«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін бірер күннен соң 20 жылдық мерекесі тойланатын еліміздің жүрегі,тәуелсіздік тірегі- Астана қаласы жайлы сыр шертеміз.
1. Алғашқы таңдау немесе елордасының қалыптасу шежіресінен.
Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылғы 20 қазанда « Ақмола қаласын ҚР астанасы деп жариялау туралы» жарлық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығына 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап ие болды.
1998 жылдың 6 мамырында Президент Н.Назарбаев «Ақмола қаласының ҚР астанасы- Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жаңа астананы әлемге таныстыру- ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілді.
2. Астана-бейбітшілік пен жасампаздық қаласы.
1999 жылдың шілде айында елорда ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды.
2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚ- тің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып табылатын астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассамблеясына (ХҚА) мүше болды.
2003 жылы Қазақстан елордасы әлемдік Moody’s Investors Service рейтингтік агенттігінің нұсқауынша әлемнің үздік 30 қаласының тізіміне енді .
3. Астана қаласы жайлы кейбір мәліметтер:
Құрылған жылы – 1832 ж.
1961 жылға дейін – Ақмола қаласы деп аталды.
1961 жылдан бастап 1992 жылға дейін – Целиноград қаласы деп аталды.
1993 жылдан бастап 1998 жылға дейін – қайта Ақмола болып өзгертілді.
1998 жылғы 6 мамырдағы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
4. Астана жайлы тарихи деректер не дейді?
Елбасы өзінің бір еңбегінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы екенін жазған. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қала. өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал ХІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.
5. Елорданың символы- «Астана-Бәйтерек» монументалды ғимараты.
Монументтік ғимарат «Астана-Бәйтерек» Президент резиденциясының бас осінде Үкіметтің жаңа аумағы алдында орналасқан. Монумент Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен салынды. Монумент биіктігі – 97 м., бұл мемлекеттің жаңа астанасының жарияланған жылын сәйкесінше, ел тарихын санаудың жаңа нүктесін білдіреді.
6. Астана еліміздегі миллионан асатын халқы бар үш қаланың қатарында.
Астана қаласы әлемге танылған қалалардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Сонымен қатар шаһар халқының да саны арта бастады. 2017 жылдың басында қаламызда халық саны 972 693 болса, осы жылдың 1 қарашадағы мәлімет бойынша 1 026 181 адам. Осы аралықта халық өсімі 53 489 адамға көбейген.Бұған дейін бас қаламызда үш аудан болса,биыл оның қатарына тағы бір аудан қосылды. Сонымен елорданың аудандары:Алматы,Байқоңыр,Есіл,Сарыарқа.
7. Қазақстандағы ең үлкен саябақта да Астанада орналасқан.Ол 76,9 га жерді алып жатқан Президент саябағы.
Астанада орналасқан «Министрліктер үйі» нысанының жалпы аумағы шамамен 2 шақырым.
Салынып жатқан «Абу Даби Плаза» кешенінің орталық нысаны биіктігі 388 метр,яғни 88 қабат болатын мұнара-ғимарат,оның айналасында біріккен бірнеше ғимарат бой көтеруде.Бұл кешен биіктігі жөнінен әлемдегі 14- ғимарат болады деп жоспарланған.
Енді екі күннен кейін 20 жылдық мерекесін тойлайтын елордамыз жайлы айтылар әңгіме де,қызықты деректер де өте көп.Астана тәуелсіз еліміздің өз қалауымен таңдалған тұңғыш елордасы.
Астана - Президентіміздің төл перзенті,айқын қолтаңбасы,әлем назарын тіккен алаштың бақ ордасы!
Ашық ақпарат көздерінен мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырза.