Келер жылдан бастап, еліміз бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сонымен қатар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға мүмкіндік беретін жаңа механизм іске асырылмақ. Ол –Бірыңғай жиынтық төлем механизмі. Мұндай тиімді жаңа жүйені енгізуді Елбасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тапсырған болатын. Мемлекет Басшысы өз сөзінде: БЖТ-ның тиімділігі, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар оны төлеу арқылы өздерінің барлық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысу мүмкіндігіне жол ашатынын қадап айтты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жаңа жүйені енгізуге қатысты тапсырмасынан кейін, оны жүзеге асыру барысында қажетті заңнамалық өзгерістер жасалған болатын. Ол туралы Qazir тілшісі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Әбдыхашімұлы Тоқтыбаевтан сұрап білген еді.
-Қанат Әбдыхашімұлы, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі немен байланысты?
- Иә, алдағы уақытта, формальды емес жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру үшін салық органдарында жеңілдікпен тіркеуді көздейтін Бірыңғай жиынтық төлем жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Бұнда бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін, жалпы режимге қарағанда салық және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен мөлшерлемелер айқындалатын болады.
Тағы бір нәрсені айта кету керек, Бірыңғай жиынтық төлем төлеу формальды емес жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуге ғана емес, сонымен қатар жаңа механизм оларға міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері сараланған, яғни нақтырақ айтсақ, әр түрлі сақтандыру қорларына жарналар сомасын өз бетінше төлеу қажеттілігі жоқ.
-Бұл ретте Заң жобасының шеңберінде қандай өзгерістер және толықтырулар еңгізуге ұсынылады?
- Осы мақсаттарға байланысты, Заң жобасының шеңберінде:
Біріншіден,бірыңғай жиынтық төлемін енгізу арқылы формальді емес өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыру бойынша жүйелі шаралар.
Екіншіден, «жұмыспен қамтылған» және «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» бірыңғай анықтама, сондай-ақ жұмыспен қамтылған халыққа жататын санаттар және үшіншіден, әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақылық қамтамасыз ету туралы заңдарда төлеушілер санатын біріздендіру ұсынылады.
Бұған қатысты, ағымдағы жағдай көрсеткендей формальды емес жұмыспен қамтылуға салық органдарында тіркелу және есептен шығу рәсімдерінің қиындығы сияқты факторлар әсер ететіндігін де ескерген жөн.
-Ал осы бірыңғай жиынтық төлемді кімдер қолдана алады?
-Бірыңғай жиынтық төлем табыс алу мақсатында қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады, алайда олар:
Біріншіден, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбаулары
Екіншіден, жеке тұлғалар үшін жұмыс істеулері, қызмет көрсетулері;
Үшіншіден, жеке тұлғалардың тұтынуы үшін жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру талаптарын сақтауға тиіс.
Сондай-ақ, бұл ретте, күнтізбелік жыл ішіндегі шекті табыс 100 еселенген ең аз жалақыдан аспауға тиістігі де көрсетілген.
-Қанат мырза, енді осы бірыңғай жиынтық төлемді керісінше кімдер қолдана алмайды?
- БЖТ- сауда объектілерін қоса алғанда, мүліктің сауда объектілерінің аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға;кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын мүлікті жалға беретін жеке тұлғаларға;Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға;оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдарға және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдарға қолданылмайды.
-Бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі формальды емес жұмыспен қамтылғандар үшін қандай мүмкіндігін береді?
-Бұл жерде Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу формальды емес жұмыспен қамтылғандар үшін:
-медициналық мекемелерді таңдау құқығымен сомасы және түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
-екіншіден, жүйеге қатысу өтіліне қарай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және базалық зейнетақы төлемдерін алуға, сондай-ақ, еңбек ету қабілетін, асыраушысынан айрылу, жүктілік және туу, бала асырап алу, 1 жылға дейін баланы күтіп бағу жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.
-Ал мұндағы Бірыңғай жиынтық төлемнің еңгізу мерзімдері және мөлшелері қандай болмақ?
-Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшерлері қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш, ауылдарда 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады.
Ал Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу мерзімі 5 жыл.
-Сонда мұндағы Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі неден құралады?
Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі:
-10 %-дық жеке табыс салығынан;
-мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар 20 %;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 30 %;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 40 % көрсеткіш үлесінен құралады.
Тағы бір айта кететін жәйт; Бірыңғай жиынтық төлем 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады деп жоспарлануда.
-Енді, Қанат Әбдыхашімұлы, «Халықты жұмыспен қамту туралы» қолданыстағы заңға қандай айқындамалар енгізу жоспарлануда?
«Халықты жұмыспен қамту туралы» қолданыстағы заңда «жұмыспен қамтылған адам» айқындамасы көрсетілмеген, ал «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» айқындамасы Халықаралық еңбек ұйымының статистикалық жіктеліміне сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатын атап өтеді. Оған қоса, заңнамаларда «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» ұғымы әр түрлі түсіндіріледі.
Ал «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңда жоғарыда көрсетілген терминдерді бірыңғай қолдану үшін мынадай айқындамалар ұсынылады:
Жұмыспен қамтылған адам деп – ақы және (немесе) кіріс алу үшін мүлікті пайдалану, тауарлар өндіру, тауарларды сату, қызметтер көрсету арқылы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.
Ал тәуелсіз жұмыскер деп – кіріс алу мақсатында тауарлар өндіру (өткізу), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестіктің және акционерлік қоғамдың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлері), өндірістік кооперативтердің мүшелерін қоспағанда мемлекеттік тіркелусіз, дербес қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға танылса,
Жалдамалы жұмыскер деп– еңбек шарты бойынша жұмысты орындайтын жеке тұлға не тәртіптемені және жұмыс істелген уақыт не өндірілген тауардың бірлігі үшін не көрсетілген қызметтер үшін төлемді тапсырыс беруші айқындайтын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға танылады.
Заң жобасында осы жеке тұлғалардың қызметі мен олар алатын табыс көздері және жұмыс орнын қамтитын жұмыспен қамтылған халықтың санаттары қайта қаралды.
Осылайша, қолданыстағы регламентпен салыстырғанда жұмыспен қамтылған халықтың құрамына жұмыспен қамтыған халық санаты енген жұмыспен қамтылған адамдарды барынша нақтылау ұсынылады.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерді енгізумен қатар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдарда әлеуметтік төлемдер мен жарналар төлеушілер бір жүйеге келтірілді деп толық айтуға болады.
- Қанат Әбдыхашімұлы,халықтың игілігі үшін қолға алынған жаңа бастаманың мән-жәйімен таныстырып, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Салтанат Сәдібекқызы.