Жан-жағындағыларға жалтақтай қараған жарлысы да жоқ емес, мұрты майға малынған байы да бар бұл қоғамда қайырлы істі кім, қалай жасауда? Қайраты мен қажырына қарай ма? Ниеті мен намысына қарай ма? Айжан Шериева Qazir-ге берген сұхбатында табыс пен қайырымдылық көзі болған сүйікті ісі, кәсіп пен нәсіп жайында.
Бірнеше рет кейінге қалдырылған кездесуді бұл жолы жауынға қарамастан қалт жібермедік. Аптығып Айжан да келіскен жер кофе-бумға кіріп келді. Аузын ашса жүрегі көрінетін Айжанның көңіл-күйі үнемі көтеріңкі. Керемет әңгіме-дүкен құрсақ деп ниеттендік.
Qazir: Қош көрдік, Айжан! Аман-есенсіз бе? Ал жайғасайық, соңғы жаңалықтарыңыздан бастап айта беріңіз.
Айжан: Сәлем, Жаннат! Жаңалық қылып, жар саларлықтай ештеңе болған жоқ. Барлығы жоспарлы жұмыс. Бұл жерде биші балалардың ата-аналарының бізге деген сенімін, балалардың өздерінің талпыныстарын, қоюшы-хореографтың еңбегін атап айту керек. Еңбектері еленіп, шад-шадыман болып қайттық. Өнерпаздарымыз қанаттанып қалды. Елордамыздың жиырма жылдығына орайластырылған мәдени шараларға қатысуға да шақырту алып отырмыз. Жаз шыққалы бері жаңа леппен жұмыс жасаудамыз.
Qazir: Жаңа леп дегеніңіз жалпы ненің нышаны? Жаңылыспасам сіз ІТ саласының маманысыз. Ал Oktava - бұл би мен спорт, қалай келіп жүрсіз бұл салаға?
Айжан: Oktava жас емес, алдымыздағы жылы ашылғанына 10 жыл толады. Осы уақытта «Таңғы шұғыланың», «Сәлем, Қазақстан» байқауларының бас жүлдесін алдық. Көп қой, 60 астам халықаралық би байқауларының жүлдегеріміз, 250 жуық қазақстандық байқаулар мен бәйгелердің жүлдесін еншіледік. Есеп қой мұның барлығы, бұл-көрсеткіш, бұл-баға, бұл-бағыт. Енді сол тұғырдан аласармауымыз керек. Оның үстіне қазір спорттық биде де, фитнесте де тренд жаңарған, талап он жыл бұрынғыдай емес. Түрлі ұлт биінен былай қойғанда цирктік акробатика бар. Zumba-ны, Poll-danceжанрларын, тверекті астанамызға алғаш әкелген біздің студия. Ал қазір контемп жанрын қолға алдық. Мінекей, осылай меже биіктеді, құлдырамауымыз қажет. Жаңа леп дегенім осы.
Qazir: Он жыл бұрынғы Oktava-ға оралайық.
Айжан: Оқуды аяқтай сала екі күннен кейін тұрмысқа шығып, әрине, үлкендердің ақ батасымен, жөн-жоралғысымен, емен-жарқын өмір енді басталған кез болатын. Шымшықтарым шамалы есейгенше шаршысы бәлембай тиын тұратын баспана жалдап тұрып жатқанбыз. Әр нәрсенің басын шалып көрдім. Бір күні төрт жасар қызымды бой жазып, ой сергітсін деп гимнастикаға апармаймын ба. Кішкентай емес пе, енді барған ортасына сіңісіп кеткенше сырттай бақылай тұрайын десем, балама не жаттығу жасатып жатқаны, не гимнастикалық жүріс-тұрыспен таныстырып жатқаны түсініксіз картинаны көрдім. Әлгі үйретушінің мені, ойлап қараңыз - худгимнастикадан спорт шеберін үрейлендіргені соншалық, баламды қайтып апармайтын болдым. Сол кезде туған идея-тын. Буыны қатпаған жұдырықтай балапандарды әлгіндей жұлқып
несі бар-ау деп ашуға булығып жүргенде, студияны ашып жіберіппін (бір күліп алды Айжан).
Qazir: Айжан, білуімше Oktava – музыкалық термин, ал сіздің қызмет спортқа жақын емес пе?
