзойн университетінде Нагоя қаласында оқығанмын. Бір жылдық курсы болды,соған Қазақстанның студенттерінің арасынан жапондар өздері іріктеп алып жіберді. Алдымен студент болып ,одан кейін магистратураға бардым, 1996 жылдың күзінен 2000 жылдың сәуір айына дейін 4 жыл.
Бір жарым жылдай уақытым дайындыққа кетті,ол жерде университетке түсу өте қиын болды, Қазақстан мен Жапония арасында қарым-қатынастар дами қоймаған кез болатын.Қазір «Болашақпен» емтихан тапсырғасын автоматты түрде Жапонияға барып ,бір жыл тілін, әрі қарай мамандығыңыз бойынша оқисыз. Ешқандай емтихан тапсырып керегі жоқ.
Менің уақытымда 1996 жылы ондай мүмкіншілік болған жоқ, мен жеке студент ретінде қабылданып,магистратураға түсу үшін бір жылдай дайындық жасадым. Қазақстаннан барған бірінші студент ретінде төрт емтихан тапсырдым,үшеуі экономикадан,бір емтихан жапон тілінен шет тіліне аудару. Бір орынға 4 адамнан келді, солардың арасынан мен өз күшіммен түстім.Магистратурада көбінесе жапон экономикасын зерттедім,соның ішінде олардың өндіріс және қаржы топтарының құрылысы қызықтырды, неге жапондар 30-40 жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жетті деген сұрақтарға жауап іздедім,алдымен жапон экономикасының тарихына үңілдім,жапон экономикасы 60-жылдары көтерілген емес, оның негізі 14-18 жылдарда құрылған екен,соны зерттей отырып, магистрлық қорғаған жұмысым Жапонияның стратегиясы, олардың шикізатты қалай табуы,себебі олардың өнеркәсібі өте жоғары дамыған болып саналады ғой, техникасы мен машина өнеркәсібіне шикізатты қайдан алады, сол маған өте қызықты болды,классикалық үш металл: қола,қорғасын мен мырышты қалай,қай мемлекеттен кіргізіп жатыр, бұл тақырып мен қорғаған 2000 жылдары отыз жылдай ешкім көтермеген,қозғалмаған жабық тақырып болатын.
Сауда компанияларының жұмысы, біздің Қазақстанда оншақты компаниялары бар Мицуби,Мицубиси қайсын алсаңыз да бәрі қаржылық топтардың өкілдері, олардың ішінде жүз компания топ құрады да, ішінде біреуі саудамен айналысады,олардың өндірген өнімдерін сыртқа шығарады, сырттан шикізаттар алып келеді,материалдар әкеледі,жапон экономикасының барлық компанияларын қамтамасыз етеді,бұндай компаниялар тарихқа үңілсек,Оңтүстік Кореяда, сосын Жапонияда ғана бар. Басқа жерде мұндай функциясы кең компаниялар жоқ. Дүниежүзіндегі басқа компаниялардың қызмет ауқымы тар,тек сатумен ғана айналысады. Мен сол жапон компанияларының құрылымын зерттеу арқылы мақалалар жазып,өзімді қызықтырған сан сауалдарға жауап алдым десем де болады.Қазақстан бойынша экономика саласындағы магистратураны Жапонияда алғаш бітірген қазақпын.
- Араға 4 жыл салып,магистрлік дәреже алып, 2000 жылы елге оралдыңыз, алған біліміңіз бен тәжірибеңізді бірден жүзеге асыруға мүмкіндік болды ма?
- Ол уақытта біздің елдің Жапониямен дипломатиялық қарым-қатынастары болғанымен,қазіргідей дамымаған. Ол кезде халықаралық әуежай енді салынып жатқан. Бас директордың көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Ол жоба Жапонияның халықаралық даму банкінің қаржысымен салынған болатын. Осы жобаға қатыстым, жарты жыл өтпей, Президентпен кездесу болған,соған барғанмын,келесі күні мені Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа жіберді,екінші хатшы болып бір жарым жылдай жұмыс істедім, министрлікте екі жақты қарым-қатынас департаментінде,сонда Жапониямен саяси қарым-қатынастар болатын,мен өзім экономист болғандықтан,басқа департаментке ауыстым, өзімнің қалауым бойынша,ол жерден көп нәрсе үйрендім деп айтуыма болады.
