Сейсенбі күні «Замандас» айдары бойынша алғашқы ұсынылып отырған сұхбатымызда өздері жеке кәсібін ашып қана қоймай, қаншама замандастарына да шарапаты тиген отбасы жайлы таныстырмақпыз.
«Әр нәрсеге асық болғанша,
Бір нәрсеге машық бол»
200 мың теңгемен жеке кәсібін ашып 3 жылдың ішінде 5000 тігіншіні оқытқан – «АяКен» киім және дизайн студиясының директоры Арман Серікұлы Ошманов және авторы Аяужан Ерболатқызы Кенжебек.
Ерлі-зайыпты астаналықтар тігіншілерді еліміздің 9 қаласында даярлайды. Атап айтса, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Орал қалалары. Олардың ішінде франшизамен де сатылған филиалдар бар.
«Шебердің қолы көпке ортақ» дейді, отбасылық кәсіптеріңіз Астанадан басталып қалайша еліміздің облыстарына тарады?
Біздің негізгі мақсатымыз – бойжеткендер мен әйелдер қауымына аз уақыттың ішінде тігіннің қыр-сырын үйрету. Біз бұл салаға алғаш келгендер үшін бірер аптада 5 киімнің түрін пішіп-тігуге болатын бағдарлама ойлап таптық, меңгерілуі тез әрі жеңіл әдісті пайдаландық. Үйренем деушілер көп болды, үйретушілер жоқ еді, сол себепті болар. Сондай-ақ түрлі шеберлік сабақтарын өткіземіз: құрақ-көрпеден, ламбрекеннен, матаға сурет салудан, люневиль ілмегінен, сәукеле тігуден т.б. Сахна жұлдыздарына киім тігеміз, кең ауқымды тапсырыстар қабылдаймыз.
- Көпшілік қазір біреуге емес, өзіне жұмыс жасағысы келеді. Астанада өз бизнесіңді ашу қиын ба?
Жалпы, бизнес ашу еш қиын емес. Егер адам ойланбай, ізденбей, алды-артына қарамай асығып кіріссе, онда әрине қиындықтар туындайды. Бизнеске алдын-ала арнайы кәсіби дайындалу қажет. Нақты мақсаттар қойып, бизнес жоспар құру, маркетинг бойынша жақсы білім алу деген сияқты...
- Сіздерден дизайнерлік пен тігіншілік өнерінің қыр-сырын үйреніп жеке ісін ашқан қанша тігінші бар?
3 жылдың ішінде Қазақстан бойынша 5000-ға жуық түлек бітірді. Бұл істі жеке кәсіпке айналдырған шәкірттеріміз жетерлік, бірақ нақты санын айта алмаймыз. Білуімізше, Ақтау, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Шымкент қалаларында көп.
- Тігін кәсібін зерттеп жүрген мамансыз. Елімізде сапалы мата шығаратын фабрикалар жоқтың қасы. Не себепті деп ойлайсыз?
Себебі мата шығаратын құрылғыны шетелден алады, ал оны сатып алу үшін қыруар қаражат қажет. Шығын ақталмауы мүмкін.
- Киімді Қытайда тіктірген анағұрлым арзанырақ, ал Қазақстанда ше?
Ең басты себеп – жұмыс күші, мата мен мекемені жалға алу немесе сатып алу ол жерде өте арзан, ал біздің елде тым қымбатқа түседі. Сондықтан да қазір Қытай дүниежүзін киіндіріп отыр десек қателеспейтін шығармыз.
- «AYAKEN» ай сайын тігінші кадрларды оқытуын жалғастырып жатыр, республика бойынша филиалдары бар, бұл бизнесті франшизамен сатасыздар, енді алынбаған тағы қандай қамалдар бар, яғни алда қандай жоспарларды іске асырмақшысыздар?
Тігіншілікпен қатар дизайнерлік, сән өнері жайында балалар мен жасөспірімдерге білім береміз. Алдағы үш жылдықта кәсіби тігінші кадрларды тәжірибе жүзінде даярлап шығаратын техникалық колледж ашу жоспарда тұр. Сол бағытта одан әрі дамығымыз келеді. Сонымен қатар биыл не болмаса келер жылы түлектеріміз арасында Астанада үлкен конкурс ұйымдастырамыз.
Кейіпкерлер жайлы ақпарат:
Арман Серікұлы Ошманов – «AYAKEN» киім және дизайн студиясының директоры, коуч, бизнес кеңесші. ШҚО Зайсан ауданында дүниеге келген. Астана тұрғыны. Бизнестегі тәжірибесі 8 жыл.
Аяужан Ерболатқызы Кенжебек – тігінші-дизайнер, «AYAKEN» киім және дизайн студиясының авторы. 2005-2010 жж Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркем сурет факультетінде білім алған. Астана тұрғыны.
Сұхбаттасқан : Мақпал Аманбай