Өздеріңізге белгілі Қазақстанның жалпыұлттық, өңірлік қасиетті орындарының тізімі мен тарихы қос жинаққа топтастырылып оқырманға жол тартқан болатын. Бұдан былай туған жерінің қасиетті өңірлерінің тарихы қызықтырса осы екі кітаптан білуге толық мүмкіндік бар. «Қазақстанның жалпыұлттық нысандары» атты басылым үш тілде мың данамен жарық көріп,оған 185 киелі мекеннің арғы-бергі тарихы кірген.
Qazir «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы мен бірлескен жобасы ретінде айына екі рет «Көне дүние күмбірі» айдары арқылы оқырмандарын ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық, ортағасырлық қала орталықтары, діни және ғибадат орындары, тұлғалар мен саяси, тарихи оқиғаларға қатысты бес топқа жіктелген нысандарды таныстыруды мақсат етіп отыр.
Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері
Үш жүздің басын қосқан,татулықтың тал бесігі атанған, Сарыарқа даласындағы қазақ баласы үшін қасиетті мекен саналатын –Ұлытау жерінен жалпыұлттық нысандар қатарына енген ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері және олардың кітапта берілген қысқаша тарихымен таныс болыңыздар.
Ұлытау, Әулиетау (Ақмешіт) шыңы, Едіге шыңы, Алтын шоқы
Ұлытау – Қазақстанның тарихи һәм географиялық орталығы, ежелгі қоныс, ескі жұрт. Еуразия құрлығындағы мәдениет тарихында ерекше орын алатын аймақ. Бұл ұлы мекен Қарағанды облысындағы Торғай қолатының оңтүстік-шығысы мен Бетпақдаланың солтүстік бөлігін алып жатыр. Ұлытау тауы – тек қана батыс Сарыарқаның ең биік нүктесі емес, сонымен қатар оның «кіндігі», барлық жаратылыс бастау алатын тамыр, «әлем орталығы». Ол – бүгінде қазақ деген дүние жүзіне белгілі ұлттың табысқан төбесі, ұйысқан іргесі, біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған ғасырлық рухани аңызына айналған, ақындары жырлаған, сан ғасыр адамдарды баураған қазақ халқының құрметтейтін қасиетті жері. Бұл өңір – халқымыз сұлтандарын ақ киізге көтеріп, хан еткен, Хан ордасы орналасқан жер. Қазақ жерінің кіндігі болған Ұлытау өңірінен Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы ұлы жүрісі бастау алған. Нақ осы өңірде Жошы, Алаша және Тоқтамыс хандар, сондай-ақ ұлы қолбасшы, батыр Едіге және өзге де тарихи тұлғалар жерленген. Асан қайғы осы жерді қазақ халқының өмір сүруіне ыңғайлы Жерұйық деп айтқан. Ұлытау аспан астындағы мұражай іспеттес. Бұл жерде, қазірдің өзінде белгілі болып отырғандай, сегіз жүзге тарта тарихи-мәдени ескерткіш бар. Бұл жердегі ежелгі және айрықша маңызды ескерткіштердің бірі – Ақмешіт тауы. Ол – ескі қамалдың, көшпелі халық мекенінің орны болған қасиетті жер. Ұлытау тауының биік шоқысында орналасқан.
