«Домбыра тартқан адам пәндәуи қиянатқа бармайды, кісіге қасақана жамандық жасамақ түгілі, ол туралы ойламайды да. Өйткені домбыраның алқоңыр үні жүрекке махаббат болып егіледі, жанға рухи дауа боп дариды. Күй тыңдаған адамның ниеті-пиғылы жамандық шақырмайды, домбыра сазының сәулесі жүрекке қонақтайды. Міне сондықтан да өзіндік тылсым үнімен жан баласын еліте алатын асқан құдіретті күшке ие аспаптың үнін қастерлеп, құрметтеген адамның жан дүниесі ешқашан тазалығынан айнымайды». Бұл киелі домбыраны дәріптеп, оның мүмкіндігін шертпе күйлерімен халыққа жеткізіп жүрген дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаевтың айтқаны. Ағамыздың бұл сөзін бүгінгі мақаламның бастауына тұздық етіп отырғанымыз,өздеріңізге белгілі биыл тұңғыш рет ұлтымыздың мәдени-рухани қазынасы- «Ұлттық Домбыра» күнін тойлаудамыз. Міне, осындай ерекше мерекемізге арнап, домбыраға тіл бітіре шертудің шебері, күйші Жанғали ағамыздың жұмыс орнына арнайы ат басын тіреп, «Ұлттық домбыра» күнінің маңыздылығы жайында сыр шертісіп қайтқан едік. Бүгінгі «Сырласқым келеді» айдарында Qazir оқырмандарына осы сырлы сұхбатты ұсынып отыр.
Жанғали аға, Биыл елімізде тұңғыш рет арнайы Елбасының Жарлығымен Ұлттық домбыра күні тойлануда. Мұндағы мақсат төл мәдениетімізді жаңғырту деп білеміз. Енді осы қара домбыраның үнін, терең түсінетін күйші Жанғали ағамыз үшін, атаулы күннің маңыздылығы неде?
-Бұл күн өзіңіз айтқандай ұлт үшін, ұлтымыздың рухани өсуі үшін бағытталған шара, арнайы Елбасының Жарлығымен айқындалған мәртебесі биік мереке. Ал жалпы зерделеп қарайтын болсақ,көптеген әлемдік аспаптардың атауымен аталған халықаралық мерекелер бар. Олардың әрқайсысы әр елде өзіндік деңгейде аталып өтіп жатады. Мысалы, скрипка, виолончель, саксофон күні сондай-ақ түрлі шекті және үрлемелі аспаптардың атымен аталған мереке күндері тойланатынын білеміз.Бұлардың барлығының мәртебесі халықаралық деңгейде. Өйткені бұл аспаптар барша елге, барлық адамзатқа ортақ игілік. Ал ұлттық құндылықтың орны мен қадірі ерекше. Өйткені ұлттық дүние тек бір мемлекетке ғана тән, бір ұлтқа,бір ұлысқа ғана тиесілі дүние. Мысалы көрші Ресейде ұлттық баян күні, ұлттық балалайка күні деген арнаулы мереке күндері бар. Тіпті Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұрттарда да «Қурай күні»бар. Бұл күнді олар ұлттық бренд күні ретінде атап өтеді. Ал енді біздің қара домбырамызға келетін болсақ,шекаралас көршіміз Қытай мемлекеті домбыра күйлерін Гиннес кітабына енгізді. Одан кейін, 2014 жылы 26 қарашада домбыра «бейзаттық» немесе «материалдық емес құндылық» ретінде ЮНЕСКО ның тізіміне енді. Оған жетекші болған өнертану ғылымдарының кандидаты, ғалым-зерттеуші, бабалар мұрасын жинақтаушы- Базарәлі Мүптекеев. Негізінде, осы Базаралы бауырымыздың жатқан жері жайлы болсын, қара домбыраның қадірін ұлықтау туралы бастамаларынан соң, біздің қоғамда жақсы қозғалыстар басталды. Біз бұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар домбыраның мәртебесі жөнінде бастама көтеріп, оны «мемлекеттік рәміз болуы керек»- деп бірінші рет айтқан ғұлама Ақселеу Сейдімбек ағамызды еске алсақ артық болмайды. Осындай ұлтын сүйген тұлғаларымыздың, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, көтерудегі еңбектері мен сол жолда жасаған жұмыстары қордаланып келіп,бүгінгі үлкен тойға жетіп отырмыз.
