Азаматтық позициясы белсенді, жас болса да бағындырған белестері бар, білдей бір облыс еріктілерінің қозғалысын үйлестіру ісімен қызметін қатар алып жүрген жігіт Оразәли Сәрсенов QAZIR-мен болған сұхбатта қайырлы іс, қоғамдық өмірдегі жастардың белсенділігі және жалындаған жастық шағының қызықты оқиғаларымен бөлісті.
QAZIR: Қайырлы күн, Оразәли! Жастардың азаматтық позициясы мен қоғамдағы саяси, әлеуметтік белсенділігі жайында өзіңмен бұған дейін де көп әңгімелесіп жүрміз. Жанымызда жүрген жақсы адамдар жайлы айта жүргізіміз келеді. Былтыр Башқұртстан елінің М.Ақмолла атындағы мемлекеттік Университетін аяқтап, «Экология және табиғат ресурстарын оңтайлы пайдалану» тақырыбында ғылыми жұмысыңды абыроймен қорғап, тиісті бағасын алдың. Оның алдында, 2015 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық Институтын тәмамдап, «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» маманы болып шықтың, қоғаған дипломдық жұмысыңның тақырыбы «Еріктілік - жастарды адамгершілік-рухани дамыту құралы болды. Өзің белсенді еріктісің. Еріктілердің қоғамда атқарып жүрген қайырымдылық қызметін ғылыми тұрғыдан да біраз талқылап жүрсің. Ғылым мен еріктіліктің байланысы қандай сонда? Жалпы қайырымдылыққа көзқарасың қалай қалыптасуы керек?
Оразәли: Қайырлы күн, QAZIR-дің оқырмандарына, жастарға және жалпы жұршылыққа жалынды сәлем. Негізінен қайырымдылықты адамзат қоғам игілігі үшін атқаратын қызметтен бөле жарып қарамайық. Себебі еріктілердің қызметі еркін түрде, ортақ игіліктерге бағытталған әрекет. Менің қызығушылығымды оятқан бірнеше жайт бар. Тіпті қайсымыздың да қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауымыздың өзі игі іс, ғылыми тұрғыдан сарқылатын табиғат ресурстарын сақтап қалу жолдарын іздестіру қызықтырды, бұл өңіріміздегі Ертіс өзенінің ахуалына қатысты зерттеу жұмысым болатын. Студенттік кезден-ақ ПМПИ еріктілер орталығында белсенді мүше болып, өзімнің азаматтық позициямды адамдық борыштарымды атқаруға кірістім. Борыш деген менің түсінігімде өзіміз өмір сүріп отырған осы кезеңде, ынтымақтастық пен іскерліктің гүлденген дәуірінде адами, ресурстық, қаражаттық, қызметтік мүмкіндіктердің барлығын қоғам игілігіне жұмсау. Болар бала он бесінде бас болады демей ме дана халқымыз, атқарып жүрген азды-көпті жұмыстың нәтижесі бағаланып, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ф.Ш.Қуанғановтың қолынан 2015 жылы алғыс хат алдым. 2016 жылы «Нұр Отан» партиясына мүше болып кірдім, 2017 жылы Павлодар облысының әкімінің орынбасары М.М.Бегентаев, биыл «Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ басшысы Н.Нефедова алғыстарын тағайындап, бір марқайтты. Бұл маған мотивация берген, құлшынысымды қыздыра түскен қызықты сәттер еді. 2014 жылдан бастап «Жас толқын-Павлодар» жастар ұйымын басқардым, ол арқылы «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне еріктілер дайындаумен айналыстық. 2013 жылы, шатыспасам, Павлодарда химия-билогия бағытындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысы басталды, студенттерден жасақталған құрылыс отрядының құрамында жүріп оған да қатыстым, Павлодар облыстық сайлау алды штабында еңбектеніп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатын алдым. Сол жылдан бері Павлодар облысы әкімінің жанындағы жастар саясаты және патриоттық тәрбие беру Кеңесінің мүшесі болып сайландым. Заманымыздың көркі жастар, ал жастардың көркі еңбек пен ізденіс. Осы ұстанымның ұтымдылығын насихаттау, әркімнің өмірінің сапасын жақсартуға жасалған титтей қадамның қаншама жеміс беретінін көпшілікке көрсету үшін трибуналардан тұрып, жалаң сөз бен жалған ұранға ешкімді ерте алмайсың. Іспен дәлелдеу керек. Бұл тұрғыда мен бірнеше жыл қатарынан республикалық «Жасыл ел» еңбек отрядының Павлодар қаласы штабына командир болу арқылы атқарған қызметімді атап айта аламын.Сөйтіп жүргенде «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалының орталық аппаратының қоғаммен жұмыс жөніндегі қызметкері болып қалдым. Қазір саясат пен билік, қоғам үшін өзекті мәселелердің шешімін ұсынып, еліміздің еңсесінің биік болуы жолында қызмет етудемін. Қызметтің де сапалы болуы керек, сондықтан күн сайын, сағат сайын, сәт сайын өзіме есеп беріп, ең үздік тәжірибелерді меңгеруге ұмтыламын.
