«17 тамызда АҚШ-қа келгенімізге екі жыл толады. Екі жыл Қазақстандағы бес жылыма пара-пар десем артық айтпағаным. Неге дейсіздер ме? Бірінші, IQ - тұрғысынан бастайын. Ағылшын тілін үйреніп, жетілдіріп, еркін деңгейде меңгере отыра игеріп, иеленбеген, оқып, үйренбеген толассыз білім бұлағымен таныстым. Біздің ТМД аудиториясына жетпеген қаншама кітаптарды түпнұсқасында оқу, әлемнің мен деген мамандарының сұхбаттарын өз дауысында, шынайы эмоциясымен көру, ағылшын тілінде толып жатқан тегін немесе қол жетімді төлем тұратын онлайн курстарды оқып-үйрену мен үшін Америка берген ең бір керемет сыйлардың бірі болды» Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында Qazir жолдаған сауалдарға АҚШ-тан әріптесіміз Жанар Көбекбай жауап береді. Сонымен мұхиттың арғы жағынан жолданған жазбаларды оқи отырып,ой түйіп көріңіздер...
Qazir: Жанар,біз арнайы айдар ашып, алыста білім қуып немесе қызмет атқарып жүрген замандастарымыздың ой-пікірін жариялап жүрміз. Өзіңнен әріптесіміз ретінде өзге елде,яғни Америкада осы жылдар ішінде не аңғардың, көңілге түйген ойларың мен пайымдауларыңды білсек деп едік...
Жанар: Қазіргі Жанарды мен білімге, білуге құштар аш қасқырдай (дұрысы мүмкін құртқа болар) елестетемін. Лос-Анджелесте басқан әр қадамымнан керек дүние алғым келіп тұрады. Әлемдік медианың хабы саналатын бұл "періштелер" қаласы білемін, үйренемін деген адамға басында қырғи қабақ танытқанымен, табандылық көрсетсең, ол да саған бүйрегін бұрады екен. Екінші тоқталғым келетін дүние ол - EQ (emotional intelegence). Эмоциялық интеллект - соңғы бір жылда қызығып оқып, зерттеп жүрген салам. Білімді, ақылды, оқыған адам болу бір бөлек те; стрестік жағдайда өз эмоциясын игеріп, адами қалпынан айнымау, тасы өрге домалап, атақ пен күшке ие болғанда, адамгершілікті ұмытпау екінші бөлек әңгіме. Біздің қоғамда бұл проблеманы кішкентай ауылдағы мектеп директорынан бастап, шенді-шекпенді танымал адамдардан да көріп жүрміз. Ал, енді Америкаға бет бұрыңызшы. Билл Гэйтс, Марк Цукерберг, Опра Уинфри, Эллен Дэдженерес т.б. мультимиллионерлер, мегамагнаттар. Бірақ, соған қарамастан көкірек керіп, атақтан секіріп жатқан біреуі жоқ. Эмоциялық интелектің жоғары болғаны соншалық, адаммен қарым-қатынасты, түсіне білумен, түсіндіре білуді приоритетке қойған жандар. Міне, осы тақырып, осы мысалдар менің АҚШ-та ашқан тағы бір жаңалығым болды. Былай қарасаңыз барлығы айтып жүрген сол бір "қарапайымдылық", "адамгершілік" туралы сынды да, ал практикаға келгенде, сол қасиеттердің де мың құбылмалы түрі барын түсінеді екенсің.
"Сен ешкім емессің"! Осы факторды мақала басындағы сұрақтың үшінші жауабына жатқызайыншы. Менің 18 жасымнан бастап телеарнада жұмыс жасағаным, 19 жасымда Астанаға көшіп, қара шаңырақ Қазақ радиосында жұмыс істегенім, 10 жылдық жұмыс тәжірибемде ТВ, радио, баспаны көріп, нәтижелі еңбек еткенім, алғашқы қазақ тіліндегі жүкті әйелдерге арналған кітап жазып шыққаным, біреуі де жергілікті мамандарды қызықтырмайды. Сен секілді, сенен артық, сенен кем миллиондаған жан "кірпіш болып қаланамын" деп қамданып жүр. Сенде сол көптің бірісің. Өсемін дейсің бе, жаңадан барлығын бастауға даяр бол! Өшемін дейсің бе, өткеніңді айтып, көкірек қағып жүре бер! Өзіме келсем, жиырма тоғызында Жанаржан жаңадан өмір бастады.
Qazir: Мұхиттың арғы жағында жүрген Жанар туған жерін сағына ма?
