Таяуда Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданына қарайтын Жантеке ауылының 90 жылдығына арналған үлкен мәдени шара болып өтті. Күннен күнге ырысы молайып, берекесі артқан бүгінгі Жантекені осыдан оншақты жыл бұрынғы тұралап қалған ауылдардың бірі еді деуге ауызың бармайтындай. Өйткені, заман талабына бейімделе алған көзі ашық, көкірегі ояу жандардың шаруашылық жүргізудегі жемісті еңбектері, ауылда жұмыс орындарының ашылуына себеп болса, сол арқылы ел адамдарының да еңбекпен қамтылуына мүмкіндік берілді. Ауылда дәл осы күні, Жантекенің 90 жылдығы салтанатына орайластырылған тағы бір маңызды мәдени шара өтті. Онда, осы ауылда туған, балалық шағы осы жерде өткен журналист-жазушы, ақын Смағұл Рахымбекке өзі оқыған білім қарашаңырағы Қызыл Ту орта мектебінде ақын атындағы қазақ тілі және әдебиет кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Елдегі осы бір айтулы оқиғаға ақынның жерлестері, оның талантын бағалаушы оқырмандары, ағайындары мен дос-жарандары және отбасы мүшелері қатысты. Сөз зергерінің нәзік жүрегінің соғуын тоқтатқанына екі жылдан сәл астам уақыт өтсе де, халық сүйікті ақынының бейнесін, оның ұстанымы мен жүріп өткен шығармашылық жолдарын ұмытпапты.
Ақын атындағы қазақ тілі және әдебиет кабинеті салтанатты жағдайда ашылып, байрақ түстес көк лентаны қиған ауыл ақсақалы, Смағұл Рахымбектің жақын ағасы Жеңіс Жанаев ақсақал: «Ол мектепте оқып жүрген кезінде сабаққа тым зерек болатын. Қай ұлттың баласымен достасса, сол ұлттың тілін тез меңгеріп, солардың тілінде еркін сөйлеп кете беретін. Смағұлдың достарының қатарында қазақ та, орыс пен украин да, татар мен неміс те, тіпті Кавказдан жер аударылған шешен-ұңғыш ұлтының балалары болатын. Бала күнгі құлын-тайдай тебісіп жүріп үйренген сол достарының тілінде бертінге дейін еркін сөйлесіп жүруші еді. Міне, бойына біткен осындай таланты оны айтулы ақын, үлкен жазушы деңгейіне көтерді» десе, ақынның тағы бір ағасы Қазбек Масабаев та Смағұл інісінің жас күнінен өлең шығарумен әуестенгенін айтады. Қолына қалам тисе сөз құрастыра бастайтын інісінің келешекте ақын болатынына кәміл сенгенін айтқан Қазбек ақсақал Смағұл туралы, ол туа біткен дарыны мен үлкен ізденістің, тынымсыз еңбегінің арқасында ғана осындай дәрежеге көтерілгенін қызықты етіп айтты. Қызыл Ту орта мектебінің жоғары сыныбында оқып жүргенде ел ішіндегі айтулы оқиғалар мен ел құлағын елең еткізер елеулі жаңалықтарды аудандық "Шамшырақ нұры" газетінің тілшілерінен бұрын оқырман қауымына жеткізіп беруші еді. Өзіндік стилі бар жас талантты газет басшылығы мектеп бітірісімен өздерінің қатарына тартып ала қойыпты. Қазбек ақсақалдың айтуынша Смағұл ағамыз мұнда да көп қызмет атқармапты, өйткені ойы жылдам, қаламы қарымды жас журналисті Целиноград облыстық теле-радио комитетінің сол кездегі бас редакторы Нөгербек Мағзұмов ауданға келген жұмыс сапарының бірінде байқап қалған көрінеді. Содан облыс және комитет басшылығына өтініші мен ұсынысын қатар жаза жүріп, ақыры жас журналисті облыстық телерадио комитетіне қызметке ауыстырыпты. Болашақ журналист-жазушы, аудармашы, ақын Смағұл Рахымбековтің шығармашылық саладағы сан қырлары осы жерде ашылып, осында жүріп шыңдалғанын, асқан бір сағынышпен, жүрегі елжірей отырып баян етті.
Қос қариядан кейін сөйлеген ағайындардың барлығы да Смағұл Рахымбектің артында өшпес мұрасындай болып қалған, еш уақытта ескірмейтін және ұмытылмайтын өнегелі істері жайында тебірене әңгімеледі. Осындайда еске түседі екен, бірде Смағұл ағаның маған «Мен бала боп өмірімде бір рет те бұзақылық жасамадым, есейіп ешкімнің ала жібін аттамадым» дегені бар еді. Сонда «неге?» деген маған, ол «мен атадан қалған жалғыз тұяқпын, берісі жаман атым шығып жатса, әрісі істі болып әулетімізді масқаралап жатсам, бар сенгені мен болған әке-шешемнің күні не болмақ? Үкілеген үмітін өшірген жалғызының масқарасына олардың жаны шыдай алар ма екен? Әй, қайдам. Ал қазір қиянат жасасам немесе біреудің ала жібін аттасам, наласы Айбегіме тиіп кете ме деп, Құдайдан қатты қорқам!» деген еді. Көрдіңіздер ме, әке-шешесінің бір күндік таза абыройын жеке басының күмәнді рахатынан мың есе жоғары қойған, текті ұлдың тұнық сөзі осындай болса керек. Бұл, Смағұл ағаның имандай шыны және қоспасыз айтқан ақиқаты. Құдайдан қорқу күнә емес, ол ізгі ниетті, адал жүректі кез келген мұсылманның басты міндеті. Смағұл аға атындағы қазақ тілі және әдебиет кабинетінің ашылуына қатысып, ақын рухымен қауышуға жиналғандардың әр сөзінен ауылдан шыққан ерекше талант иесінің шығармашылығымен қоса адамгершілікке тәрбиелейтін, ізгілікке жетелейтін, ар биігіне бастайтын оқшау ойлары мен түйінді сөздерін байқау қиын емес еді.
Кездесудің екінші жартысында ақынның өзі өмірден өткесін жарық көрген, Смағұл ағаның сүйікті жары Әлия жеңгеміз бен ұл-қыздарының тынымсыз төккен терінің арқасында шыққан «Жырларым менің сөйлесін» атты кітабынан туған жер, адамгершілік, достар жайлы жазылған өлеңдері оқылды. Ойын қуған ауыл балалары бола тұра, бір күндік қызықтарын қиып,ақын жырларын мәнерлеп оқуға құлшыныс білдірген жеткіншектер Смағұл ағаларының шығармашылығын шын сыйлайтындар болып шықты.
Ал, мұндай балалар Жантеке ауылында аз емес. Ақын атындағы салтанатты жағдайда ашылған қазақ тілі және әдебиет кабинеті әлі-ақ, ауылдан шыққан талай жас талант иелерінің жүрегіндегі поэзия ұшқынына дем беріп, оның оттай лаулауына жол ашатынына сеніміміз зор. Смағұл Рахымбек атындағы кабинет болашақ қалам тербеп, сөз құрастырушы зергерлердің ұстаханасы секілді әсер етеді екен. Келешекте осы ауылдан жерлес ағаларының жолын қуып, соған ұқсағысы келген талай тарландардың топ жарып шығары сөзсіз.
Берден Қабылов, журналист.