«Шаһарларға саяхат» айдары бүгін сіздерге Алматы облысына қарасты Текелі қаласының өткені мен бүгіні жайлы таныстыратын мәліметтерді ұсынады.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһардың іргесі 1911 жылы қаланған.1927 жылы кент атанса, 1952 жылдан Алматы облысына қарайтын қала әрі теміржол стансасы. Шаһардың алаңы 6133 га немесе 0,1 мың ш.ш, Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 ш және Алматы қаласынан шығысқа қарай 285 ш қашықтықта орналасқан, олармен теміржол және автомобиль жолдарымен байланысады
2. Шаһардың өткен тарихынан. Ресми деректер бойынша, 1933 жылы инженер-геологтар М. Юдичев пен М.Қаділбековтің зерттеу-барлау жұмыстарының нәтижесінде Текелі өзені оң жағалауынан мырыш,күміс,кадмий,германий кендері табылған. 1937 жылы Текелі қорғасын-мырыш басқарамасының құрылысы басталса,1942 жылы қорғасын-мырыш комбинаты құрылған.
3. Қаладағы халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік мекемелер. Текеліде жалғыз кәсіптік техникалық колледж бар. Ол 1971 жылы ашылған. Алғашында Текелі кен-байыту комбинаты үшін мамандар даярлаған оқу орны бүгінде аймақтың экономикалық дамуын қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие жұмысшы мамандарын даярлап келеді. Сонымен қатар 8 мектеп,1 балалар шығармашылығы орталығы, 2 кітапхана, мемлекеттік тілді оқыту орталығы, 1 қалалық аурухана мен емхана,42 спорт ғимараты бар.
4. Шаһардағы ескерткіштер. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы ерлік көрсеткен майдангерлер құрметіне арналып Данқ монументі ашылды. Ол Қора, Шажа, Текелі атты үш өзенінің қиылысында тұрған Жетісудың маржаны Қаратал өзенінің әдемі де жасыл желекті жағасында орналаскан. Сондай-ақ,археологиялық ескерткіш ретінде тіркеуге ұсынылған объект Текелі қаласының аумағында «Көне Будда бейнеленген тас» деп аталады. Бұл жеке тұрған табиғи тас, салмағы 3 тоннадан артық, биіктігі 3 метр. Текелі стеласы қалаға кірер қақпаның сол жағына және Қонаев көшесінің басталар тұсына орналасқан, ол 1960 жылдардың соңында тұрғызылған. Тіреу қойылған белдемшеге металдан жасалған әріптермен «Текелі» атауы жазылған.
5. Қала кәсіпорындары. Текелі қаласында 26 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Алматы облысы бойынша моноқалалар тізіміне енген қаланың дамуына серпін беріп тұрған кәсіпорындар қатары жыл сайын артып келеді.
«Текелі кенді қайта өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаланың экономикалық, әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратын кәсіпорын, онда байытылған шойын құймалары ішкі нарықта, сонымен бірге Қытай мен Ресейге сатылуда. Қазір мұнда 970 адам еңбек етеді. Екінші домна пеші іске қосылғанда жұмысшылардың саны 1200-ге дейін артады деп жоспарланған.
6. Текелінің табиғи байлықтары. Географиялық құрылымы жағынан Текелі-Көксу кентасты алаңында орналасқандықтан,мұнда пирит,сфалерит,галенит сияқты минералдар бар. Мырыш,қорғасын,күміс,алтын,висмут,кадмий,ванадий,скандий,платина тобындағы металдарға бай өңір.
7. Қаланың қазіргі тіршілік тынысы. Моноқалалар тізіміндегі Текеліге өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңге бөлінген.Қала тұрғындарының саны 32 мыңнан асады.Текелі қаласы өзінің орналасуына сәйкес, Жетісу өңірінде туризмді дамыту жөніндегі орталықтардың бірі болып саналады. Шаһар Жоңғар Алатауы мұздығынан бастау алатын Қора, Шажа және Текелі өзендерінің қосылған жерінде орналасқандықтан, аталған өзендердің бассейні ауқымдары бойынша үлкен, ал ландшафтының сұлулығы мен әр түрлілігі бойынша еліміздің басқа өңірлерінен ерекше. Текелі қаласында туризмді дамыту үшін 8 объекті, оның ішінде 5 – қонақ үй, 1 – профилакторий-шипажайы, 1 – қонақ жай және 1 – сауықтыру лагері халыққа қызмет көрсетеді.
Интернеттегі ашық көздердегі мәліметтерді топтастырған : Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.