Өзіңіз білесіз 2000 жылдардың басында елімізде әлі экономика саласында қиыншылықтар аз емес-тін. Шет елден гранттар сұрайтынбыз, экономика министрлігімен бірге жұмыс істедік «ЖАИКА» деген ұйым бар Жапон халықаралық ассоциациясы, ол грант беретін,сол кезде менің араласқан жобаларым, ол ұйым Нархозды ашқан соған қатыстым, Астанаға 50 шақты жедел жәрдем көліктерін сыйлады, мен сол жобаларды жүзеге асырдым.Солай жүріп жапондардан қалай грант алу керектігін үйрендім.
-Сіз қалайша теміржол саласына қызметке ауыстыңыз,өз қалауыңыз бойынша ма, жоқ әлде кездейсоқтық па?
- Шындығында теміржол саласында жұмыс істеймін деген ойымда болмаған,досым сол салада қызмет істейтін, соның шақыруымен маркетинг бөліміне жұмысқа кірдім. Алдымен, маман болып бастадым,ол кезде бұл бөлім ақпарат жинайтын, біздің мақсат еліміздің экспортерларына жол ашып беру. Белгілі бір шахтадан немесе стансадан шыққан кен, Еуропаға барады десек,ол қай портпен өтуі тиіс, сол кезден бастап мен сол іспен айналыса бастадым, Балтық теңізінің барлық порттарын аралап шықтым, Қара теңізге де, Шығысқа да бардым,сонымен бүкіл логистикалық тізбектерді құрып, экспортерларға ақпарат беретінбіз,теміржол тарифті портқа дейін ғана береді, әрі қарай жаңағы кенді түсіру мен сақтау керек, оны қайта кемеге тиеу керек, соның бәрінің бағасын шығарып беру керек,сол ақпаратпен алдымен мен айналысатынмын, содан контейнерлік тасымалдың болашағы бар деп ойлап,бізде контейнер бөлімін ашқыздым.
Бұрынғы Сыртқы істер министрлігіндегі үйренгендерім бойынша теміржолдың атынан Жапониядан Қазақстанның транзитін дамыту үшін грант сұрап, мамандар қажеттігін жаздым. Қазақстан теміржолында контейнер тасымалы дамымаған,бас аяғы 3-4 мың контейнер ғана бар, металлдардың шикізат түріндегі тасымалы үшін ғана пайдаланылған.
Ақыры,жапондар келісіп, 3 млн доллар берді. Дәл сол кезде Қаржы министрлігі жағынан қарсылық туындады,себебі еліміздің территориясында жұмыс істейтін шетелдік компаниялар немен келсін мейлі баж салығын төлеуі тиіс болатын. Жапондар оған келіспеді, өздері грант бөліп, әрі неге салық төлейміз деп шошыды. Менің осы мәселені шешуге 3 жыл уақытым кетті,бүкіл министрліктерді аралап шықтым десем де болады, Үкімет қаулысын шығартып,барлық министрліктерден өткіздік,ішкі заңның үстінен Президенттің Жарлығы болу керек, соның арқасында Қазақстан мен Жапония арасындағы техникалық көмек ретінде заң шығарып, 3 жылдан кейін Президенттің қол қоюына дейін жетіп, 2006 жылдың аяғында Парламенттен өткізіліп, содан кейін ғана жапондар Қазақстанға келе бастады.
2 жарым жылда 100- ге таяу маман келді, осында отырып, зерттеп, соңында 5 томдық зерттеу дайындап берді, ол комиссия құрамында өзім де болдым. Біздегі басты саясат бір ғана көршінің ығына жығыла бермей,Ақтау портын дамыту болды. Ақтау арқылы Иранға, одан Әзірбайжанға, Кавказға Қара теңізге шығамыз деген оймен Жапондарға арнайы зерттеуде солай жазыңдар деген тапсырма беріп,олар солай жазып берді.
2008 жылы бұл ізденіс толығымен біткенмен,ешкімге керегі болмай қалды,оның себебі теміржол саласында басшылықтар ауысты, қаржылық қиындықтар болды,сөйтіп,менің жанымды салып жасаған жұмысым,үш жыл бойы министрліктерді жағалаған жүгірісім, жапондықтардың зерттеу ізденістері шаңның арасында жатып қалды. Содан «ҚТЖ»ҰК» АҚ Президенті болып А.Мамин келген кезде жаңа жобаларды сұрады,мен осы жобамды ұсындым.Содан бұл жоба одан әрі жетілдіріліп,жүзеге асырылуға мүмкіндік туды.
