-Олар күн-түн демей, елінің ішкі тыныштығын бақылап, қылмысқа қарсы күресте табандылық танытып, түрлі апатты жағдайларда өз бастарын қауіпке тігетін мамандық иелері.
Иә, қан төгісі жоқ, бейбіт елде тұрып жатқанымызбен түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп көз жұмғандары да қаншама.
Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін, ерлік емес міндетіміз деп санап жүрген полиция қызметкерлерін «Бүгінгі күннің батырлары» деуге әбден лайық.
Сондықтан, құрметті «Qazir» оқырмандары біз бүгін өздеріңізге полиция қызметкерлерінің алдағы 23-ші маусым төл мерекесі күндеріне орай осындай ерлігімен көзге түскен бірнеше батырлардың ісін дәріптеуді жөн көрдік...
Солтүстікқазақстандық, Петропавл қаласының полиция сержанты Сұлтан Қуанышевтың үстіміздегі жылдың ақпан айында тілсіз жаудың құрбаны бола жаздағанын әріптестері бейнежетонға түсіп қалған жазбадан білген. Ол өзінің қызметтегі серіктесі полиция аға сержанты Руслан Матеновпен 19 ықшам ауданда қызмет атқарып жүрген жерінде келіп түскен ақпаратқа сәйкес, оқиға орнына бес минут ішінде келіп жетеді. Өртеніп жатқан ғимарат ішінде сұрастыру барысында үй иесі қалғандығы белгілі болады. Әріптесі Руслан үйдің айналасын тексеруге кеткен уақытта Сұлтан Қуанышев жалындаған оттың қаһарына қарамай, үй ішінде қалған ер адамды тезірек тауып алуға тырысады. Шарпыған жалынның арасынан түтінге тұншыққан 73 жастағы қала тұрғынын иығына өңгеріп, сыртқа алып шыққан соң, полиция сержанты оны оқиға орнына келіп жеткен «жедел жәрдем» қызметкерлеріне тапсырады. Бүгінде сол күнгі ажалдан аман қалған қария мен оның отбасының полиция қызметкерлеріне айтар алғысы шексіз. Зейнеткердің жұбайы Галина Махметова; «Сұлтан Қуанышевқа адамгершілігі мен ерлігі үшін шын ниеттен алғыс айтамын» - дейді.
Құрметті оқырман бұл бір ғана мысал. Алайда осындай айтып жетпейтін, ауыздықтауға көнбейтін апатты оқиғалар кезінде өз өмірлерін тәуекелге тіксе де, қарапайымдылығымен ерліктері жария болмай жүрген полицияларымыздың саны аз емес. Оған адам өмірін ойыншық санайтын қандықол қарақшыларға қарсы тұра білген батырларымыздың ерлігін қосайық. Бұл тұста біз, қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, кей сәттерде қылмыспен күрес жүргізуде жанын қиюдан да жасқанбайтын жігіттермен мақтана аламыз.
Олардың бірі Орал қаласының тәртіп сақшысы аға сержант Ғабит Ұялыұлы Нұғманов. Ол қарақшылық шабуыл жасап, «ізін суытпақшы» болған қылмыскердің жолын кескен батыр. Оқиға былай өрбіген:
Сәуір айында қызмет атқару кезінде ІІД Тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі Ғабит Ұялыұлы қызмет бабымен көлігімен қала көшесінде келе жатып, кенет белгісіз біреудің үйлердің бірінің қақпасынан ыршып түсіп жүгіріп бара жатқанын байқаған. Оның бұл жүгірісіне күдікпен қараған тәртіп сақшысы оның ізіне түседі. Бір кезде күдікті үйлердің жанында орналасқан гараждардың арасына кіріп кетеді. Кенет артынан қалмаған тәртіп сақшысына қылмыскер өз қаруымен оқ атады. Ғабит көлігінің қасындағы орындығын тасалап, қайтадан машинасын тастай сала, қашып бара жатқан күдіктінің артынан қуа жөнеледі. Осы аралықта тәртіп сақшысы Ғабит өз әріптестерін көмекке шақырып үлгерген. Артынан белгілі болғандай,қаруланған қылмыскер үй иесін аңшылық тапаншасымен қорқытып, тонап қашып бара жатқан кезі болған екен. Осындай қылмыскердің қаруланғанына қарамастан табандылығымен оны қолға түсіреді.
Иә, «Полиция қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттер өте көп. Ел сенімін ақтап, «жаным арымның садағасы» деп, үлкен абыроймен қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Міне сондықтан иықтарына таққан погонға дақ түсірмей жүрген сақшыларды жас ұрпаққа үлгі тұту мақсатында олардың ісін дәріптеу біздің міндет.
Бұл жерде олардың қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмайтынын тілге тиек етуді жөн көрдім. Мәселен: Солтүстікқазақстандық полицейлер отбасы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жүлдегері атанғаны көпке үлгі.
Өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз болып, облыстық жарыста жүлдегер атанған Ақжар ауданында тұратын полицейлер отбасы, отбасылық бақыттың кілті,оның бірлігі мен сенімінде -дейді
Бүгінде Ақжар ауданы ішкі істер бөлімінің инспектор-кинологы, полиция аға лейтенанты Берік Әмренов пен оның жұбайы, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, полиция капитаны Жанар Мерекеқызы екеуі бес баланы тәрбиелеп отыр. Әріптестерінің арасында сыйлы полиция офицерлері ата-аналық міндеттерді қызметпен қатар алып жүру оңай емес дейді.
Балаларға деген ыстық махаббат пен сүйіспеншілік Жанардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына себепші болыпты.
Отағасы Берік Сағынайұлы 2006 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметте. Уақытша ұстау изоляторында кезекші болған. Ал, қазір кинолог болып қызмет атқарып жүр. Берік Сағынайұлы өзінің төрт аяқты көмекшісімен бірге ондаған қылмыстарды ашуға көмектескен.
Иә, мұндай қызметке адалдық, тазалық пен өз ісіне деген шынайылық нағыз ерліктен туындайды. Ал Абайша айтқанда, «Ерлік жасай білу- жүректегі қайраттан!»
Бүгінгі күннің үш батырын сіздерге таныстырған : Салтанат Сәдібекқызы