«Айшықты апта» айдарында әдеттегідей ел өміріндегі маңызды мәдени оқиғаларға шолу жасаймыз.
«Өткенді еске алу – болашаққа жол».
Елорданың 20 жылдығына арналған бұл арнайы жобаға еліміздің алты облысынан 30-дан астам музей қатыспақ. Солтүстік Қазақстан облысы «Алаш» қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» тақырыбындағы көрмені таныстырса, Қарағанды аймағы «Ұлытау әлемі» көрмесін ұсынды.
Ұлытау тауы аймағындағы мыңдаған жылдар бойы өткен тарихи оқиғалар көрініс табатын «Ұлытау әлемі» атты жылжымалы көрмесінің басты ерекшелігі - Сары-Арка даласындағы халықтар мәдениетінің жалпы адамзат нышандарын аша отырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткендігін аңыздар арқылы айқындайды. Көркем инсталляция: 4 бөліктерге бөлінген дискіден тұрады. Көрмеде берілген фотоколлажда Әлем Тауы, Ұлытау бейнесі – даланың қасиетті орталығы - Ұлы таулары, Күнге тағзым ету - бұл жердің біртұтас шеңберінде өмір сүріп жатқан халықтың бірлігін білдіретін күнделікті және киелі өмірден түсінік береді. Экспозиция - Байқоңыр, Зынғыр тас, Теректі петроглифтерінің, сондай-ақ аңыз бойынша тарихи тұлғалар мен әулиелер жерленген Ұлытау тауларының, көшпелі мәдениеттің және қазақтардың дәстүрлі өмір сүру бейнесі, Ұлытаудың қазіргі тұрғындарының, сондай ақ қасиетті жерді аралаған қонақтардың фотопрезентациясымен де көрініс табады. Көрме 2018 жылғы маусымның 10 дейін болады.
Астананың 20 жылдығына арналған тағы бір мәдени шараға тоқтала кетсек,жас дарынды әртістер – «Астана Опера» солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары – Назым Сағынтай, Малика Минизини, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Шыңғыс Расылхан жүректі тебірентер нәзік сезім жайлы танымал туындыларды орындайтын болады.
Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Жүректен шыққан махаббат әні» концерті театрдың Камералық залы сахнасында 10 маусым күні өтпек.
Енді шет елдегі еліміздің өнерін паш ететін жаңалықтарға ойыссақ,
Берлинде «Мен, Икар» атты музыкалық спектакльдің тұсаукесері өтті.
Бұл неміс режиссері Аннета Янс пен ақын Оливер Шмерингтің және қазақстандық композитор Санжар Бәйтерековтың бірлескен еңбегі. Осы жобаға қатысу үшін отандасымызды немістер арнайы шақырып, ол спектакльге музыка жазған болатын. Биыл Берлинде Икардың 10 көрсетілімі болмақ. Бұл спектакль Қазақстанда да қойылады деп жоспарланған.
Қазақстандық композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты, пианист Рахат-Би Абдысағин ресейлік өнер сүйер қауымның ілтипатына бөленді.
Ол Санкт-Петербургте концерт беріп,жұртшылық музыканттың өнерін жоғары бағалап, ерекше құрмет көрсетті.
Өңірлердегі жаңалықтар
Қарағанды облысында Бұқар жыраудың туғанына 350 жыл толуына орай «Көмекей әулие» атты деректі-көркем фильм түсіріледі.
Фильмнің продюсері Жәнібек Садықанов. Сценарий авторы журналист Әшімхан Жампейісов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. Картинаның жетекшісі қарағандылық режиссер Қаршыға Игенов. Фильмнің сюжеті Бұқар жыраудың шынайы өмірі мен Қазақ хандығының он сегізінші ғасырындағы өмірін қамтымақ.
QazaqGeography ұлттық қоғамы Назарбаев университетімен бірлесе «Киелі Қазақстан» экспедициясын өткізді.
Ғалымдар тобы Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 6 нысанға зерттеу жүргізген. Олардың қатарында Ақкөлдегі ескі ағаш мешіт пен мазар, Қоңыр Әулие үңгірі, ақын Абай Құнанбаевтың әкесінің мешіті және Қызылкент ғибадатханасы бар. Шара қорытындысы бойынша киелі жерлердің электрондық картасы жасалып, көпшілікке қолжетімді болады. Сондай-ақ алдағы үш жылда 12 нысанға зерттеу жүргізу көзделіп отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай «Бекет батыр» арбаты ресми түрде ашылып, лентасы қиылды.
Арбаттың ұзындығы бір шақырым шамасында. Онда жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылған. Мұндағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Бұдан бөлек, ол жерге 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілді. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылған.
Мәдени шолуға ашық ақпарат көздеріндегі жаңалықтар арқау болды.