ЕДІГЕ ШЫҢЫ
Бетпақдала арқылы Жезқазғанға сапар шеккен жолаушылар көне замандарда тасына жазу түскен Таңбалы тастан өтіп, Ұлытауға жетеді. Айналасы теп-тегіс жер. Ұлытаудың ең биік жерін халық Едіге тауы деп атайды. Едіге тауы Ұлытау ауданынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. «Едіге шыңы», «Едіге биігі» атанған бұл биікте Едіге батырмен қатар Алтын Орданың атақты ханы Тоқтамыстың да сүйегі жатыр. Тоқтамыс ханның ордасында беделді би болған Едіге қасиетті Ұлытаудың биік шыңдарының бірінде жерленген. Ол шың кейіннен Едіге деп аталып кеткен. Едіге Алтын Орда ханы Тоқтамыспен қатарлас болған. Ал Тоқтамыстың 1380-1395 жылдары Алтын Орданы билегені, Сауран, Сығанақ шаһарларын орталық еткені тарихтан белгілі. Едіге сол Тоқтамыспен тізе қосып, кейін Еділ, Жайыққа дейінгі жерді өзіне қаратып, Ноғай ордасының негізін қаласады. 1396 жылдан бастап Алтын Орда хандығын 15 жылдай билейді. Ноғай ордасының негізін салған Едігенің есімі қазақ, қарақалпақ, башқұрт халықтарының аңыздарында кездеседі. Кейін Тоқтамыс ханды Едіге өлтіреді. 1419 жылы Сарайшық қаласының жанында Тоқтамыс балалары әке кегін қайырып, оны өлтіреді, ел-жұрт Едіге бидің денесін Ұлытауға әкеп қояды. Ол маңда «Едіге тауы», «Едіге обасы» деген жерлер бар. Ер Едігенің өзі тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен. Дала перзентінің бойындағы даналық бұғанасы қата бастаған шақта-ақ белгі берген. Бізге жеткен аңыз-әңгімелерде Едігенің хан алдында қаймықпаған қайсарлығы ақыл мен пайым-парасаттылығы турасында көп айтылады. Ел жадындағы Едіге – әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі ақылгөй дана. Сондықтан халық арасында «Ер қамын жеген Едіге» деген қанатты сөз бекіп қалған.
АЛТЫН ШОҚЫ
Алтын шоқы – Ұлытау жотасында (Қарағанды облысы) Әмір Темір (1336-1405) белгі қалдырған тау. Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққан Әмір Темір Ұлытауға келгенде Алтын шоқының басына үлкен құлпытас орнатуға бұйрық берген. Аңыз бойынша, 1391 жылы 200 000 әскерімен Самарқаннан шығып, Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанған Әмір Темірдің қалың қолы сәуір айында Сарыарқаның кіндік жонында жатқан Ұлытау сілемдерінің шетіне ілінеді. Жошы ханның атақонысы болған өлкенің таза ауасы мен мөлдір суын, көк майса жайылымдарын көрген Мәуереннаһр билеушісі Бетпақдаланың шөл даласын кесіп өткенде шаршап-шалдыққан әскеріне бірнеше күн кең алқапта тынығуына мұрсат береді. Ұлытау өлкесінің ғажайып көрінісіне көзі тойған Әмір Темір «адамдар ризашылықпен еске алып жүруі үшін» тастан ескерткіш белгі қойып, оған өзінің осында ат шалдырғаны туралы жазып қоюды бұйырған. Алайда, бұл тарихи оқиға әлем жұртшылығына алты ғасырдан соң жария болды. Ақсақ Темір атанған қаһарлы әмірші қойдырған белгітасты 1935 жылы қазақ жерінен тауып, паш еткен қазақтың ғұлама ғалымы, тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев еді. Таңбалы тас қазақ геологінің басшылығымен Орталық Қазақстанда жүргізілген экспедицияларының бірінде Ұлытау ауданы Алтын шоқы деген жерден 1935 жылы тамызда табылған. Бұл – екі тілде жазуы бар үлкен жартас сынығы. Тас табылған өңір Ұлытау тауларынан солтүстік-батысқа қарай, Жезқазған – Арқалық тас жолының батысынан 90 шақырым, Саят ауылынан батысқа беттегенде 80 шақырым жерде орналасқан. Плита бұрын үлкен шұңқыр үстінде орналасқан. Осы жерде қыш күйдіретін пеш болған. Алтын шоқыны есте қалдыратын нәрсе – оның төбесінде қиық пирамида тәрізді жасанды тас үйіндісі айқын байқалып тұрады.
Әмір Темір 200 мың әскерге бір-бір тастан тастатып биік тау тұрғызып, басына тас қорытатын пеш салдырып, жанындағы өзеннен тал қидырып, көмір жасап метеорит тасын балқытып, мынадай мағынада жазып қалдырады: «Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы. Тұранның сұлтаны Темірбек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыспаққа жүреді.Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп берсін. Іншалла, тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүрсін».
«Қазақстанның жалпыұлттық нысандары» кітабынан .
Фото ашық ақпарат көзінен.