Qazir осыдан екі ай бұрын сәрсенбі күні ең алғашқы материалы ретінде «Жырақта жүргендер» айдарында бірнеше тілді меңгерген, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, еліміз бойынша Жапонияда экономика саласында магистратура бітірген алғашқы қазақ,бүгінде Гонконгта «КТЖ-Экспресс» компаниясының бас директоры болып қызмет атқарып жүрген Абдур-Рашид Сәкеновпен сұхбатты ұсынған болатын. Кейіпкеріміздің білімі мен біліктілігі,өзіндік көзқарасы мен жан-жақтылығынан болар,сол күннің өзінде-ақ ең көп көрсетілім санымен оқырмандар ілтипатына ие болды. Біз бүгін Qazir сайтына екі ай толған күні тұңғыш оқырманға жол тартқан айдардың оқырмандар тарапынан ең көп көрсетіліммен топ бастаған төрт кейіпкерінің сұхбатынан үзінді жариялауды жөн санадық..
Абдур-Рашид Сәкенов: Елім мен тілімнің мерейі үстем болса деймін...
Басқа елде жүргенде менің орныма басқа біреу істейді ғой деп өзгеге иек арта алмайсың,мойныңда үлкен жауапкершілік жүгі бар екенін біліп,алға ұмтыласың. Әлемде өркениет көшінде алдыңғы орында тұрған елдерде тұрғаныңмен,олардың озық тәжірибесін үйрену арқылы еліңе қызмет етуің керек, сыртқа шыға сала менің елім неге ондай емес,осындай дамыған елді көре тұрып қалай кетемін,жанға жайлы жерде қалып қойсам деп ойлайтындарға қарап қарным ашады.
Ата-бабамыз «Өзге елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан бол»- деп айтып кеткен жоқ па? Басқа елде тұрып бақытқа жете алмайсың, қайта олардың үлгі боларлық дүниелерін, өз елімізге әкеліп,құр еліктеуден гөрі туған еліңнің сол өркениет көшінде озық елдер қатарына қосылуына күш салғаның дұрыс. Біз өз кезімізде өркениетке жету үшін алдымен орыс тілін үйрендік,одан ағылшын тілін,солай өзімізді шыңдадық. Ал,қазір «Рухани жаңғыру» арқылы Елбасы 100 оқулық жобасын жүзеге асырып,сол өркениеттің озық үлгісін өз ана тілімізге аудартып дайын алдыңа тосып отырған жоқ па?!
Мен соңымнан өсіп келе жатқан жастарға қатты қызығамын. Сыртта жүргенде елдің жаңалықтарына құлақ түремін,ғаламтор арқылы,әлеуметтік желілерде өзіндік ұстанымы қалыптасқан,ұлтына жанашыр жастардың аз еместігін байқаймын. Іштей ақ жол тілеп отырамын.
Қазір баяғыны көксеп, бәрін «ақ білектің күшімен,ақ найзаның ұшымен» шешетін заман емес, өркениет көшінде өзгелермен терезең тең болсын десеңіз, білім мен озық технологияларды меңгеруің,дипломатия арқылы алға жылжуың,басқалардан 2 қадам алда жүруің қажет деп санаймын.
Қанатымен су сепкен қарлығаш қыз
Ресей Федерациясы Омбы облысындағы «Мөлдір» Сібір мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова.
Қазақ тілінің тағдыры Ресей қазақтарының, басқа да шет елдердегі қандастардың арасында, тіпті осы қазақ елінде де әлі шешімін таппаған күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан бұл жайт жүрегі ұлтым деп соққан екі қазақ бас қосқан жерде де жиі көтеріледі. Бірде Еуропадан келген бауырларымыз және осында диаспора мәселесін жан жақты зерттеп жазып жүрген белді журналистермен болған басқосуда осы тіл мәселесі сөз болды. Сонда бір Еуропадан келген ғалым ағамыз «бұл мәселені шешу үшін мына біздің буын кетіп, одан кейінгі жастар қарқынды жұмыс атқаруы керек шығар» деген пікір білдірді. Сонда біз қолымыздан ештеме келмейді деп қарап отыра беруіміз керек пе? Әрине, тіл мәселесін оңалту – инемен құдық қазғандай. Десе де, әркім шама-шарқынша атсалысу керек деп ойлаймын. Омбыда таза қазақтар тұратын ауылдар болғанымен, таза қазақ мектебі деген жоқ. Бірақ, Омбы облысындағы аудандардың 17 мектебінде қазақ тілі пән ретінде жүргізіледі. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана нәрсе. Алайда, өзім басқарып отырған «Мөлдір» мәдени орталығы арқылы қазақ тілін жандандыру жолында жұмыс жасап келеміз. Айталық, орталыққа қазақ тілін білмейтін 5 жастағы бала келеді. Оған тілін бұрап тұрып «Қайда жүрсем Атамекен, Көкейімде жатады екен» деген әнді үйретеміз де, сосын «атамекен» деген не, «көкейімде» деген сөз нені білдіретінін ұғындырамыз. Қазақтың ұлттық биін үйретіп, ұлттық киім киіндіріп сахнаға шығарамыз. Сөйтіп, ән арқылы баланың санасына қазақтың тілін, рухын сіңіруге тырысамыз.
Ал қазақ тілін жақсы сөйлейтінім – біз отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз. Қазақтың ораза ұстау, құрбандық шалу, тұсау кесу деген барлық салт-дәстүрі мен дінін жақсы ұстанамыз. Әжеміз намаз оқитын. Екіншіден, қазақ тілін меңгеруіме кітапты көп оқып, өзімше ізденгенім де көп пайдасын тигізді. Оның үстіне «Мөлдір» атты Сібір мәдени орталығын басқарып, онда қазақ жастарының санасына ұлтының тілін, ділін сіңіру жолында жанталасып жұмыс істеп жүргеннен кейін мен қазақша бұдан да жақсы сөйлеуге міндеттімін деп ойлаймын. Осылайша, Ресейде қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталып тұрады.