Айжан: би деген ең алдымен тәрбие, дененің, сананың, түр-тұрпаттың келісті болуы үшін бейімділік керек, би – бұл спорт пен салауатты өмір салты, бұл өнер. Бұл – ішкі үніңді, эмоцияңды және сезімді жеткізудің көркем тәсілі. Дұрыс айтасың, октава – бұл әнде болсын, күйде болсын естігенде құлаққа сонша жағымды шығатын үннің сарыны. Бұл музыкалық интервал. Октавасыз әуен болмас, сірә. Сол сияқты, мен де астарлап, гимнастика да, би де, фитнес те менің октавамсыз оңды бола қоймас деген оймен
осылай атадым. Оның үстіне он жыл бұрын сұраныстың аздығынан шығар, қазіргідей біріне – бірі міңгесіп ашылып жатқан, ашылуынан жабылуы жылдам фитнес пен би орталықтары көп болмаған. Ақырындап бастадым. Жалдап жатқан пәтердің пердесін жұлып алып шымылдық жасап қойдым. Жарнама мәтіндерін жазған компьютер көршінікі болды, логотип күйеуімдікі.
Qazir: қызық-шыжық болып басталған кәсібіңізді нәсібім деп жиі айтасыз. Шаһарымызда өтетін қайырымдылық шараларынан ұжымыңызды қалдырмайсыз. Жыл сайын наурызда дастархан жайып, жұма күндері шелпек үлестіріп тұратын дәстүріңізді білемін. Сізде кәсіпкерлік басым ба, қайырымдылық па? Ренжімей жауап бересіз, біреулер жарқ етіп, атын атату үшін жария- қайырымдылық жасап жатады. Сіздің көздегеніңіз не? Әлгі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген осы ма?
Айжан: Алаған қолың береген болсын демеп пе еді, атам қазақ. Әу бастан қалтаны ғана толтыратын емес, жүректі өзінше сымбатты, жігерлі, жан дүние мен жер-дүниенің жарасымдылығын көрсететін, рухани азық болатын, сананы сергек ұстайтын іс болса екен деп армандағам. Аллаға алақан жайып, беретін ризығыңды басқамен бөлісуге жетерлік етіп бере көр деп жалбарынамын. Ең алдымен мен кәсіпкер, бизнесвумен емеспін, анамын. Жарым екеуіміз жарасымды отбасында төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Түк көмегі болмағанымен, түн жарымға дейін үйде жоқ болғанымды түсіністікпен қабылдап жүрді. Мен көркем гимнастикадан спорт шеберімін ғой, жан-тәнім қалап тұрады, бұл менің потенциалымды, бейімділігімді бір жүйеге келтіретін іс, көңілім жайланады. Жаным осындай жайлылықта болмағанда отбасымның жарасымды болуы да екіталай емес пе еді?! Бұл бірінші мәселе.
Qazir: Ал екінші?
Айжан: өнерге, биге, шығармашылықты шыңдайтын, түрлі бейімі бар балалардың бабын келістіретін қызметтердің барлығының қолжетімді болуы керек деген концепцияны өзіме-өзім бекітіп қойдым. Қайырымдылық дегенде қыруар қаржы қоса алмаймын. Бірақ бұйырғанымен бөлісемін, қайырымдылық шаралары қай бұрышта өтіп жатса да ұжымымды шұбыртып апарамын, ат салыстырамын. Өзге тағдырларды өзгертуге үлес, көлге тамшы бола алмаса үйреткен менің де, үйренген баланың да өнерлерінің құны көк тиын.
Qazir: Ал үшінші мәселе?
Айжан: Аса қабілетті, бірақ қаражатсыз балаларды, көп балалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді тегін жаттықтырамыз. Жарыстарға жол қаражаттарын, жүріс-тұрыстарына да өзім жәрдемдесуге тырысамын. Кім білген, биге баратын бес тиыны жоқ баланың көше кезіп жүрмесін. Осындай олқылықтан сақтайыншы деген оймен Октаваға шақырып аламын.
Qazir: Енді алатын асу қандай?
