Бірнеше тарихи аңызға арқау болған, халық арасында «Әулие мола» деп құрметтелген Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан Жұбан ана кесенесі жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Жұбан ана күмбезі (Жуан әулие күмбезі) – Жаңаарқа ауданындағы 189-разъезден солтүстік-шығысқа қарай 2 км жердегі Сарысу өзенінің оң жағасындағы төбешікте ХІ ғасырда орнатылған архитектуралық ескерткіш. 1940 жылға дейін жақсы сақталған күмбездің жартысы құлап, ортасына түскеннен кейін жергілікті халық кірпіштерін пайдаланған.
Жұбан Ана кесенесінің сәулеті бірегей болып табылады, оны құрған шебер абсолюттік түрде нақты инженерлік есептерді талап ететін күрделі құрылыс амалдарын пайдаланған. Күмбезді-орталық тас, бір камералы құрылыс, ішінде жарты шар тәріздес және сыртқы шатырлық күмбездері бар құрылыс кесенеге сәулетті түр беріп, құрылыстың төзімділігін қамтамасыз етеді. Іргетасы биіктігі шамамен 50 см құрайтын тас тақталарынан салынған, ішінен алебастрлы ерітіндісімен сыланған. Кесене салынған кезінде өлшемі 27х27х6 см құрайтын кірпіш қолданылған, барлық кірпіште іс жүзінде геометриялық фигурасы мен бірыңғай өлшемі бар. Бұл сол кездегі құрылыс материалдарының өндірісінің дамыған мәдениетін дәлелдейді.
Күмбезі мен барабаны күйдірілген кірпіштен салынған. Төрттіктен сегіздікке өтетін жері ғимарат бұрыштарында доғалық желкендерін орнату арқылы жасалған, ал сегіздіктен 16-қырлысына және күмбез шеңберіне дейін кірпіш консольдері арқылы жасалған. Күйген кірпіш ғимарат ішінде бес доғалық желкендерінің деңгейінен бастап қолданылған. Бүкіл қалау арнайы балшық ерітіндісінен жасалынған, оны дайындау құпиясы жоғалтылған, бірақ бұл өте мықты материал болғаны сөзсіз, ауа райының қиын жағдайларына қарамастан, сол қалау біздің уақытымызға дейін жетіп, жақсы сақталынған.
Кесенеге кіру есігі сүйір доғаның түрінде жасалған және оңтүстік-шығысқа бағытталған. Ескерткіштің негізгі салмақ түсетін құрылымы күйген және өңделмеген кірпіштен жасалынған, оның үш қабатты жүйесі бар.
Жұбан Ана кесенесі жайындағы алғашқы жазба дерегі 1762 жылы жарияланған П.И. Рычковтың «Топография Оренбургская» еңбегінде табылған. Айта кететін жайт, П.И. Рычков Орталық Қазақстанда ешқашан болмай, ескерткішке сипаттамасын берді. Оның сипаттамасы біздің уақытымызға дейін жетпеген дерекнамалар бойынша берілген.
Тұнғыш болып жобаны түсірген және кесенені сурет етіп салған 1863 ж. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды деген мәлімет бар. 1946 жылы кесенені Қаз КСР Ғылымы академиясының Орталық-Қазақстандық археологиялық экспедициясы ( Ә.Х. Марғұлан) зерттеген. 1974 ж. Қаз КСР Министрлігінің экспедициясы ескерткішті өлшеп, сурет фиксациясын жасаған. Жұбан ана кесенесіне қатысты бірнеше тарихи аңыз бар. Біріншіден бұл кесене орта ғасырдан «Әулие мола» ретінде құрметтелген.
Тарихи аңыз желісінде Алтын орда дәуірінде Сарысу өзені бойында Талмас ата өмір сүрген екен. Талмас атаның Желмая түйесі болса керек. Алғаш күні түнегенде Жұбан анаға тоқтап, сонан соң Сарысуды бойлай Болған ана, Белең аналарға сәлем береді. Желмая түйесі Жетіқоңыр құмын, Сарысуды жағалағанда желдей есіп отырады екен. Әулие кесенені халық кейінгі уақытқа дейін қастерлеп келді. Бұл жерге жолаушы басына қонып, әйел заты құдайдан бала сұрап зиярат етуге келіп отырған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
фото: ашық ақпарат көзінен.