Биылғы жылдың мамыр айында өткен отандық өнім дәстүрлі көрмесін тамашалай жүріп, көпшіліктің кезекке тұрып алып жатқан өніміне көз салсақ, кәдімгі бекіре балықтары. Оны сонау Маңғыстаудан арнайы көрмеге алып келген «Қазақ бекіре» ЖШС ғылыми –өндірістік кәсіпорны директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Тұрсынгүл Жақыповаға Qazir бірнеше сауалдар қойып «Замандас» айдарына арнайы жазып алған болатын.
-Біздің ферма Маңқыстау облысы,Түпқараған ауданы, Ақшұқұр ауылында орналасқан. Ақтау қаласынан шамамен 14 шақырымдай жерде. Біздер қарт Каспий теңізінде бекіре балықтарының жойылып кетуіне байланысты 2014 жылы алғаш осы кәсіпті қолға алдық. Екі жылдай кездескен қиындықтармен күресуге тура келді. 2016 жылы балықтар өзінің салмағына жеткеннен кейін ішкі нарыққа,яғни Маңғыстау халқына жәрмеңкеде саттық.
- Сонда тек Маңғыстауда ғана ма,экспортқа шығару ойларыңызда болды ма?
- Балықты өсіре білсең, тамағын дұрыс беріп сонда ғана өнім аласың.Шет ел дегенде,бізге Ираннан инвесторлар келіп қызығушылық танытқан. Басында шабақ күйінде,кейін оның салмақ қосқасын халыққа ұсынғанымызда бәрі таң қалды.
Қазақстанда балық шаруашылығымен айналысатын бір ғана институт бар,олардың басшыларына бізге берген көмегі үшін алғысым шексіз.
- Бұл кәсіпті бастағанда мамандарды қайдан таптыңыздар,қаржы тапшылығы қолбайлау болған жоқ па?
- Ия,Маңғыстау мұнайлы жер болғандықтан бізде көбісі соған сай мамандықтарды таңдап оқиды,балық шаруашылығымен айналысатындар аз,маман табу қиын болғаны рас. Осы жұмысты нартәуекел деп қолға алғасын,ғылыми жұмыспен де айналысуға тура келді. Үкіметіміз тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау бар, Балхаш қаласында тегін оқытты.Қазір интернет те жақсы болды ғой,керегіңді іздеп табасың. Балықты қалай жемдеу керек,қалай өсіру бәрін үйренуге тырыстым,Ресейден барлық шығындарын өзім көтеріп,мамандар шақырттым.
-Шығыны деп айтып қалдыңыз,негізі бұл кәсібіңіз өзін-өзі ақтай алды ма?
- Әрине, балық шаруашылығымен айналысқасын,оларды баптап күтуің керек, тезірек қалтамды қампитамын деп ойлауға болмайды,артық пайданы 5-6 жыл ұмытуға тура келеді. Алғашқы кезде біз тауарлық етінен бастадық қой,кейін уылдырығы қымбат болғандықтан оны да қолға алдық. Бұл өзі өңірімізде кенже қалған кәсіп болғасын,қолдаушылар аз болмады. Машақаты мол шаруа деп бастаған ісімнен бас тарта алмаймын ғой. Өз күшіммен қасымда 20 шақты жұмысшыларым бар,бекіренің бірнеше түрін өсіріп жатырмыз.
Сүйрік,ақсерке,орыс және сібір бекірелері бар,аймақтағы инновациялық жоба деп облыс әкімі де қолдап отыр.
«Бизнестің жол картасы» бойынша да құрал-жабдықтарымызды алдық, субсидия бөлінді. Балықтың азық-түлігі өте қымбат.Шет елден біздің Ақшұқырға жеткенше мың теңгеге дейін шығып кетеді.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
-Алғаш бастаған кездегі қиыншылықтар қазір артта қалды. Екі жыл бойы күттік, өсіре аламын ба деген оймен қаншама ұйқысыз түндерім өтті. Былтыр ЭКСПО кезінде көптеген шет елден келген инвесторлар жобаға қызығушылық танытты.Өзіміздің еліміздегі осындай отандық өнімдерді таныстыратын көрмелерге қатысу арқылы қаншама жаңа жобалар,олардың иелерімен жүздестік.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегі де зор екенін айта кеткім келеді.
2018 жыл өте жақсы басталды. Талпынысымыз көп,мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, өз кәсібіңді аш,жұмыс орындарын көбейт,туған жеріңде отандық өніміңді халыққа ұсын деп отырғанда қалайша артқа шегінесің,оның үстіне өзім белімді бекем буып қиыншылығына төземін деп қолға алған ісімнің жемісін енді көруім керек. Оны әрі қарай өркендетуім қажет.Кәсібіңді шын ниетіңмен бастап,өз пайдаңды ойламай күні-түні еңбек етсең, балықты балаңдай күтсең ғана,еңбегің жемісті,өнімің мол болады.
Сұхбатты жазып алған: Жаңагүл Тілепберген
Фото: Lada.kz