- Сіздің қызметіңіз одан әрі Қытайда жалғасты,солай емес пе?
- Қазақстан теміржолының «Казтрансервис» деген компаниясы болатын,ол контейнермен айналысатын. Сол компанияның бірінші өкілдігін Қытайда мен аштым,жұмысын ұйымдастырдым,бірінші контейнерлік поездарды шығара бастадық. Синьцзяннан-Үрімшіге кірдік, ол кезде дайын жүк те болмайтын, менің мақсатым сол кезде Синьцзян 1 млн. тоннадай томат пастасын шығаратын, соларды поездарға тиеп жөнелте бастадық, оған дейін кәрістермен жұмыс істедік,уақытылы жүретін поезд шығарып, ол Пусаннан шығып, Леонилган арқылы,біздің Достыққа келіп, Сарыағашқа барып, одан Өзбекстанның Осака деген қаласына тұрақты түрде қатынайтын поезд жүргіздік. Ол поезда өзбектердің жинап жатқан ДЭУ машиналары соның басты жабдықтарын 99 пайыз Кореядан біз таситынбыз, өзбектер зауыт салып алды біздің арқамызда біз құрған логистиканың нәтижесінде.
2006 жылдан бастап Қытайда жаңағы жұмыстар басталды, 2013-ке дейін Қытайда болдық,тағы бір өткел құрдық. Бұрын Достық-Алашонькоу өткелі болатын, 2012 жылдың желтоқсанында екінші өткел қостық Қорғос-Алтынкөл деген. Оған да 1,5- 2 жылдай уақытым кетті.
2013 жылы елге оралдым. Содан «ҚТЖ»ҰК» АҚ көлік логистикасын дамыту орталығы директорының орынбасары болып қызмет атқардым.
Мұндағы жұмысым-жаңағы айтылған негіздемелерді дамыту,қалпына келтіру,жапондар жазып кеткен Құрық портын құрдық,құрғақ порт құрдық Алтынкөлде. Астанада үлкен логистикалық орталық аштық. Сол жобалардың техникалық негіздемесін құру, инвестор тарту, соңғы салтанатына дейін қатыстым.
2016 жылдан бастап,мені Қытайда бастаған жұмысымды жалғастыруға жіберді. Қазіргі менің істеп жатқан жұмыстарым - Вьетнаммен қарым-қатынас құру, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, осы үш мемлекет,болашақта бұған қосылатын Тайланд,Индонезия және Малайзия. Осылай қарым-қатынасты кеңейтетін боламыз.
Біздің «КТЖ-Экспресс» компаниясы басты экспедиторлық компания,соның Гонконгтағы бас директорымын. Гонконгтың өзінен тура жүктер болмаса да,ол портты қала,қаржы орталығы болғандықтан өте ыңғайлы,стратегиялық маңызы бар. Осыған дейін ешқандай қарым-қатынас болмаған мемлекеттермен транспорттық салада жол ашамыз.
- Сіздің мамандығыңыз экономист, бірнеше тілді білесіз,қызмет бабымен шет елдерде 20 жылдай жүрсіз,бірақ ана тіліңізді өзгелер сияқты шұбарламай еркін сөйлейсіз,отбасыңызда балаларыңыз қай тілде сөйлейді?
- Адамның өмірге әкелетін анасы біреу ғана, оның сүтімен дарыған ана тілімізге деген құрмет ерекше болуы керек. Өзім бір ананың үміт күтіп өсірген жалғыз перзентімін. Енді орыс тілін біздің замандастарымыздың бәрі де біледі ғой. Жаңа айттым жапон тілін қалай үйренгенімді, одан кейін ағылшын тілін меңгеру қажет болды,жұмыс бабымен қытай тілін үйрендім. Қазақ,орыс тілдерінен бөлек қалған үш тілде өз салама қатысты мәселелерді шешкен кезде қиналған емеспін. Әрине, транспорт саласындағы өзіндік ойларым мен еліміздің ұстанымын еркін жеткізе аламын. Барлық салада жетік сөйлеу үшін көп үйрену керек. Жиырма жасымда үйлендім, жарым-Эльмираның мамандығы-дәрігер.Екі қызым бар, Алтынай мен Әйгерім.