Қоғамда домбыраның, күйшілік өнердің, әрі-беріден соң ұлттық өнердің бәсі түсіп кеткенін несіне жасырамыз. Дәл осындай алмағайып кезеңде Президентіміздің Ұлттық домбыра күні деп Жарлыққа қол қоюы ұлт мәртебесін көтеріп отыр. Қазақтың мәңгілік сарынын сақтап қалған домбыраның ұлықталуы шын мәнінде біздің ғасырымыздағы ең маңызды оқиға болып тарихта қалады. Міне сондықтан да атаулы күн-ұлтымыздың рухани болашағы үшін өте қажет .
-Сізді жұрт «шертпе күйдің шебері» деп таниды. Сіз үшін қазақтың қара домбырасынан адамның тұла бойын елітіп төгілетін күйдің құдіреті неде?
-Жалпы қазақтың даласы кең. Домбыра тартпайтын қазақ жоқтың қасы. Кез-келген «Мен қазақпын!» деген үйдің төрінде үкілі домбырамыз ілулі тұрады. Сол қасиетті домбырадан төгілетін күйдің мектептері, тарау-түрі бар. Мысалы төкпе күй, шертпе күй, ілме күй, желдірме күй, толғау күй, жыр күй...Оған қоса «қоңыр», «тоғыз тарау», «қосбасар»,«ақжелең» деген сияқты біз түбір-мағынасын жыға тани бермейтін, бірақ сонау ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан осындай қасиетті сөздермен аталып, бізге жеткен күй аттары бар.Тіпті біз домбыра деген сөздің этимологиясын да білмейміз. Біз осынау күй өнерін тәңірдіңбізге берген несібесі деп қабылдауымыз керек. Өйткені,басқа халықта ондай түбірі сакральды, мазмұны ерекше қасиетке ие өнер, дүние жоқ. Күй деген қазақтың үмітін мәңгілікке жалғайтын мәдениет. Оны танып, сақтау бүгінгі ұрпақ міндеті.
-Ал осы күйді бүгінгідей эстрадаға салып,өңдеу, оның мазмұнының өзгеруіне әсерін тигізеді ме ?
- Осы сұраққа жауап берумен жас ғұмырымыз өтер ме екен. Эстрадалық мәдениет авангард, алғы шепке шыққан, төрге озған, төске өрлеген құбылыс, бірақ ол ұлттық өнер емес. Эстрадалық мәдениетті қазақ ойлап тапқан емес, өгей дүние. Бірақ дәл бүгін жер шарындағы ұлттар мен ұлыстардың бәрін ұйытып отырған жеңіл музыка екенін мойындауымыз керек. Керек болса домбыра да эстрадасыз тыңдалмайтын дәрежеде. Сондықтан оны жақтағаннан яки даттағаннан пайда жоқ, тек барша қорлығына төзу ғана қалды. Қазақ музыкасы төлтума,табиғаты толысқан туынды. Ал төлтума дегеніміз, ол– Кетбұқа, Асан Қайғы, Байжігіт, Бейсембі, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Махамбет, Дәулеткерей, Құрманғазының күйі, Әбікен мен Аққыздың, оның шәкірті Мағауия Хамзиннің, Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтың күйі. Біздің заманымыздағы Әбдімомын Желдібаев пен Секен Тұрысбектің сазы арғы бабаларымыздың үні. Ол шығармалардың бағалылығы да оның сол төлтумалылығы яғни тазалығы мен сафтығында. Мен бұл жерде айтар едім, күйді қанша өте керемет етіп, эстрадаға қосып, сауатты өңдегенімен ол қазақы туынды болмайды. Жалпы бұқаралық және кәсіби өнер деп бөлсек екеуінің де өзіндік тыңдармандары көрермендері бар, сол себеппен келгенде эстраданы күстаналап абырой таба алмайсың. Бірақ домбыраның таза үні мен салты, дәстүрі үшін жан беріп, жан алысатын мезгілді бастан кешіп жүргенімізді санамызбен сезуіміз керек, сонда да болашаққа зор үмітпен қараймыз.
-Жанғали аға,қазақтың қара домбырасының қасиеті мен оның шанақтарынан күмбірлей төгілетін күйдің құдіреті жайында сырлы ойыңызбен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Сізді және күллі қазақстандықтарды Ұлы мұрамыздың атымен аталған Ұлттық домбыра күнімен және Астанамыздың 20 жылдығымен құттықтаймыз. Ел іргесі бекем, бейбітшілігіміз мәңгілік болғай.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы