Еліміздің тарихынан ойып орын алатын ежелгі астаналары жайлы не білеміз? Елорда көшелерінің атауын алған , алғашқы қазақ хандығының астанасы болған, мыңжылдықтар астанасы атанған Сығанақ қаласы туралы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі. «Сығанақ – қыпшақ даласының айлағы», «Сығанақ – аймақтың солтүстік жағындағы жер жәннатының шеті», «Сығанақ – мыңжылдықтар қаласы», «Сығанақ – алғашқы қазақ хандығының астанасы», «Сығанақ – қазақтың алғашқы ордасы» – бұл теңеулер тарихи қаланың құдіреттілігін, киелілігін көрсетеді.
Х ғасырда Сығанақ – ғұндар мен қаңлылар тайпасының, ал ХІ ғасырдың екінші жартысында әлемге әйгілі қазақ халқының құрылуына ұйытқы болған қыпшақтар мемлекетінің Шығыс бөлігінің астанасы.
Сығанақ қаласы ХІ ғасырдың екінші жартысында қыпшақтардың Сыр бойына келуіне байланысты олардың орталық қаласына айналды. Сауда орталығы, керуен жолының маңызды қаласы.
Парсы саяхатшысы ибн Рузбихан Исфахани: «Сығанақ қаласы аймақтың солтүстік жағындағы жер жәннатының шеті» деп сипаттаған. Сығанақ кезінде Дешті Қыпшақтың шекаралық сауда бекеті ретінде ғана емес, аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен де даңқы шыққан.
Медицинаның жақсы дамыған жері. Қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болды. Сауда қатынасының, мемлекет арасындағы экономикалық қатынас, саяси жүйе, төзімділік, хандық, ұлтаралық достастық және ұлттық бірегейліктің нышаны іспеттес бұл қаланың қазақ халқы үшін маңызы зор.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен