Біз жолға шықтық. Астанадан күн сайын қатынайтын Жезқазған поезына отырып,туған жерімізге бағыт түзедік.Журналистика саласында жүрген 35 жылда қанша шақырым жол жүргенімді есептеп көрмеппін,дегенмен бұл сапардың жөні бөлек. Жанымда Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясында 13 жыл бірге қызмет атқарған,отбасымен әлі күнге туыстардай болып араласатын Тоғанбай қажы Жәменкеұлы мен зайыбы Рысалды бар. Тәуелсіздік таңымен бірге эфирге жолдама алған, «Жұмадан жұмаға дейін» хабарының жүгін көтеріскен үштіктің бірі, бүгінде Алматыда тұрса да, сыйластығымызға арақашықтық әсер етпей, апалы-сіңлідей болып сырласатын Заря Әмірқызы жұбайы Қалас Жамаловпен өз көліктерімен мыңдаған шақырымды жүріп өтіп, жұма күні Теректіде жолығамыз деп келіскен едік.Мақсат- туған жеріме барып,жерлестеріме жылдар белесінде жазылған «Журналист жолы» кітабымның таныстырылымын өткізу және арада ширек ғасыр өтсе де Жезқазған жұртшылығы есінде сақтаған бағдарламаның үш жүргізушісі, үш жүздің басын қосқан, ұлт ұясы –Ұлытауға барып жұртшылықпен жүздесу.
Теректіге барған күн,ұстаздан бата алған күн.Жұманың таңында сағат тілі 7-ні көрсеткенде туған ауылға да жеттік.Шағын станса болғандықтан бірер минут қана аялдайтын поездан үшеуміз түсіп үлгергенше,қолдарында гүл шоқтары бар,шашу шашып қарсы алған топты көргенде таңқалдым. Ата-анамның көзін көрген Үмітжан апам бастаған, Жезқазғанда тұрса да Теректіге келіп қарсы алған нағашыларым Айткамал мен Жүсіп, сыныптасым Ибрагим,бейнекамераға түсіріп інімнің ұлы Айдос бәрі бұған дейін қобалжып келе жатқан көңілімді орнына түсіріп, ауыл адамдарының аңқылдаған ақ пейілін жеткізгендей әсер қалдырды. Осыдан 35 жыл бұрын алтын ұя мектебімнен түлеп ұшып, журналистика мамандығын таңдап,13 жыл мысты шаһар Жезқазғанда телерадио саласында жұмыс істедім. Облыс жабылғанда алғашқылардың қатарында Астанаға аттандым. Соңғы 21 жыл елордасында қызмет атқарып жүргендіктен, аядай болса да, аяулы мекен, туған жерім - Теректіге жыл құсындай жылына бір келіп, ата-анамның бейітіне дұға бағыштап кеткенім болмаса дәл осылай жерлестеріммен жүздесудің сәті түспепті. Журналист мамандығының арқасында қазақ елінің талай қасиетті мекенін аралап,тарихи тұлғалары жайлы телерадиохабарлар дайындасам да, көңіл түкпірінде балалық балдәурен шақтарым өткен кішкентай ауылыма деген сағынышым бұғып жататын.
Інім Бекзат ай сайын туған ауылына бір бармаса жаны жай таппайды,жақсылығына қуанып,жоғын түгендеп хабарласқан сайын ауылдың жаңалығын жеткізіп тұратын.Биыл қала бойынша жыл меценаттарын анықтайтын «Жомарт жүрек» байқауының «Туған жер» аталымының жеңімпазы атанғанда соңымнан ерген бауырымның азаматтық ісіне апасы ретінде іштей марқайып қалғанмын. Жасаған жақсылығын жаһанға жар салып айтпайтын,өзін әлі күнге сол кішкентай ауылдың бір баласы санайтын інімнің игі істеріне сырттай тілекші болып отырып,шіркін-ай,мен де жерлестерімнің алдына барып,туған жеріме тағзым етіп қайтсам,аяулы ұстаздарыма берген білімі мен тәрбиесі үшін ризашылығымды білдіріп қайтсам деген ойым болатын.Сондықтан, інім Бекзат «кітабыңның тұсаукесерін туған ауылымызда өткізейік, журналистикаға жолыңның бастауы, армандарың мен алғашқы қадамдарыңа куә болып, қанат бітірген, тілекші болған жандардың ақ батасын алып,туған жерге тағзым жасап қайтсаңшы»,-дегенде қуанып кеттім.Баспадан кітабым шықсымен алып ұшып жеттім.Бұл кездесу жайлы «Сарыарқа» газетінде журналистика саласында өзім үлгі тұтатын әріптес ағаларымның бірі Амандық Рахұлы тақырыбына дейін келістіріп қойып,жан-жақты жазып жариялағандықтан,оқырман қауым мен Астанаға жетпей-ақ хабарласып ізгі тілектерін білдіріп жатты.
Кездесу кезінде көңілімді тербеп өткен күніме оралтқан,мектепте химия пәнінен сабақ берген,талай олимпиадаларға баптап апарып,үкілеп бәйгеге қосқан Ұлту қажы Бәйменованың сөйлеген сөзі мен берген ақ батасы болды:
«Біздің мектепті талай шәкірттер бітірді,қаншасының балалық шағы осы ауылда өтті. Менің риза болатыным солардың ішінде осы екі баланың(інім Бекзаттың еңбегі ғой бәрі) өскен ұясын ұмытпай,туған ауылына жиі ат басын бұрып, соғыс ардагерлеріне өз қаржыларына ескерткіш қойып,ауылдың атын жаздырып белгі орнатып,бүгін алыс-жақын елді жинап кітабының тұсаукесерін өткізуге келгеніне ризашылығым шексіз.Сенің Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын» бағдарламаңды 10 жыл бойы тыңдағанда,өзіңдей шәкіртім барын сезініп,марқайып қалатын едім. Өздеріңнен кейін өсіп келе жатқан буын сендерге қарап,туған жерге деген сүйіспеншілік сезім мен ұстаздарына деген құрметті бойларына сіңіреді,еліктейді.Сол үшін де арнайы бүгін кездесуге келіп, ақ тілегіммен мендей ана бақытына кенеліп, өсіп-өне бер деп алтын жүзігімді сыйға тартамын,әрқашан жарқырап кішкентай ауылдың атын алысқа жеткізіп жүре бер,айналайын!»,-дегенде алдымда сан шәкіртті қияға талпындырған ұлағатты ұстазым ғана емес,ақ тілегін арнаған аяулы анам тұрғандай болды(жанымдағы құрдастарым химия пәнінен берген ұстазың сенің қандай металл екеніңді жақсы бағалады әрі берген батасының өзі бәріміздің ойымызды дөп басты деп жатты)
Ия,менің мамандығыма адалдық танытқан жылдар белесінде әр жазған кейіпкерлерімнің, сан түрлі кәсіп иелерінің жан дүниесін жарқыратып аша алуыма ықпал еткен,адалдық бәйгесінде атым озып,бәсекеге қабілетті болуыма себепкер жандар осы шағын ауылдың кішкентай мектебіндегі үлкен жүректі ұстаздарымның арқасы дер едім. Математика пәнінен дәріс беріп,тақтаға шығарған есебінде әдейі қате жіберіп,дұрыс формуламен шешу жолын тапқан шәкіртіне тоқсандық бағасына бес қоятын,мектеп директоры болған Ислам Сүлейменов,тарихқа деген қызығушылығымды арттырып,өзімнен жоғары сынып оқушыларының алдында мерейімді өсіріп сабақ бергізіп,әрбір тарихи оқиғаларды жатқа айтатын қабілетімді ерекше бағалаған Нұраш Дүйсенбаев, өзі математик болса да,ақын жанды есебімді шығарып үнсіз отыратын кезімде: «ашық-жарқын мінезі,есепке жүйрік тым өзі,есеп шықса қатесіз,Базаргүл деймін бұл өзі» деп еркелететін Дәмеш Құттығожина, сабақ айтқанда бес емес «6» қойып үлкен үміт күтетін шәкіртім дейтін Жамбыл Бекжанов сынды ұстаздарым өмірден озса да,бейнелері көз алдымда сол қалпында тұр.