QAZIR: Оразәли, жігітке жеті өнер де аз. Сені керемет «снайпер» дейді ғой, дизайнерлік жұмыстарыңды көргендер креативіңде шек жоқ деп тамсанады. Павлодар облысы бойынша «100 жаңа есім» жобасының үздігі екенсің. Ол жайында не айтасың?
Оразәли: Азаматтың адамгершілік борышы, ата-ана жүктеген аманаты болады. Отан алдындағы әскери борышты өтеу патриот жігітке жай таптыра ма, оны да өтегенше асықтым. 2016 жылы Қазақстан Республикасының қорғаныс Министрлігінің «Жоғарғы техникалық мектебінде» оқу-жаттығудан өтіп, «атқыш» атанып шыққанша взвод командирі болып та үлгіргенім рас. Автоматты түрде, әр азаматтың айтпай-ақ орындайтын борышы болған соң тоқтала қоймадым. Халық қаһарманы, КСРО батыры, ҚР алғашқы қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы төсбелгі тағындым. Бұның барлығы шарықтау шегі, шың емес, бұл кезең ғана. Бағындырамын деп ұмтыла берсең көкжиектен көріне беретін белестер көп. Бозбала шақта қызықтайтын, еліктейтін дүние көп қой, сол кезде түрлі мерекелік агенттіктерде дизайнер болып, тиын-тебен тапқан кезім де болды.
QAZIR: Биыл тағы да оқуға түсіпсің. М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ«Халықаралық құқық» мамандығы бойынша білім алмақсың. Сен өмір бойы студент болып өтесің бе?
Оразәли: Қанша өмір сүрсек сонша оқып, үйренуден, білім қуып, ілім жинаудан жалықпау керек қой. Оның үстіне оқуымның бәрі гранттан бұйырды. Бұл менің ұстаздарымның еңбегі. Еңбекке, ізденімпаздыққа баулып, құштарландыра білді. Біздің заман жастарының бір мамандықты меңгеріп, бір қызметті атқаруы алысқа апармайды. Жан-жақты, жоғары қабілетті,эрудициясы мықты, машығы зор болуымыз керек. Оның үстіне жігіттің жауапкершілігінің қай жаннан болмасын жоғары болу шарт. Бойыма бұл қасиетті сіңдіріп, сүрінгің келмесе сенімдерге кірбің келтірмейтін, адал азамат бол деп үйреткен ата-анамның тәрбиесі. Ерікті ретінде «Жасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» ММ жұмыс атқарып жүргенімде тәрбиенің тұлғаның базалық құндылықтарының қалыптасудағы тіреуі екендігін анық ұқтым. Кейіннен мен осындай отрядқа басшылық етіп қалдым. Өзімдей жастардың жан күйзелістерінен, қол бостықтан, бас-көздің жоқтығынан, тапшылықтан таулары шағылып, түрлі тәртіп бұзушылыққа, қылмысқа баратындықтары тыныш таптырмай қойды. Тастап кете алмадым. Осы қозғалыстың басталуына ұйытқы болған ПМПИ кітапхана желісінің жеткшісі Н.А.Колодинаның басшылығымен зерттеу мақаласын әзірлеп, құзырлы органдармен бірлесе отырып біраз жұмыс атқардық. Нәтижесін статистика сандарынан аңғаруымызға болады. Сол кезде кураторым, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Б.Байсейітованың басқаруымен еріктілер қызметі туралы тақырыпты дипломдық зерттеуім үшін таңдап алдық. Ол кісілерге алғысым зор.
QAZIR: Ой, бәрекелді, Оразәли! Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы деген бар. Білімге құштарлық қалай сарқылмайды, қызметке адалдық қайдан, ізденіс қалай тоқтаусыз?