Айжан: М.Шаханов айтпақшы, «өзім талай мықтыны мойындағам, өзімді әлі талайға мойындатам». Күн сайын 300 жуық адам өтеді алдымнан, жаттықтырушылар мен жаттығушыларды қосқанда. Ері мен әйелі, баласы мен бойжеткені, бәрі бар. Түгеліне теңдей пікірде болу, әркімнің жақсы қырын шыңдай түсу, ұжымды ұйыған айрандай етіп ұстау оңай іс емес. Есіктен енген адамға екі езуімнен еселеп күлімсіреп қарасам, риясыз кейіп танытсам, бәлсінбей, адамдығымды жоғалтпай, дене тәрбиесі арқылы еңбекке баулысам, төзімділікке тартсам, талабын шыңдап, мақсаттарға жетелей жүргенім жыртығына жамау болмайтын жасанды
аяушылық білдіргеннен қайырлы ғой. Биыл мектебімнен шыққан 40 оқушы балет академиясына құжат тапсырып, оның 37 сынақтан сүрінбей, ойдағыдай өтіпті. Болашақтары жарқын болсын. Он жылда 150 жуық адам жаттықтырушылықты меңгеріп шығып, әрқайсысы өз алдына кішігірім кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Әрқайсысына айтамын, асқақтап кетпей, жаныңдағыларға жәрдемдесе жүр деп. Ал тамыз айына қорытынды есеп ретінде контемп жанрында болатын қойылым дайындалуда.
Qazir: Бірекелді, әр түлектің жемісі сіздердің еңбек. Qazir де қойылымдарыңызға барып қалар. Өткенде әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздан байқап қалдым, «бесплатные булки» деп «нан» үлестірдіңіздер ме?
Айжан: Әрине, келіңіздер. Есігіміз әрқашан ашық. Оның үстіне қайталап айтайын, ең алдымен бұл менің өзгемен бөлісе алатын ризығым. Жолдасым екеуіміз ораза айы бойы өзіміз білетін, таныстарымыз айтқан адамдарға ас-су тараттық. Кем-кетік жандарға желі арқылы ең қажетті азық-түліктер тараттық. Бұл қайырлы істің керемет көрсеткіші емес, әркім беруге міндетті садақа ғой. Қайырлы істің құндысы көкейдегі кіршіксіз ниет қой. Біреуді алып сынайтын, біреуді беріп сынайтын Аллам мен берген білімді, мен берген қабілетті, қажыр-қайратты тек игілікке жұмса деп бұйырған. Бәрі өлшеулі бұл дүниеде. Қайырлы істі де әркім өз «өлшеміне» сай жасамай ма. Ал біреуге жақсылық жасағың келсе тәрбиеден, жылы сөзден баста. Егер қолыңнан еш қайыр келмесе онда дым болмаса мына дүнеге зияныңды келтірме. Менің ұстанымым осы. Әрбір тәрбиеленуші балаға тәлім көрсетпесем – аналығым қанеки, адал еңбектің Алла бұйыртқан нәсібімен бөліспесем – адамдығым қайда, тапқан-таянғаныңды қара басыңа ғана жұмсасаң –бизнесің бекер, жетім-жесірге жүрегіңнен бір жылу шықпаса – жер басып жүргенің құрысын.
Qazir: Айжан, күйбің тірліктің қамымен қым-қиғаш болып жатқан уақытта көпке ой салатын
пікірлер айттыңыз. Әңгімеңізге рахмет. Амандықпен көрісе берейік!
Қысқа-нұсқа:
Qazir: Адам бойындағы қандай кемшіліктерге түсіністікпен қарауға болады?
Айжан: Мінсіз ешкім жоқ, дер кезінде болса және ебін тапсаң барлық қателікті түзетуге болады.
Qazir: Сүйікті авторыңыз, туынды.
Айжан: Айн Рэнд деген америкалық жазушы, «Атлант расправил плечи».
Qazir: Ашуыңызды шақыратын не?
Айжан: Адамдардың жауапсыздығы.
Qazir: Сізде қандай жасырын талант бар?
Айжан: Мен садақ ату бойынша спорт шеберімін.
Qazir: Егер сіз бояу болсаңыз...
Айжан: Жасыл түспен картина жазар едім.
Qazir: Сіз жиі...
Айжан: Мен жиі тәуекелге барамын, риск жасаймын жиі.
Qazir: Сіз үшін басты үш құндылық қандай?
Айжан: Тәрбие, тұлғалық әлеуеттілік, білім.
Әңгімені жазып алған Жаннат Манасбайқызы