«Білімнің негізі-бастауышта», -деп әр үйдің еркелеріне өз баласындай қараған Ақәйнек Құттығарина ұстазым да мойныма орамалын жауып,ақжарма тілегін жеткізді. Білім алған мектебімнің екі үздік оқушысы кітабымды алып келіп, ұстазым Ұлту қажы мен Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар тұсауын кесті. Риясыз пейілмен жерлестерім мен сыныптастарым қаумалап,кезінде біз үшін үлкен болып көрінетін клубтың ауласында суретке түсіп,шырайлы кештің әдемі әсерлері жүрек түбіндегі жазбаларға көшіп жатқан сол бір шақты бейнелеп айтуға сөздің де құдіреті жетпейтін сияқты...
Ұлытауға барғанда,Әнуар күтіп алғанда... Сапарымыздың екінші күнінде «Жұмадан жұмаға дейін» бағдарламасының шығармашылық тобы жұбын жазбай,араға ширек ғасыр уақыт салып,ұлттың ұясы-Ұлытауға бет алдық.Қасымызда Ұлытауда туған,жездем Бекмырза Төлегенұлы мен апам Зиягүл немересі Диасты және қасиетті жердің топырағын бассын деп алыс жол болса да, Алматыдан арнайы ертіп келген Заря мен Қаластың немересі Дарынды алып жолға шықтық.
Бұған дейін,журналист ретінде біз әкімді күтіп тұратын болсақ,туған жерімізде көрсетілген құрметтің үлкені, қасиетті мекеннің -Ұлытаудай жердің әкімі Әнуар Омардың монументтің жанынан қасына қолпаштаушы топ ертпей өзі күтіп алуынан, лауазымы өскенде өзгеріп сала беретін мансаптың құлы емес, тектілігі мен кісілік келбетін сақтай білетін Ұлытаудың ұлы екендігін «сырт көз-сыншы» дегендей,бірден байқадық.Аудандық өнер мектебінің ғимаратында өткен кездесу де еркін,ешбір жасандылықсыз,жаттанды сөз,жалған ұрансыз қойылған сауалдарға қарай ашық әңгіме форматында ұйымдастырылғасын ешкімді жалықтырған жоқ. Әнуар өзі бастап,қасында орынбасары Бағдат Байжантаев жалғап, қатысушылардың сауалдарына шек қоймай отырғасын ба,біз де еркін көсіліп екі сағатттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Ұлытау жайлы бірнеше тарихи деректерді сөйлеткен кітаптардың авторы Тоғанбай қажы Құлманұлының:
«Қазір ойлап отырсам, біз сонау жылдардың өзінде рухани жаңғыру бағытында уақыттың алдын орауға талпыныс жасаған екенбіз. Елбасының жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жобасы елім, жерім деген әрбір қазақстандықтың тебірене ойланатын қасиетті борышы деп білетін біз сонау жылдары-ақ оны жүзеге асыруға ірге тас қалаған екенбіз.
Сөз бен істе алшақтық болмай, жүрек қалауымен атқаруға талпынысымыздың уақыттан озып, Жезқазған жұртшылығы есінде жылдары бойы жүрерлік игі қадам жасағанымыз мақсатымыздың биік, халық алдындағы ар мен абыройымыздың таза болғандығы деп ойлаймын.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, атқарған ісіміздің жаңғырығы ұрпаққа өнеге-үлгі болуы заңдылық екен. Сонау Құтты білек, Әл-Фараби, Кетбұға абыз, Абай тағылымдарында рухани құндылыққа үлкен мән беруі осыны көрсетеді. Замандастарым, біле білгенге: «рухани құндылыққа лайық қадам жасауға талпындық па?» дегенді бір-бірімізге жиі қойып, жауапкершілік жүгін ауырлата түсу әркімге абыройлы міндет!
Біз, нақ сол тұста анық көзіміз жетпесе де, көңіліміз бен ниетіміздің адалдығын танытуға күш салғанымызды көпшілік мақұл көріпті, қолдағаны да содан болса керек. Мұны араға жылдар салып, өткенге парасат көзімен ой жүгірткен тұсымда бүгінгідей біздер жүргізген «Жұмадан жұмаға дейін» бағдарламасын ұмытпай бізге құрмет көрсетіп отырған сіздердің жүздеріңізден,қойған сауалдарыңыздан ұқтым» -дегені көпшілік көңілінен шыққандай.
