Әр сәрсенбі сайын қазақ елінің тарихында ерекше орны бар бір қала жайлы таныстыратын боламыз. Келешекте сіздің туған қалаңызды көпшілік білсін,оның тарихы,өткені мен бүгіні жайлы мағлұматтарға қанық болсын десеңіз , қолдарыңызда бар мәліметтерді бізге жолдауларыңызға болады. Ал қазір қасиетті рамазан айында алғаш назарларыңызға ұсынылып отырған айдарымызда тарихы терең ,келешегі кемел, жұртшылық екінші Мекке атандырған қасиетті Түркістан қаласы жайлы сіздердің әрқайсыларыңыз білуге тиісті бірнеше деректерді жарияламақпыз.
1 . «Түркістан –екі дүние есігі ғой, Түркістан- ер түріктің бесігі ғой»-деп жырлаған Мағжан Жұмабаев. Түркістанның тарихы тереңде жатыр. 2000 жылы ЮНЕСКО көлемінде 1500 жылдығын атап өтсе де қаланың тарихы тым әріде жатыр деп санайды тарихшылыр.Сонымен, атауының өзі айтып тұрғандай,Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Яссы.
Яссы Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. XII ғасырда әсіресе Қ.А Яссауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған. Қала Хазрет-сұлтан аталған Қожа Ахмет Яссауидің арқасында әлемге әйгілі болған.Мұсылман әлемінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екінші Мекке болып саналады.Әмір Темір бұйрығы бойынша атақты Қожа Ахмет Яссауи мазары үстіне кесене орнатылды. Көптеген тарихи кезеңдерді бастан кешкен бұл кесененің биіктігі 40 метр.
2. Тарихи-мәдени «Әзірет султан» қорық-мұражайының территориясында атақты тұлғалар жерленген. Олар әртүрлі заманда өмір сүрген күллі қазақ халқының игі жақсылары. Кесенеде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тауке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжығалы Бөгенбай, тобықты Мамай т.б. Осыған қарап-ақ, бұл қаланың қасиеттілігіне көзіңіз жетеді.
3. «Түркістанда тай қазан,ойламаңдар жай қазан»- деп әнге арқау болған бұл қазанды әйгілі қолбасшы Әмір Темір 1399 жылдың 25 маусымында арнайы тапсырыспен Қарнақ елді мекенінде құйдыртқан. Қазанды жасаған Ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи. Тарихи тай қазанға қатысты тағы бір дерек: 1935 жылы тайқазанды Эрмитажға Иран шеберлерінің 3 халықаралық конференциясына алып кетіп, тек 1989 жылдың 18 қыркүйегінде ғана Түркістанға қайтарылған. Тайқазан жеті асыл металдың (мырыш,қола,қорғасын,мыс,күміс,темір) қоспасынан құйылған.
4. Өткен ғасырда Түркістан аумағы 1400 гектардай жерді алып жатты. 1903 жылы Түркістанда темір жолы вокзалы салынды. 1908 жылы 3616 үй, 41 мешіт, 2 класты қалалық училище, қыздар училищесі, 1 медресе, 23 мектеп, 2 шіркеу болған. Қала халқы 1910 жылы 15236 адам болған.
5. 1918 жылы 6—9 каңтар аралығында Түркістанда Сырдария облысы қазақтарының съезі өтіп,онда Сырдария облысының Алаш автономиясына қосылу мәселесі қаралған. Сырдария қазақтары Алаш автономиясына қосылған жағдайда Түркістан қаласы Алаш астанасы болады деген шешім кабылданды.
6.Түркістан қаласы 1928 жылдан Түркістан ауданының әкімшілік орталығы. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 170 км. қашықтықта орналасқан. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 9,4 мың шаршы шақырымға жетеді. 2017 жылғы мәліметтерге сүйенсек,қалада 160 мың 530 халық тұрады.
7. Еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласына өткен жылы зиярат етіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалауға 1 090 755 қонақ келген. Оның 18 мыңы шетелдік туристер. Бұл «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жариялаған мәліметтер.Тарихи-мәдени ескерткіштерге «штрих-кодтар» орнатылып,осы «штрих-код» арқылы смартфонның көмегімен туристер тарихи нысан туралы қажетті мағлұматты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде алады.
Келесі сәрсенбіде «Шаһарларға саяхат» айдары тағы бір көне қала тарихымен таныстырмақ.
Қалаға қатысты деректерді жинақтаған : Раушан Бекмырза
Фото: e - history.kz