Отбасым өзіммен бірге 4 жыл Жапонияда тұрды, тұңғышым Алтынайдың тілі сол жақта шықты, 9 жыл менімен бірге Қытайда қасымда болды. Екі қызым да тұрған елдердің тілін жақсы меңгерсе де,отбасында өз ана тілімізде сөйлейді. Ол біздің анамыздың да арқасы. Анам - Рысты Сәкенова, «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет атқарған, сол жерден зейнетке шыққан, ардагер.Менімен бірге жалғыз баласы болғасын үш айдай Жапонияда тұрғанда елді қатты сағынып,тілі,діні бөлек жерде шыдай алмай елге оралатын. Бірақ, мен қызмет атқарған елдердің барлығында болды,немерелерінің туған жері мен тілін ұмытпай жүруін қатты қадағалайтын. Бұл тұрғыда мені жалғыз баласы болса да, маңайынан ұзатпай ұстамай,барлық жағдайда да қасымнан табылып, демеген,бастамаларыма үнемі қолдау көрсеткен анама ризашылығым шексіз.
-Сіз ше,сыртта жүргенде елді сағынасыз ба,сырт көз - сыншы демекші,елге келген кездерде болып жатқан өзгерістерге,өсіп келе жатқан жастарға көңіліңіз тола ма?
- Елді сағынғанда қандай, туған жердің қадірін сыртта жүргендер қатты түсінеді десем артық айтқандық емес. Шет елде жүргенде менің бойымда жауапкершілік екі есе көп. Сенің әр сөзің мен ісің арқылы елің жайлы түсінік қалыптастырасың,қазақ деген халықтың бойында намысы бар, сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ азаматы екеніңді сезіндіріп,бар қабілетің мен қарамыңды,білімің мен білігіңді дәлелдейсің.
Басқа елде жүргенде менің орныма басқа біреу істейді ғой деп өзгеге иек арта алмайсың,мойныңда үлкен жауапкершілік жүгі бар екенін біліп,алға ұмтыласың. Әлемде өркениет көшінде алдыңғы орында тұрған елдерде тұрғаныңмен,олардың озық тәжірибесін үйрену арқылы еліңе қызмет етуің керек, сыртқа шыға сала менің елім неге ондай емес,осындай дамыған елді көре тұрып қалай кетемін,жанға жайлы жерде қалып қойсам деп ойлайтындарға қарап қарным ашады.
Ата-бабамыз «Өзге елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан бол»- деп айтып кеткен жоқ па? Басқа елде тұрып бақытқа жете алмайсың, қайта олардың үлгі боларлық дүниелерін, өз елімізге әкеліп,құр еліктеуден гөрі туған еліңнің сол өркениет көшінде озық елдер қатарына қосылуына күш салғаның дұрыс. Біз өз кезімізде өркениетке жету үшін алдымен орыс тілін үйрендік,одан ағылшын тілін,солай өзімізді шыңдадық. Ал,қазір «Рухани жаңғыру» арқылы Елбасы 100 оқулық жобасын жүзеге асырып,сол өркениеттің озық үлгісін өз ана тілімізге аудартып дайын алдыңа тосып отырған жоқ па?!
Мен соңымнан өсіп келе жатқан жастарға қатты қызығамын. Сыртта жүргенде елдің жаңалықтарына құлақ түремін,ғаламтор арқылы,әлеуметтік желілерде өзіндік ұстанымы қалыптасқан,ұлтына жанашыр жастардың аз еместігін байқаймын. Іштей ақ жол тілеп отырамын.
Қазір баяғыны көксеп, бәрін «ақ білектің күшімен,ақ найзаның ұшымен» шешетін заман емес, өркениет көшінде өзгелермен терезең тең болсын десеңіз, білім мен озық технологияларды меңгеруің,дипломатия арқылы алға жылжуың,басқалардан 2 қадам алда жүруің қажет деп санаймын.
Өмірбаяндық деректер:
Абдур-Рашид Сәкенов.1972 жылы Омбыда дүниеге келген.Алматыда №45 орта мектепті бітірген
Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін тәмәмдаған.
Жапонияда экономика мамандығы бойынша магистратураны бітірген.2000 жылы Астана халықаралық әуежайы бас директорының көмекшісі болып,одан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінде екінші хатшы, «ҚТЖ»ҰК» АҚ маркетинг бөлімінде маман болып бастап, көлік логистикасын дамыту орталығы директорының орынбасары қызметін атқарған.
2016 жылдан бастап Гонконгтта «КТЖ-Экспресс» компаниясының бас директоры. Қазақ,орыс,жапон,ағылшын,қытай тілдерін меңгерген.
Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы