«Шаһарларға саяхат» айдарынан Қызылорда облысыдағы Қазалы қаласының өткені мен бүгінгі тіршілік тынысы жайлы мәліметтермен танысасыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Сырдарияның оң жағалауынан қоныс тепкен шаһардың іргетасы 1853 жылы қаланып, 1867 жылы қала мәртебесін алған. Ресми деректерге сүйенсек, 1917 жылы Қазалы қаласы Сырдария уезінің ,1958 жылға дейін Қазалы әкімшілік ауданының орталығы болған.
2. Шаһар тарихынан. Қала тарихынан сыр шертетін аңыздарда Қазалы аталуының мәні әділ қазылығымен халыққа жаққан жанның атына байланысты қойылған десе,енді бірінде шалқыған көлдің бетіндегі аққу қаздың көптігінен «қаз елі» атаныпты деседі.
3. Қазалыда өмірге келген тарихи тұлғалар. Бұл қасиетті топырақта Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке би, Жанқожа батыр мен Ақтан батыр, Жылқайдар мен Жетес би, Ашабай мен Сырлыбай, Үмбет би мен Қарасақал Ерімбеттей шешендер мен билер және Ғанидай жалынды жастар жетекшісі, Халық қаһарманы атанған Роза Бағлановадай, Мәдина Ералиевадай күміс көмей әншілер өмірге келгендігін қазалылықтар мақтан етеді.
4. Қала кәсіпорындары. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, жекешелендіру саясаты жүргізілген кезде бұрынғы кәсіпорындар жекеменшікке өтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналды. Олардың қатарында «Қазалымұнай» , «Қазалыастық» , «Қазалыжөндеу» ЖШС бар.
5. Шаһардағы әлеуметтік-мәдени мекемелер. Қала халқына 1 клуб, 2 кітапхана, 1 мәдениет үйі, 1 театр, 3 спортзал қызмет етеді. Сонымен қатар Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық мұражайы орналасқан.
6. Қаладағы өткенінен сыр шертетін ескеркіштер. Қазалыдағы республикалық санаттағы архитектуралық ескеркіштердің бірі –Ғанибай үйі, оны керуен сарайы деп атаған. Шығыс Азия мен Орта Азиядан келетін сауда керуендері саудаға ыңғайлы болып саналатын жерде орналасқан Қазалы қаласына жиі ат басын бұрған. Қазаннан келген көпес Ғанибай Хусаинов креуен сарайын салдырып, шетелдермен де сауда жасаған екен.
Шаһардың өткен тарихының бір белгісіндей болып тұрған тағы бір республикалық санаттағы ескерткіш- 1915 жылы Сарт саудагері Мүрәлім Меркемалов салдырған мешіт. 1937 жылға дейін мешіт болып жұмыс істесе,кейіннен біресе спорт мектебі, одан кейін емхана, дәріхана болып барып кейін қайтадан 1991 жылдан бері мешіт болып қайта ашылған.
7. Қазалының бүгінгі тіршілік тынысы. Қазылының кәмпиті мен күріші, сапалы сүт өнімдері тек аудан, қала халқына ғана емес, облыс, республикадан асып ТМД елдеріне де танымал. Атап айтсақ, Қазалы конфеті Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында сатылса, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің балық сүбелері мен өнімдері Еуропа елдеріне, ал «Сыр маржаны» ЖШС күріш өңдеу зауытындағы күріш ТМД елдеріне шығарылады. Қалада 7 мыңнан аса халық тұрады.
Қала жайлы мәліметтерді жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы.
фото: ашық ақпарат көзінен