Маусым айының соңғы аптасында «Астана Опера» театрында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына түрлі ойын-сауық спектакльдері мен концерттері ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
26 маусымда сағат 19.00-де ғаламат Гала-балет кеші өтеді. Екі бөлімнен тұратын ауқымды бағдарламаға «Астана Опера» балет трупасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова М.Петипаның хореографиясындағы классикалық балеттерден па-де-де және сахналық көріністер, соның ішінде Ж.Коралли, Ж.Перроның хореографиясындағы А.Аданның «Жизель» балетінен Па-де-де, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Сыған биі (Е.Шерстневаның редакциясы) және Гран-па, «Баядерка» балетінен Үнді биі, Р.Дригоның «Арлекинада» балетінен Па-де-де, А.Аданның «Корсар» балетінен Па-де-де енгізген.
Көрермен қауымға XX ғасырдағы көрнекті хореографтардың балеттерінен дуэттер ұсынылмақ: Р.Петидің Ж.Бизе музыкасына «Кармен» және М.Жарр музыкасына «Париж Құдай Анасының соборы», сондай-ақ Н.Римский-Корсаков музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» (А.Лиепаның реконструкциясы) балеттерінен дуэттер қойылады. Заманауи отандық әрі шетелдік хореографтар мен сазгерлердің, атап айтқанда К.Звереваның хореографиясындағы А.Райымқұлованың «Заман тынысы» балетінен дуэт және Дж.Уильямстың «Жоғалған жұмақ», А.Садықованың хореографиясындағы Қ.Шілдебаевтың «Тамыр» сынды озық туындылары орындалатын болады.
Театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Гаухар Усина, Рүстем Сейітбеков; Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, солистер Серік Нақыспеков, Анастасия Заклинская, Далер Запаров, балет әртістері Жәнібек Иманқұлов, Шұғыла Әдепхан, Наталья Кондя, Назира Заетова, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев, Ғалымжан Нұрмұхамет, Сұлтанбек Ғұмар және т.б. өнер көрсетеді. Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, дирижері – Арман Оразғалиев.
29 маусым күні сағат 18.00-де тыңдармандарға Джоаккино Россинидің әйгілі «Севильдік шаштараз» күлдіргі операсы ұсынылатын болады. Спектакльдің қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, дирижер – Руслан Баймурзин. Қоюшы режиссер – Альфонсо Антониоцци, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.