Жанар: Елге деген сағынышым сөзбен айтып жеткізе алмайтын дәрежеге жетті. Үйде қыздарымды қорқытып алмас үшін, көз жасымды көрсетпеймін. Менің бар эмоциямды, көз жасымды, өкіріп жылағынымды көріп келе жатқан темір тұлпар - көлігім. Жарықтық шыдап жүр. МузАрт, Айқын Төлепберген, Ғаділбек Жанай сынды әншілеріміздің әнің бар дауысымен қосамын да, солармен бірге қосылып шырқап, жылап, өксігімді басып аламын машина айдап келе жатқанда. Бір қызығы, елде жүргенде қазақ эстрадасын аса тыңдамайтынмын. "Асфальтта өскен" қала қызы болғасын ба менің плэй листым шет елдік, одан қалды Ресейлік әншілерге тола еді. Ал, мында инстинктік деңгейде тамырыңды, шыққан жеріңмен байланысыңды іздей бастайды екенсің. Қазір есіме түсіп отыр, жолдасым Сапардың жақын досы АҚШтан Магистратура бітіріп келгенде, "елді сағынғаным соншалық Абайдың барлық қара сөздерін тыңдап шықтым" дегенде, маған тым пафос, өтірік сынды болып көрінген. Енді қазір өзім, Хәкім Абайдың қара сөздерін, домбыраның коңыр үнін естісем, бір жаным жай тауып, рахаттанып қаламын. Америкада сұлтан боласың, қал десе де, Қазақстаныма барып ұлтан болатыным ақиқат.
АҚШтан үйренетініміз де, жиренетіміз де бар. Бірақ, мынау жақсы, мынау жаман деп мен тұжырым жасамай-ақ қояйын. Себебі, маған ұнаған дүние, өзге үшін ерсі болып көрінуі мүмкін ғой. Бірінші айтарым, мұндағы халық қалтасына қарай көсіліп үйренген. Шамасы жетеді ме, қымбат дүние жинап, қымбат киініп, ұлан-асыр той жасайды. Орта деңгейлі адам ба, жанар-жағар майды аз жейтін көлікке мініп, той-томалақты да өз деңгейінде атап өтеді. Біздікі секілді "жұрттан қаламыз ба" деп несие алып, атақ үшін түсініксіз тірлік жасап жатқан бір жан жоқ. Бұған бір себеп, қоғамның көзқарасы да болар. АҚШта адамды статусына, қызметіне, бай-кедейлігіне, нәсіліне, наным-сеніміне қарай бөліп-жару мүлдем жоқ. Соның бір ұшқынын байқаса, сізді түтеп жеуге даяр. Қазақстанда аты бар да, заты жоқ "тепе-теңдік" мұнда табиғи процесс ретінде жүйеге қойылған. Екінші айтып өтетін дүние менің ойымша "сөз бостандығы". Біз АҚШтың "қызық" кезеңіне тап болдық.
2016 жылдың 8 қарашасынан бастап мен нағыз демократия не екеніне көзім жетті. Дональд Трамп президент болған алғашқы таңнан бастап, бүгінгі күнге дейін Америка халқына таң қалып келемін. Неткен еркіндік: телеарна көрсетіп, радио айтып, интернет жазып, Ақ үйдегі тірліктер жөнінде кітап шығып жатыр. Жоғарғы Сот Президенттің шешімін қабыл алмай, қайтарып жіберу, журналистер турасынан талай сұрақты қою, тікелей эфирде әлем саясаткерлерімен президенттің шешімдерін талқылап, күл-талқаның шығару мен үшін шынайы демократияның келбетіндей көрінеді. Бірақ, осы еркіндіктің теріс тұсы "бір жынысты" жұптардың тым ерсі қылықтарында да ма деп ойлаймын. Егер де мен жергілікті басылымға сұхбат бергенде, мына пікірімді ешқашан айтпас едім, себебі мені ертең қоғам "халық жауы" етіп шығарады. Бұрынғы президент Обама осы бір нәсілді отбасы туралы Заңға қол қойып та, өзіне абырой, атақ жинады емес пе. Оның қасында қарсы пікірімді айтатын мен кім едім. Бірақ, екі баланың анасы ретінде мен қыздарымның осындай ортада өскенінен қорқамын. Қос жыныстылардың көп шоғырланған жерінен, оларды өмір сүретін ауданынан аулақ болуға тырысамыз. Себебі қыздарым "мама, ұл мен ұл неге құшақтасып отыр? Анау қыз мына қызды неге сүйеді?" деген сұрақтар қойса, мен қалай түсіндіріп, не айтарымды әлі білмеймін. Ең сорақысы, сол демократияны қоғамның барлық саласы қолдайды, насихаттайды. Кино индустриясы бақытты жұптар туралы туынды шығарып жатса, киім брендтері солардың белгісімен, түрлі-түсті суреттерімен киім үлгілерін нарыққа сатуда. Екі жыл ішінде АҚШтың талай жаңа дүниесін қабылдап, өз қалпымызға бейімдеп үлгердік, бірақ мына жайт біздің адамдық болмысымызға мүлдем жат. Он қайнаса да, сорпасы қосылмайды деп осы жағдайда айтса керек.
Qazir: Бірер күнде Астананың 20 жылдығы тойланбақ,өзің де бір кезде елордасына кішкентай Жанар болып арман арқалап келіп едің...
Жанар: Астана...Мен үшін армандар орындалатын мекен болды. 19 жасар Жанарды құшағын ашып қарсы алып, төрінен орын берген Астанама алғысым шексіз. 2007 жылы егер Базаркүл Сейітжанқызы мен Гүлмира Әлібекқызы мені қара шаңырақ Қазақ радиосының «Астана» редакциясына(ол кезде Алматыдағы Қазақ радиосының үш сағатына «Астана» радиосының журналистері жауапты болып,хабар дайындайтын) жұмысқа алмаған да, мүмкін бүгінгі Жанардың тағдыры мүлдем басқаша болар ма еді. Сол үшін осы екі жанға алғысым шексіз. "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасында жұмыс тәжірибемді бастағанда, журналистиканың әліппесін үйренген едім, ал Қазақ радиосының «Астана» редакциясына келіп, Қызылордада тек жаңалықтардан, бағдарламалардан көріп жүрген Алаштың аты танымал азаматтарынан, ақын-жазушыларынан, министр мен өзге де шенді қызметкерлерден сұхбат алу мен үшін бақыттың бір формасы болды. Базаркүл апайым сеніп тапсырған "Кім жазықты?" хабары талай жанның мәселесін шешіп, ел бойынша Қазақ радиосындағы ең рейтингі жоғары бағдарламаның бірі болып, маған бірнеше республикалық байқаулардың бас жүлдесін алып берген құтты жоба болған еді. Алла бере салған ұжымым туралы айтпай кете алмаймын. Шетінен тіс қаққан, тәжірибелі мамандар бола тұра, мені "сұр көжек" деп еркелетіп, білімімен бөлісіп, үлкен журналистикаға жол сілтеген жандарға алғысым шексіз. Сол бір Астананың суығына үйрене алмай, көз жасымды сығып алатын шақта менің екінші отбасым бола білді бұл ұжымым. Кейінен, ұзату тойымды да бастан-аяқ атқарып беріп, әдемі тілектерімен жаңа отауға шығарып салған да осы ұжымым. Базаркүл апайым мен Гүлмира апайым бастаған, Амангелді ағай, Мұқаш ағай, Қанат ағай, Алмас ағай, Совет ағай, Ұлағат, Досымжан мен Бақтияр, Жанар апай мен Зейнет, Жанетта, Сымбаттар қостаған жандарға осы сұхбатты пайдалана отыра мың алғыс айтқым келеді. Астанада "сұр көжек" деп шақыратын жан бар да, бала Жанардың Қазақ радиосы мен елорданың үні болған «Астана» радиосындағы сол бір дәуреніне деген махаббаты ешқашан сөнбейді. Астана амбициялы азаматтарды жақсы көретін қала дер едім. Өзіме келсем, Қазақ радиосы мен «Астана» радиосы, Республикалық бірнеше арналар, сүйіктімді кездестіру, отбасын құру, ана атану, кітап жазып, шығару, "Болашақ" Халықаралық стипендиясын иелену, шет елде оқу міне осы тізімнің барлығы Алланың қалауымен жан жүрегім- Астанада орындалды. Туған күніңмен, сүйікті қалам!!!
Qazir: Енді білім іздеп мұхит асқан Жанар өз мақсатының қай сатысында тұр?
Жанар: АҚШтағы алғашқы жылдары USC (University of Southern California) тілдік курсын оқыдым. Бұл университетті таңдаған басты себебім, communication management мамандығы бойынша әлем бойынша 1-орынды алады. Тілдік курсты ойдағыдай аяқтап, барлық ЖОО-на қажетті емтихандарды жоғары баллға тапсырдым. Жоспар бойынша 2018 жылдың күзінде магистратурамды бастауым қажет болатын, бірақ бір отбасында екі жанның бір мезгілде оқуы мүмкін емес екенін түсіндік. Жолдасым Сапар 2018дың басында "Болашақ" бағдарламасымен George Washington University -де магистратурасын бастаған болатын, содан үйдің бетін көрмеу, күндіз-түні кітапханада жүріп, алғашқы семестрін жақсы бітірді. Егерде менде оқуымды қазір бастасам, екі қызымызға бас-көз болып, олардың оқуы мен тәрбиесіне мән беретін жан қалмайды. Сол себепті, кезекпен оқуды шештік.
Qazir: Жолдаған сауалдарымызға жауап берген әріптесіміз Жанар Көбекбайға биік мақсаттарына қол жеткізуіне тілектеспіз. Арманың аласармасын, Жанар!