Оразәли: Ізденіс – алға жетелейді, ілгері болғың келсе жалғыз-ақ шарт бар, ізден! Ал қалғаны құндылықтарға байланысты қалыптасады, ортаға пайдалы болуға өзгеріс енгізу, адал қызмет арқылы адамдардың көзқарастарының позитивті қалыптасуына ықпалдасу - қорыта келгенде бұның барлығы адамның міндеті емес, өмір сүру салтына айналса жеміс береді.
QAZIR: Ал сен үшін құндылықтар қандай?
Оразәли:сыйластық, әлеуметтік маңыздылық, өзіңнен кейін қалатын естелік қалыптастыру.
QAZIR: Жастығыңа қарамастан арқалаған аманат-жүгің бар, жігерің сарқылмасын, Оразәли! QAZIR-дің қалған сұрақтары қысқа да нұсқа.
QAZIR: Бойыңда қандай жасырын талант бар?
Оразәли: Таң қалдыратын талант жоқ, тек еркін күрестен бірнеше республикалық сайыстардан да жүлдегер атанғаным болмаса.
QAZIR: Ең қызықты естелік...
Оразәли: ...қызығы мен шыжығы қатар жүретін жалған ғой. Әттеген-ай деген кез де, шіркін-ай деген сәттер де жетерлік. Уфаға келгенбіз, оқуға түскен соң, қасымда курстастар бар. Сырттай оқудың жоқтығын башқұрт еліне барғанда бірақ білдік, грантты тапсырып үйге қайт немесе бейтаныс елге келген беті оқуға қал деген таңдау болды, компромисске келетін жағдай жоқ. Содан Павлодардан келген жігіт кешке дейін уфалық профессорды күтіп, тапсырма алды: бір семестр бойы оқитын бағдарламаны бір айда басын қайтарып, бойлай алсаң «дистанционно» оқуыңа рұқсат беремін деді. Негізгі кәсіби пәндердің барлығын бір ай ішінде конспектілеп, халықаралық журналдарға шағын зерттеу мақалаларын жазып, жариялап, сынақтарын кезектен тыс тестілерін тапсырып шықтым. Ал ең алғашқы саналы түрде тоқыған естелік, есіктен бауырымның кіріп келгені. Сол кезде ғана мен адамзат пен ғаламат алдында атқаратын міндеттерімнің түрлі кейіпте екенін жүрегіме есіттім. Мен перзентпін, ағамын, құрдас-доспын, оқушымын және өзіне оқытушымын, біреуге сырлас, біреуге мұңдаспын, шәкіртпін, маманмын, қызметкермін. Сан алуан болса да барлығы бір менің борышым.
QAZIR: Қандай кемшілігің бар?
Оразәли: Мен кітап оқысам сағыздай созылып кетеді. Буклеттің өзін барынша зерттеп, түрлі ақпарат көздерін ақтарып, салыстырып оқимын да, аяғы айларға созылып кетеді.
QAZIR: Өмірлік ұстанымың қандай?
Оразәли: «Финишке» келгенде артыңа қарайған сәтте «мынаны жасамай кеттім» деген өкініштің болмауы керек.
QAZIR: Бақытқа бөлейді...
Оразәли: ...мен балаларды қатты жақсы көремін, үйге келгенде аға-әпкелердің жағалай жүгіріп шыққан кішкентайлары бақытты етеді.
QAZIR: Өзіңнің кішкентайларың қашан болмақ?
Оразәли: Қатарластарымның барлығына дерлігі үйленіп, отбасын құрып, шаңырақ көтеріп кетті. Мен үйленуді үйреніп алайын, алдымен, содан соң бір сұлу кездестірейін. Бұл тұрғыдан да ізденісім жалғасып жатыр.
QAZIR: Сен жолдайтын үндеу...
Оразәли:қас қағым сәттен де өмірдің рахатын сезін.
QAZIR: Маған жетіспейді...
Оразәли: ...негізі бәрі де жеткілікті мөлшерде бұйырған, өмірдің осы үзігінде, дәл қазір жаңа эмоцияларға сусап жүрмін.
QAZIR: Ең керемет күн...
Оразәли: ...бүгін.
QAZIR: Неге?
Оразәли: ... көзіңді ашып ояндың, демек, қателікті түзетуге, олқылықтың орнын толтыруға, кемшілікті түзетуге болады.
QAZIR: Ең керемет сәт...
Оразәли: ...қазір.
Әңгімелескен Жәннат Манасбайқызы