«Екіге бөлінбейтін келіншек» кітабының авторы ретінде отбасы мен жазушылықты қатар алып жүру оңай ма?- деген сауалдан басталып,Заряның әсерлі әңгімесіне қызыға тыңдаған жастар арасынан,тәуелсіздік алғаннан кейін өміргі келген жас буыннан қандай үміт күтесіздер деген сауал ортаға тасталғанда,бұған дейін айтылған ойларды үнсіз тыңдап отырған,алғаш еңбек жолын сол кездегі Жезқазғандағы политехникалық институтта оқытушы болып бастаған,мысты өңірде талай техника саласындағы инженер жастарды тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар, бүгінде философия ғылымдарының докторы,бірнеше оқулықтардың авторы,Қалас Жамалов ағамыз әңгімеге араласып,тұщымды жауап берді. Одан әрі сауалдың жауабын толықтырған Заря Әмірқызының академик Өмірхан Аймағанбетұлы Байқоңыров жайлы тереңнен толғап, жастарға ой салар пікірлерін естіген Бағдат Байжантаев жыл сайынғы өтетін «Академик Байқоңыров оқулары» кезінде осындай дүниелерді айту керек,бұдан былай есімізде болсын деп ризашылық сезімін жеткізді.Осы ретте Заряның «Мен ашқан Америка» кітабындағы ғалым жайлы зерттеу мақаласының түйіні іспеттес мына жолдарды келтіре кеткенді жөн көрдім:
“Жылжып жылдар өтедi… Жыл артынан жылжып тағы да жыл жетедi. Жылдар жиыны тарихты тудырады. Ал тарих өзi бiр толассыз туындыларды дүниеге әкеледi. Сол тартқан тартуына байланысты адамдар тарих буындары — жеке дәуiрлердi, әр кезеңдердi сараптайды, бағалайды. Қарт тарихтың қатпар-қатпар қалың таулар тiзбегi тәрiздi өткен жолдарын шолып өтсең, әр жылдың өзiндiк биiк белесi, берген жемiсi, өзiне тән табысы бар екен…”- деп Өмiрхан Аймағанбетұлының өзi жазғандай (“Бiлiм және еңбек” журналы, №12, 1962 ж.), оның Қарсақбайдан басталған өмiр белестерi тек Қазақстанда ғана емес, әлемнiң әр түкпiрiнде сайрап жатыр.
Ұлытаудан шығып, ұлт мақтанышына айналған дара тұлға қара ормандай халқымыз аман тұрғанда ешқашан ұмытылмайды, жаңа ұрпақ ауысқан сайын жылдармен бірге қайта жаңарып, жаңғыра береді, таныла береді».
Өзіме қойылған бірнеше сауалдардың бәріне өткен күндердің жадымда сақталған маңызды оқиғаларын еске алып жауап беруіме тура келді.Қойылған сан сауалдың жауабының түйінін тарқатып, менің журналистік жолымда туған жерім жайлы қандай тақырыпта қалам тербедім,тарихи тұлғалардың ұрпақтарымен жүздескенде қандай ғибрат алдым,рухани жаңғырудың құр сөзбен емес,ұрпақ жадында атқарған ісімен қалдыру бағытында не тындыра алдым дегенге жауабым ретінде тұсаукесерін өткізіп,Ұлытаулық жастар оқысын деп арнайы аудандық білім бөліміне, аудандық кітапханаға қалдырған «Журналист жолы» кітабымнан мына жолдарды арнағым келеді:
« Менің журналист болып еңбек жолымды бастаған жылдар өз туған жерімде ұлтты рухани құндылықтармен табыстырудың алғашқы бастамасы болды деп айта аламын. Қойнауы кенге толған құт мекен бұрынғы Жезқазған облысының құрамына 7 аудан және 4 қала кіретін. Өздеріңізге белгілі Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханов та, Әлімхан Ермеков пен Жақып Ақбаев та Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Шет ауданы Шортанбай жырау, Ағадыр Ағыбай батырын, Жаңаарқа Сәкендей дауылпаз ақынын жас ұрпақ жадында қалдыру үшін республика деңгейінде айтулы шаралар өткізсе, солардың нақ ортасында облыстық теледидардың журналистерінің қатарында жүріп қаншама хабарлар дайындадым. Осындай рухты көтеретін дүниелердің арқасында өз басым олардың ұрпақтарын қатыстырып, туған жерінен-қызмет атқарған жолдарының бәрінен жүріп өтіп,архив ақтарып алғаш рет облыстық теледидарда «Тәбәрік» атты авторлық бағдарламамды ашып 30-дан аса тарихи-танымдық дүниелерді көрерменге ұсындым. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған 5 жылдан аса көрермен көңілінен шыққан «Жұмадан жұмаға дейін» бағдарламасы жайлы жезқазғандықтар әлі күнге жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерін де айтып жүр. Әсіресе, 1992 жылғы дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына келген қандас бауырларымыздың Ұлытау топырағына табандары тиген кездегі толғаныстарын жеткізген хабарларымды, сол кездегі алған әсерлерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлытаудай қасиетті мекеннің қадірін ұқсын деп сол кездегі облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы болған елге танымал азамат Кенжеболат Жолдыбаев ағамыз бастап, облыстық әуежайдың басшысы тікұшақ беріп қолдау көрсетіп үш сағат бойы әуеден түсірген бейнекөріністермен көмкерілген хабар да жерлестерімнің есінде шығар деп ойлаймын. Жезқазғандағы 13 жылғы журналистік жылдар мен облыстан бастап, республикамыздың бірнеше қасиетті жерлерін аралап хабар дайындаған жемісті жылдарымнан соң, жаңа елордасына ауысқасын да туған жерімнен қол үзген емеспін. Жезқазғандық елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов құрған «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының ұйымдастырған 1999 жылғы халықаралық «Алтай-Дунай» этнологиялық экспедициясына қатысып, үш ай бойы үш елдің шекарасын басып өтіп үш мың шақырым жолды біресе түйемен, біресе жаяу жүріп дайындаған 13 сериялы жолсапар баяным да туған жеріме, өскен еліме қызмет етуде теңізге тамған тамшыдай үлесім деп ойлаймын.»
Журналистік жол баянымның соңында осы сапар кезіндегі кездесулерді арқау етіп көрермендерге ұсынған, кезінде өзіміз еңбек еткен қасиетті шаңырақ «Дидар» телеарнасының ұжымына(Базарбай Әлеухан,Төлеш Асантегі,Нұрлан Әбжанов), алғашқы мақалаларым жарияланған «Сарыарқа» газетінің ұжымына(Дархан Мұқан,Амандық Рахұлы,Абдолла Дастанов), «Жезказганский вестник» газетінің,«Ұлытау»аудандық газетінің ұжымдарына, кездесуге арнайы келген өзім үлгі тұтатын аға буын ардагер журналистер Аманжол Үсентегі,Батырбек Мырзабеков,Сара Смағұлова,Сағымкүл Жантуринаға,ғалым Кенжебай Ахметовке, кітаптың таныстырылымын жоғары деңгейде жүргізген Ізтілеу Түсіповке,жүздесу үшін уақыттарын арнап келген туған жерімдегі жерлестеріме,сыныптастарыма ризашылығымды білдіремін.Теректіден басталған жолды Ұлытауға дейін жалғастырып,шырайлы кеш өткізуге ат салысқан Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омарға Ұлытаудай қасиетті жерді әлемге танытуда атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тілеймін.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әулиелі Теректіден-қасиетті Ұлытауға дейін»туған жерге тағзым ретінде өткізген кездесулер мен жылдар белесінде жазған дүниелеріміз аядай ауылынан бастау алып, кең байтақ қазақ даласының барлық өңірін қастерлей білуге,сан қатпарлы тарихтың құпиясына үңіліп, өлке шежіресін зерттеп-зерделеуде жас ұрпақтың талпынысын оятуға септігіміз тисе мақсатымыздың орындалғаны деп санаймын.
Базаргүл Сейітжанқызы.