Ресей батыры атағын алған қайсар қазақ ,полк командирі,полковник Серік Сұлтанғабиев.
−Үйдегілерді ары-бері үгіттеп, Челябинскідегі танк училищесіне баруға рұқсат сұрадым. Ешқайсысы қарсылық танытпады. Сірә, олар әзер болса емтиханнан «құлап» келіп, ауылда трактор айдар деп ойласа керек. Әкем онда өмірден өтіп кеткен-тұғын. Әпкем Гүлбағи жолыма жүз сом тауып берді. Ең қызығы сол, айым оңынан туып оқуға түсіп кеттім.
−Алдымен Забайкальедегі барлау батальонында, кейінірек Чешенстанда борышымды өтедім. Грозныйды алғаш көргенде төбе шашым тік тұрды. Қирандыға айналған қала, айналамызда тас-талқаны шыққан танктер... Қасыңдағы қандыкөйлек серіктерің оққа ұшқанда аза бойың қаза болады екен. Құдай сақтап, сол қан қасаптың қақ ортасында бірнеше жыл жүрсем де аман-сау қайттым. Одан кейін, Волгоградта әскери қызметімді жалғастырдым. Артынан Мәскеудегі жоғары әскери академияға жіберілдім. Оны бітірген бойда Ішкі істер министрлігі жүйесіне ауыстым. Челябинскідегі арнайы мотополктің штаб бастығы міндетін атқардым. Екатеринбургте батальон командирі болдым. Соңғы қызметім – Лесной қаласында орналасқан Орал аймағындағы ең ірі полктың командирі. Командирге қажетті қасиеттер:- Айналасына абыройлы, ақ жүзді болғаны абзал. Қарамағындағыларды қандай іске баулыса, ең алдымен соның бәрін өзі меңгеріп алуы шарт. Онсыз беделі болмайды. Командир де ұстаз секілді. Шәкірттерінің жүрек отын жаға білуі керек.
Екі ай бойы жарияланған Qazir материалдарының ішінде көш бастап тұрған 3555 оқырман жинаған сұхбат кейіпкері, «Болашақ» бағдарламасының иегері, Жанар Көбекбай: Америкада толассыз білім бұлағымен таныстым.
- Қазіргі Жанарды мен білімге, білуге құштар аш қасқырдай (дұрысы мүмкін құртқа болар) елестетемін. Лос-Анджелесте басқан әр қадамымнан керек дүние алғым келіп тұрады. Әлемдік медианың хабы саналатын бұл "періштелер" қаласы білемін, үйренемін деген адамға басында қырғи қабақ танытқанымен, табандылық көрсетсең, ол да саған бүйрегін бұрады екен. Екінші тоқталғым келетін дүние ол - EQ (emotional intelegence). Эмоциялық интеллект - соңғы бір жылда қызығып оқып, зерттеп жүрген салам. Білімді, ақылды, оқыған адам болу бір бөлек те; стрестік жағдайда өз эмоциясын игеріп, адами қалпынан айнымау, тасы өрге домалап, атақ пен күшке ие болғанда, адамгершілікті ұмытпау екінші бөлек әңгіме. Біздің қоғамда бұл проблеманы кішкентай ауылдағы мектеп директорынан бастап, шенді-шекпенді танымал адамдардан да көріп жүрміз. Ал, енді Америкаға бет бұрыңызшы. Билл Гэйтс, Марк Цукерберг, Опра Уинфри, Эллен Дэдженерес т.б. мультимиллионерлер, мегамагнаттар. Бірақ, соған қарамастан көкірек керіп, атақтан секіріп жатқан біреуі жоқ. Эмоциялық интелектің жоғары болғаны соншалық, адаммен қарым-қатынасты, түсіне білумен, түсіндіре білуді приоритетке қойған жандар. Міне, осы тақырып, осы мысалдар менің АҚШ-та ашқан тағы бір жаңалығым болды. Былай қарасаңыз барлығы айтып жүрген сол бір "қарапайымдылық", "адамгершілік" туралы сынды да, ал практикаға келгенде, сол қасиеттердің де мың құбылмалы түрі барын түсінеді екенсің.
"Сен ешкім емессің"! Осы факторды мақала басындағы сұрақтың үшінші жауабына жатқызайыншы. Менің 18 жасымнан бастап телеарнада жұмыс жасағаным, 19 жасымда Астанаға көшіп, қара шаңырақ Қазақ радиосында жұмыс істегенім, 10 жылдық жұмыс тәжірибемде ТВ, радио, баспаны көріп, нәтижелі еңбек еткенім, алғашқы қазақ тіліндегі жүкті әйелдерге арналған кітап жазып шыққаным, біреуі де жергілікті мамандарды қызықтырмайды. Сен секілді, сенен артық, сенен кем миллиондаған жан "кірпіш болып қаланамын" деп қамданып жүр. Сенде сол көптің бірісің. Өсемін дейсің бе, жаңадан барлығын бастауға даяр бол! Өшемін дейсің бе, өткеніңді айтып, көкірек қағып жүре бер! Өзіме келсем, жиырма тоғызында Жанаржан жаңадан өмір бастады.
Qazir алдағы уақытта да «Жырақта жүргендер» айдарында оқырмандарына мазмұнды сұхбаттар жариялауды жалғастыра бермек.