Жайық қалашығы – бүгінгі Орал қаласының іргетасы қаланған жер. Батысқазақстандық және алматылық ғалымдардың бірлесіп жүргізген ізденісінің нәтижесінде табылған қалашық жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарынан таныса аласыздар.
Ортағасырлық Жайық қалашығы Орал қаласынан оңтүстік шығысында 12 км жерде орналасқан. Батысқазақстандық және алматылық ғалымдардың бірлескен ізденісі нәтижесінде 2001 жылы Орал қаласынан он екі шақырымдай жерден табылып, Жайық қалашығы деп аталған қаланың ХІІІ-ХІV ғасырларға жататындығы дәлелденді.
Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын, яғни қалалық мәдениеттің ХІІІ ғасырда-ақ қалыптасқандығын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр.
Жайық – бүгінгі Орал қаласының іргетасы. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеше тұрғын, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Қазіргі таңда бізге белгілілері – кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер. Кірпіш күйдіретін пеш қалдығының орны көлемі 10х10 м шұңқырда орналасқан. Қазба жұмыстарынан соң, тік бұрыш пішінді кірпіш күйдіріп жағу камерасының қалдығы сақталғаны белгілі болды.
Жайықтың ежелгі қоныстанған жерінде табылған және зерттелген қоғамдық ғимараттардың ішінде монша-хамамы өте қызықты. Бұлар мешіттен кейінгі өте танымал орын болды. Осындай кірпіш күйдіретін қондырғылар Еділ маңы және Жайық өңіріндегі Алтын Орда дәуіріне тиісті қалаларына Орта Азиядан келгендігін ғылымдар тұжырымдайды. Бұндай нысандар – кірпіштерді, жылтыр тақташаларды, үлкен ыдыстарды (хумдар) күйдіріп жасауға арналған. Жалпы халық тұтынатын құрылыстың бірі – сол заманда «хаммам» деп аталатын шығыс моншасы болған, ол қаланың ортасында орналасқан. Монша қалдығы қазіргі таңдағы жер деңгейінен 150-170 см тереңдікте жайласқан. Моншаның жалпы көлемі 110-120 шаршы метр аумақты қамтиды. Орталық зал – сегіз бұрышты, оған шығыс және батыс бағыттан шағын шомылу бөлмелері жапсарыла салынған. Монша жерасты жағу жүйесімен жылытылған. Қызу өткізетін жүйелер еден астынан барлық ішкі бөлмелерге таратылады. Құрылыстың төменгі бөлігі жер астына қарай 140 см тереңдікте орналасқан. Монша – орғасырлық мұсылман қалаларында, мешіттен кейінгі, басты халық пайдаланатын орын болған, сондықтан да бұл орындарды безендіру барысында өз кезеңіндегі озық архитектуралық үлгілерді қолданған.
Қазба жұмыстары Жайық қалашығында қала сәулеті мен мәдениеті жоғары болғанын көрсеткен. Мысалы, қалашықтағы үйлер мен кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш шығаратын арнайы пеш те болған. Жалпы құрылыс іздері анық байқалатын алаңның аумағы 8 гектардай жерді алып жатыр. Археологиялық зерттеулер барысында металл бұйымдары мен керамика, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әйнек моншақ, жануар сүйектері және екі мыс ақша табылды. Бұл ақшаның бірінде жазу іздері сақталған. Онда «Сарайда соғылған 737» деген жазу бар. Яғни 737 хижра жылы (біздің жыл санауымыздағы 1336-1337 жылдар) көрсетілген. Мұндай ақшаның Алтын Орданы 1313-1339 жылдары билеген Өзбек ханның тұсында шығарылғаны еш дау туғызбайды. Жайық қалашығындағыдай, монша Шығыста әлі күнге сақталса, кірпіш күйдіру пеші Еділ мен Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстаннан әкелінсе керек. Алтын Орда дәуірінде мұндай пештер Хорезмде, ежелгі Отырар және Күйріктөбе қалашығында белгілі болған.
Жайық қалашығындағы тұрғын үйлер пішіні ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан үйлерімен сәйкес келеді. Айырмасы тек ішіндегі бірқатар бөліктерде, жылыту жүйесі, құрылыс техникасы мен материалында ғана. Археологиялық зерттеулер Жайық қалашығының Алтын Орда дәуіріндегі дамыған қала қалдығы екенін көрсетеді. ХІІІ ғасыр аяғы мен ХІV ғасырдың басындағы Алтын Орда тарихын зерттеушілер қала мәдениетінің тұрақты гүлдену дәуірі болғанын айтады. Шапқыншылық кезінде бүлінген бірқатар сауда-экономикалық орталықтар қалпына келтіріліп, ондаған жаңа қалалар мен ірі қоныстар пайда болды. Бұл негізінен Өзбек және Жәнібек хандардың (1312-1357 жылдар) билеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алтын Орда дәуірі Еділ мен Днестрде, Жайық бойында жаңа қоныс-қалалардың көбеюіне қолайлы әсер етті. Бұған Оралдың арғы атасы – Жайық қалашығы мысал бола алады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
фото: ашық ақпарат көзінен.