«Сәкеңнің білімпаздығы ұлт, әлем әдебиетін жақсы білгені көп оқығыштығы бізге де әсер етпей қалмады. Әдеби талғамымның қалыптасуына игі әсер етті. Үйіндегі иін тірескен кітапқа аса бір самарқау болмасаң, өзің де қол созасың ғой. Таза классикалық көркем, әдеби туындыларды таңдап оқуды үйретті. Журналистік қызметіме тежеу болмады. Мен өзімнің сүйікті мамандығыммен отыз жыл баспасөзде журналист болып істеп шыққаным, бір жағы, Сәкеңнің де арқасы деп ойлаймын»
Бүгінгі «Ұлттың тірегі-дәстүр» айдарында белгілі әдебиет сыншысы, көрнекті қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың жары, журналист, аудармашы, танымал жазушы Шәрбану Бейсеновамен сұхбатқа сыйластықтарына сызат түсірмей, сәулелі ғұмыр кешкен қос қаламгердің рухани әлемі мен отбасылық құндылықтар жайлы естеліктері арқау болған.
«ЖЫЛАҒАНДЫ ЖҰБАТА БІЛУШІ ЕДІ...»
(Біз білмейтін Сағат жайлы сыр)
–Қазіргі жастар сыншы Сағат Әшімбаевтың артында калған мол рухани мұраларын оқып, тағылымын алып жүргенімен, оның жеке басы, мінезі, әдеттері жайлы көп біле бермейді. Бүгінгі әңгімемізге оның мінез табиғатын, адами болмысын өзек етіп өрсек. Алдымен кашан, қалай танысқандарыңыздан бастап әңгімелесеңіз?
–Алғаш рет қалай танысқанымыз әлі күнге дейін есімде. Университетте сабақ жаңа басталған кез еді. Университеттің бас корпусында (Бөгенбай көшесі, 136) оқитынбыз. Жатақханамыз Никольский базарының қасында. Сабақтан шығып, Қарасай батыр көшесіне түсіп алып, жаяулап тартатынбыз. Бір күні касымда бірге оқитын құрбым – Сара Латиева бар, екеуміз университеттен қайтып келе жатқанбыз. Соңымыздан өрімдей жас, сылыңғыр қара торы екі жігіт қуып жетгі. Лекциядан алған алғашқы әсерімізді сұрап, сөзге тартып қояр емес. Өздері суырылған сөзшең, әңгімешіл-ақ. Сөйтсек, бұлар да біздің факультетте, тек басқа топта оқитын жігіттер болып шықты. Әр нәрсені сөз етісіп, жатақханаға дейін бірге келдік. Бір жатақханада тұрады екенбіз. Таныстығымыз осылай басталды. Бұлар – бүгінгі белгілі ақын, Жазушылар одағы баскармасының бұрынғы Төрағасы Нұрлан Оразалин мен Сағат ағаң болатын. Ол уақытта журналистика филология факультетінің бір бөлімі еді. Лекцияны көп пәндерден бірге тыңдайтынбыз. Келесі жылы журналистика жеке факультет болып бөлініп шықты. Алайда, көп пәндерді бұрынғысынша бірге оқып жүрдік. Кейде сабаққа бірге барамыз, кейде сабақтан бірге қайтамыз. Сәкең сол кездің өзінде-ақ жанындағы адамды зеріктірмейтін әңгімешіл еді.
Біздің топтағы жігіттердің көбі өндірісте жұмыс жасап, өмір көріп, әскери міндетін өтеп келген ересек жігіттер болатын. Сол жылы мектеп бітіріп келгендер көбіне бірге жүруге тырысатынбыз. Соның ішінде Жарасқан Әбдірашев. Айтқали Нұрғалиев, Нұрлан, Сағат ағаларың бар, бәріміз тез достасып кеттік...
Жатақханамыз "Целинный" кинотеатрының дәл қасында тұрған соң ба, әлде студенттің жұқалтаң қалтасының мүмкіндігі солай ма, Сәкең жігіт шағында бізді киноға жиі шақырғыш еді. Кешкі сеанстарға баратынбыз. Сол әдеті әдет болып кетті. Үйленгеннен кейін де экранда жүре бастаған айтулы фильмдерді құр жібермейтінбіз. Біздің студенттік шағымызда әдебиеттегі классикалық шығармалар бірінен кейін бірі экранға шығып жатқан кез еді. Л .Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, А.Чеховтың туындылары бойынша түсірілген фильмдерді, тағы басқа киноэпопеяларды Сәкеңмен бірге көргенім көкірегімде әлі де сәуле шашып тұрғандай. Фильмнен шыққан соң, кинотеатрдың іргесіндегі саябақта ұзақ қыдыратынбыз. Кинофильмнен алған әсерімізді сөз етісіп, сырласып қаншама кешті бірге өткіздік десеңізші... Менің Сара құрбым театр өнерінің жанкүйері болатын.
– Сәке, бізді киноға шақыра бергенше, театрға да бір апарсаңшы, – дейтін кейде базына етіп.
– Киімнің кезегінде өзіміз-ақ тұрайық. Қайту да уайым болып па, азар болса жаяу келерміз. Жүрмей жүрген жер емес қой, – дейтін Сара да уәж тауып.
Біз содан соң театрга да жиі баратын болдық. Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұловтай өнер тарландарының ойынын көріп калдық. Мәскеуден, Санкт-Петербургтен гастрольге келген үлкен театрлардың қойылымдарына да жиі барғанымыз әлі есімде. Соның ішінде айта қалғандайы – Санкт-Петербургтің академиялық үлкен драма театры қойған "Король Генрих IV" спектаклін Сәкеңмен бірге барып көрген едім. Ол қойылымда орыстың С.Юрский, О.Стржельчик, Е.Копелян сынды атақты актерлерінің ойынын тамашалаған болатынбыз. Мәскеу театрларының ішінде М.Ульянов пен Ю.Борисованың ойынын, Таганка театрының гастролінде В.Высоцкийдің ойынын сахнадан көргенім есіме түсіп отыр. Сәкең осы гастрольдік спектакльдердің кейбіріне кезінде газеттерге пікір де жазған болатын. Біздің жасымыз осылай білімге, өнерге деген құлшынысқа толы жылдар еді ғой...
– Бір шаңырақ астында қос қаламгердің ұшырасуы сирек кездесетін жәйт. Сіздің рухани әлеміңізге жұбайыңыздың тигізген әсері жөнінде не айтар едіңіз?
– Сәкеңнің менің өмірімде алатын орнына баға жетпейді. Маңдайыма осындай азаматпен қысқа да болса, жарқын ғұмыр кешу жазғанына Тәңірге мңн қайтара алғыс айтамын. Төртінші курста жүргенде үйлендік.
Шаңырак құрғаннан кейін де оның ізденгіш қасиеті артпаса кемімеді. Ол өнер-білімге өте құштар еді ғой. Сол құштарлық бір сәт тағат таптырмайтын. Университеттегі ұстаздарынан алған білімін ары қарай өз бетімен дамыта білді. Көп оқитын еді. Кітапханаға жиі баратын, кітап дүкендерін жиі аралайтын. Ерекше кітапқұмар жан болды. Жақсы кітап кездессе, калтасьшдағы соңғы тиын-тебені болса да соған жұмсайтын. Ол күні табалдырықтан аттағанда:
– Мамасы, мен балаларыңа бір тамаша кітап әкелдім, – деп қуанып кіретін. Қуанса, бар жанымен ақтарыла қуанушы еді. Тірнектеп жүріп үлкен кітапхана жиды. Кейде өзі: "Кейін балалар ғылыммен шұғылданып жатса, бір емес бірнеше докторлық диссертация қорғауға кажетті кітаптар бар, – деуші еді. Құдайға шүкір, әзірге доктор бола қоймаса да, балаларының ішінен кандидаттык қорғағаны бар.
Сәкеңнің білімпаздығы ұлт, әлем әдебиетін жақсы білгені көп оқығыштығы бізге де әсер етпей қалмады. Әдеби талғамымның қалыптасуына игі әсер етті. Үйіндегі иін тірескен кітапқа аса бір самарқау болмасаң, өзің де қол созасың ғой. Таза классикалық көркем, әдеби туындыларды таңдап оқуды үйретті. Журналистік қызметіме тежеу болмады. Мен өзімнің сүйікті мамандығыммен отыз жыл баспасөзде журналист болып істеп шыққаным, бір жағы, Сәкеңнің де арқасы деп ойлаймын.
– Сағат аға жайлы алдыңғы толқыннан аңызға пара-пар әңгімелер естіп қаламыз. Ол кісінің өзіне тән мінезі, әдеттері жайлы білгіміз келеді.
– Сәкеңнін мінезінде оқыс жайттар көп болатын. Түрлі жиындарда, кітап дүкенінде, жолда әлдекіммен ұшырасып, әңгімелері үйлессе, міндетгі түрде үйге ертіп келетін. Әңгімелерін ары қарай үйде жалғастыратын Сәкеңнің осы сыры өзіме мәлім, қашан, кімді ертіп келсе де ұялмайтындай болуға дағдыландым. Берекелі дастархан жаюға әрдайым дайын отыратынмын. Әрі қонақ келгенді өзім де ұнататынмын. Өйткені, келген кісімен бірге Сәкеңнің әңгімесін тыңдау маған да қызық.
Сәкең адамдарды керемет жұбата білуші еді. Өмірден қағажу көргендер, жапа шеккендер, әлдекімдерде есесі кеткендер Сәкеңді төңіректейтін. Ол солардың бәріне жылы сөз тауып айтып, жұбатып қобалжыған көңілдерін жайландыратын. Рухы жасып, иықтары түсіп келгендерді керемет қанаттандырып жіберетіндей көрінуші еді сонда маған. Сәкеңнің бойында табиғи жарқын, жасампаздық қуат басым еді. Өзі жақсылыққа, ізгілікке қатты сенетін оптимист жан болды ғой. Онымен әңгімелескен адам жігерін жанып, қажыр-қайратын бойына жиып, серпіліп қалатындай.
Сәкең көпшіл еді ғой. Оның достары да көп болатын. Достарының ауқымы да қызық: әр жастағы, әр саладағы, ой-өрісінің дәреже-деңгейі әр түрлі адамдармен достаса білетін. Содан да болар адамдар оған тартылып, үйіріліп тұрушы еді.
– Сағат ағаның сүйікті асы қандай еді?
– Иә, алғашқы үйленген жылдары ағаларыңның сүйікті асын жасап бере алмаған да кездерім болған.Сәкеңнің ауылы мен біздің ауылдың дастархан мәзірінде аздаған өзгерістер барын кейіннен бағамдадым. Біздің жақта тұшпара – жиі дайындалатын ас. Жасасам Сәкең онша сүйсініп жей қоймайды. Дәмі, тұзы қалыпты сияқты. Несі ұнамай қалды екен деп ойлаймын. Сөйтсем, олар жақта тұшпараның орнына манты жақсы жүреді екен. Манты жасасам, мақтап-мақтап, соғып алатын болды. Сәкеңнің елінде тағы бір нан жаркөп, орама нан деген жұғымды жеңіл астар бар. Сәкең соларды да ұнатушы еді.
Сәкеңнің тағы бір қызық әдеті айлық алған күндері балаларға тәтті-дәмдіні үйіп-төгіп молынан алып келетін. Соның арасында міндетті түрде пряник болушы еді. Біздің буынның бала кезінде көрген, ең көп таралған тәттісі – осы пряник еді ғой. Сірә, Сәкеңнің де бала жастан жеген ең сүйіктісі болса керек. Пряник қазір де ара-тұра сатып алып жүремін. Ол менің есіме үнемі Сәкеңді түсіреді. Сәкең барда біздің дастарханнан үзілмеуші еді.
– Ол кісінің қандай өнерге бейімділігі болды? Қандай әндерді, билерді жақсы көретін?
– Жасыратыны жоқ, Сәкеңнің домбыра тартып, ән салуға онша бейімділігі болған жоқ. Өнерді сүйетін, қадірлейтін. Балет өнерінің эстетикалық әсерін ерекше санайтын. Ол жастайынан би кештеріне барып, билеуді де құнт санамаған адам. Тойларда Сәкеңмен билеген Фаузия, Күләш, Жұмажан, Мәрияш секілді құрбы келіншектер:
“Осы Сәкеңмен билесең, билегеніңнен бұрын, аяғыңды таптап, зықыңды шығарады”, – дейтін қалжыңдап. – “Мына күйеуіңе би үйретіп қоймайсың ба?» – Бірақ, Сәкең би өнерін меңгермеген күйі өмірден кетті. Әндердің ішінен халық әні “Бір баланы” сүйіп тыңдайтын. Әншілерден Роза Рымбаеваның орындауындағы әндерін тыңдағанды ұнататын. Сырт жұрттықтардан София Ротарудың әндерін, сахнадағы сүйкімділігін жақтыратын.
