«Сиқырлы әлем» айдарында өзін киноман деп есептейтін әрбір көрермен білуге тиіс, қызықты терминдерді ұсынбақшымыз. Бізбен бірге кино сөздігіне көз жүгіртейік:
Блокбастер – көпшілікке өте танымал және ең кассалық фильмдер.
Сиквел – түсірілген кино картинаның жалғасы, екінші бөлімі.
Триквел – түсірілген фильмнің үшінші бөлімі. Триквел арқылы үш бөлімнен тұратын фильм «трилогия» пайда болады.
Приквел – фильмнің бірінші бөліміне дейін болған оқиғаны баяндайды. Мысалға, «Хоббит» (2012 жылғы) кинотрилогиясы – «Властелин колец» (2001 жылғы) фильмінің бірінші бөліміне дейін болған оқиғаларды көрсететін приквел.
Спин-офф – қосалқы кейіпкерлер жөнінде түсірілген фильм. Мысалы, «Шрек 2» (2004 жылғы) мультфильміндегі етік киген мысық туралы «Кот в сапогах» (2011 жылғы) отбасылық мультфильмі.
Гэг – фильм бойы қайталанатын көңілді әзіл. Мысалға, «Пираты Карибского моря» фильмінің барлық бөлімінде Джек Воробей оның капитан екенін ұмытқан адамдарға «Капитан!» деп үнемі түзетіп жүреді.
Ремейк – бұрын түсірілген фильмнің жаңа нұсқасы. Әдетте, режиссер сюжетіне өзгерістер енгізбейді, бірақ екінші фильмге басқа актерлер алынады. Ремейк фильмдер: «Сабрина», «Одиннадцать друзей Оушена», «Отступники», «Вспомнить все» т.б.
Байопик – біреудің өмірбаяны туралы фильм. Мысалы, танымал джаз әншісі Рэй Чарльздың өмірі туралы «Рэй» фильм, Марк Цукерберг туралы «Социальная сеть» фильмі немесе Әміре Қашаубаевтың өнері суреттелген «Әміре» фильмі (2018 жылы шықты, басты рөлде Санжар Мәдиев).
Спойлер – кинотеатрлардан көрсетілетін фильмнің сюжеті туралы уақытынан бұрын жарияланған ақпарат. Мысалға, қазақстандық «Брат или брак» комедиясы енді ғана кинотеатрлардан көрсетілген кезде, біреулер YouTube желісіне фильмді толығымен жүктеп қойған.
Би-муви – «В» санатындағы фильм, яғни аз қаражатқа түсірілген.
Камео – танымал тұлғалардың эпизодтық рөлі. Мысалы, 2005 жылы шыққан «Гол!» трилогиясында атақты футбол жұлдыздарын көруге болады.
Мақпал Аманбай