– Сағат аға сізге қандай сыйлықтар тарту етуші еді?
– Сәкең әртүрлі іссапарға көп шыққан адам ғой. Мәскеуге, шет елдерге жиі барып тұрды. Сол жақтардан оралғанда құр қол келмейтін. Балаларға базарлық, маған деп бірнәрселер ала келетін. Ол сыйлықтары кейде сәтті, кейде сәтсіз алынған зат та болып шығатын. Дегенмен “жақсы екен”,– деп сыр білдірмейтінмін. Бірде сөз арасында: “Ешқандай қателеспейтін, ең оңтайлы сыйлық – француз әтірі”, деп айтсам керек. Сәкең одан кейін барған жағынан тек француз әтірін әкеліп беретін болды. Сөйтіп, Сәкеңнің арқасында Алматыда үнемі ұшыраса бермейтін әтірдің небір жақсыларын жағындым. Соның бәрін, бүгінде маған, кейін айта жүрсін деп жасағандай-ақ көрінеді...
– Сағат аға балаларының тәрбиесімен айналыса алды ма? Сабақтарын қадағалаушы ма еді?
– Сәкең аса балажан болатын. Әсіресе қыз балаларды өте-мөте жақсы көруші еді. Балаларының тәрбиесін қадағалап отыратын. Сенбі-жексенбіде, бір уақыт қолы босай қалса, балаларды ертіп тауға, табиғатқа шығып келетін. Балалармен бірге кинотеатрларға киноға баратын, әртүрлі сурет көрмелеріне апаратын. Балалардың бірі жасөспірім кезінде сурет салумен айналысқан. Сәкең ерінбей Мәскеуден мольберт көтеріп келіп еді. Кейіннен әйтеуір сурет салуын қойып кетті. Қазір немерелерінің бірі суретпен айналысады. Тәңірім талабын қолдаса екен деп тілеймін.
– Ол кісінің мінезінде оқыс жайлар көп болушы еді деп қалдыңыз. Тұрмыстағы бір тосын мінезін айтып бермес пе екенсіз?
– Бір оқиға есіме түсіп отыр. Ара-тұра Сәкеңнің еліне барып тұрамыз ғой. Көбіне жиын-тойларға, науқандарға барамыз. Көпшілік жиналған жерде әртүрлі адамдар ұшырасады. Сәкең бала кезінде әжесінің бауырында өскен ғой. Қарт апалар: “Жеңешеміздің баласы келіпті ғой. Жеңешеміздің көзі ғой”, – деп жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, Сәкеңнің бетінен сүйіп жатады. Әжесінің көзін көрген абысын- ажындарын кездестіріп, ол да мәз болып қалады. Бір жолы сондай кісілердің арасында Сәкеңнің кіндік шешесі ұшырасты. Сонда Сәкең маған: “Ана апама, мына апама әкелген шайыңмен көйлек-орамалың бар емес пе? Бермейсің бе?” – дегені алқақотан жұрттың көзінше.
“Жоқ еді” – деп қалай айтарсың.
Абырой болғанда туған-туысқа деп алып шыққан сәлем-сауқаттың әлі тарап кетпегені бар еді. Содан бөліп әжелерге лайықтысын беріп, Сәкеңді де, апаларын да әйтеуір разы қылдым-ау. Осы оқиғадан кейін елге жиналатын болсақ, шәй мен орамалды молынан алып шығатын болдым. Барғаннан кейін бәрінің де орны табылатын. Қазір апалардың да қатары сиреген. Санаулы-ақ қалды. Сәкең болмаса да елге бара қалсам, Күлдехан, Жібекен аналарға шайымды алып, сәлем беруге кіріп шығамын. Разы болып қалады, баталарын береді. Жалпы үлкен адамға сәлемнен, ақ пейілден басқа ешнәрсе де керек емес қой.
Біздің Сәкең, міне, осындай болатын...
Сұхбаттасқан Заря Жұманова
Фото: egemen.kz