«Жұмыс орнында таңертеңнен кешке дейін қозғалмай отыратын адамдар остеохондрозға жиі шалдығады. Бұл біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде 80 пайызға жуық адамда кездеседі. Мұндай сырқатқа шалдыққандар мануалды терапия арқылы емделе алады.» Мануалды терапияның ерекшеліктері жайлы «CENTRAL CLINIC» ЖШС аурудың алдын алу және оны емдеу орталығының реабилитолог-дәрігері, мануалды терапевт Гүлшат Есетқызы Мұхтармен сұхбаттан біле аласыздар.
- Медициналық мамандықтар тізімінде мануалды терапевт дегенді кездестірмеппін, сонда бұл салаға мамандар қайда дайындалады?
- Менің негізгі мамандығым педиатр. Алты жыл бойы елордадағы медициналық университетте педиатрия тобында оқыдым, одан кейін бір жыл оқып, интернатурасын бітірдім.
Бір жылдай педиатр болып жұмыс істегеннен кейін болашақта ішкі түйсігіммен реабилитолог- дәрігер болатынымды сездім, университетте жүргенде-ақ өзім реабилитолог, иммуннолог немесе диагностикаға барғым келген. МРТ,КТ,Рентген аппараттарымен жұмыс істеуге оқығым келген,бірақ ата - анамның « қыз баласың, болашақ анасың, денсаулығыңа әсер ететін ондай аппараттармен жұмыс істеу қиын» деген ақыл-кеңесіне құлақ асып, содан осы қайта қалпына келтіру саласын таңдадым,бірнеше жылдан кейін мануалды терапияға бардым.
Алматыда Андрей Васильевич Чемеристин кафедрасында екінші мамандық алу бойынша мануалды терапияны бітірдім. Емдік денешынықтырудан гөрі мануалды терапия жаныма жақын,өзіме ұнайды. Екінші жыл жұмыс істеп жүрмін. Оған дейін оның әдіс- тәсілдерін білетін едім. 2015-2016 жылдары Германияға екі рет барып білімімді жетілдіргенмін.
- Жұртшылық жаппай алатын емдік массаж бен мануалды терапияның айырмашылығы неде,бұл сала дамыған елдерде ғылым ретінде қарастырылады емес пе?
- Манус – грек тілінен аударғанда, «қол» дегенді білдіреді. Демек, мануальды терапия дегеніміз-қолмен емдеу тәсілі. Бұрын сынықшылар болған ғой. Бұрыннан ол Қытайда, Үндістанда, Батыс та да болған. Еуропада ол ғылым ретінде дамыған. Сол 20 ғасырдың 70 жылдары Еуропада дамыған болса,80 жылдарға қарай бұрынғы Кеңес одағына таралған. Біздің Қазақстанда 80 жылдардың соңы мен 90 жылдарға қарай кафедра болып ашылды.
Сіз айтқандай, көпшілік мануалды терапия дегенде қолмен емдейтін массажист мамандар деп ойлайды, массаж ол емдік массаждар мен классикалық массаждар, лимфодренажды массаждар болып бөлінеді. Ал,мануалды терапевтерге келетін болсақ, Еуропа мен Американы жане Ресей мен Қазақстанды алатын болсақ, екі жақты алып салыстыра қарайтын болсақ, Еуропада және Америкада остеопаттар олар біз сияқты 7 жыл дәрігерлік оқуды бітірмегендер, олар 3-5 жылдай кинезотерапияны бітіреді де әрі қарай білімдерін жетілдіреді. Ал бізде, Ресейде баскаша. Бізде массажист мамандар бір-екі айлық курстардан өтеді де массаж жасай береді.
Оған дене шынықтыру мұғалімдері, яғни педагогтар мен кіші медицина қызметкерлері, мейірбикелер бара береді. Ең көп дегенде екі ай оқиды да, ем жасауға рұқсат етіледі.
Ал, Еуропаның немесе Американың заңы бойынша оларда массажист маман болып шығу үшін ең аз дегенде екі жыл оқуы тиіс. Ол үшін анатомияны толық оқиды,бұлшық ет, қай сүйек қай жерде орналасқан,сіңірлердің бәрі қайда бекіген,әр сүйектің ерекшелігін бәрін-бәрін оқиды.
Енді емдік денешынықтыру нұскаушыларына келсек,олар да бір ай оқыған соң ем жасауға рұқсат алады. Олар инсульттан кейінгі емделушілермен жұмыс істейді,жарақат алған,сал ауруы анықталған балалардың денсаулығын қалпына келтірумен айналысады.
Бізде медицинада реабилитация және абилитация деген ұғым бар. Оның мәнісін түсіндіре кетсем, реабилитация бұл- мысалы, инсульт алғанға дейін дені сау,он екі мүшесі аман болған,сол адамның аурудан кейін бұрынғы қимыл-қозғалысын қайта қалпына келтіру .
Абилитация бұл-жаңа туған баламен айналысқан кезде, мысалы, туа сала сал ауруына шалдыққан балада ондай қозғалыс болмағандықтан, ол басын ұстау, еңбектеу мен тұруды білмегендіктен, соларды үйрету. Мен өзім 7 жыл медициналық университетті оқып бітіргеннен кейін,интернатурадан кейін, 4 ай курсты бітіргесін емдік денешынықтыру дәрігері болып шықтым. Бұл курстар еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының бәрінде бар. Атап айтсақ, Алматыдағы, Қарағандыда, Ақтөбеде, Семейде және Нұр-Сұлтан қаласында.
Емдік денешыныктыру дәрігері кеңестерін берсе,нұсқаушы емделушімен тікелей жұмыс істейді. Басын ұстауға,аунату,қолын тіреу сияқты қозғалыстарды үйретеді.
Көзге көрінбейтін белгілерді сіз науқасқа қарап отырып,оны қалай анықтай аласыз...
- Біз МРТ, КТ- ға жібереміз. Жалпы тексеру жасаймыз, буындардың, қимыл- қозғалысын аныктаймыз.
- Мануалды терапевтер қазір кандай емдеу тәсілдерін колданады?
-- Мануалды медицинаның әр түрлі жүйелері бұрыннан белгілі. Оның ішінде кең тарап келе жатканы остеопатия және хиропрактика. Бұрын жарақат алғандарға тез, қатты қимыл жасатуға мүлдем болмайды,ондай сырқаттарда қатты ауырсыну сезімі қайта басталып кетсе,оны басу қиын.
Бұл әрі мамандарға да байланысты,кейбірі ол әдіс-тәсілдерді қолдана береді,біреулер оны ұстанбайды. Бір маман шалт қимылды ұнатса,енді бірі баяу жеңіл қозғалыс әдіс- тәсілдерін пайдаланады.
- Ал остеопатия туралы айтып кетсеңіз?
Остеопатияға қарай ойысатын болсақ,бұл елімізде енді ғана дамып келе жатыр. Қазақстанда ондай маман даярлайтын институт бар. Надежда Красноярова деген профессор ашқан. Қателеспесем, 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.Ол кісі әрбір үш жыл сайын түлектерді дайындап шығарады,3 жыл сайын жаңадан қабылдайды.Ондай институт Бішкекте бар,қазақстандық мамандар сол жаққа немесе Санкт-Петербургқа барып оқиды. Ол жерде дәріс беретіндер Америка мен Еуропада оқып келген мамандар. Сол жерде мамандарды жинайды да тәлімгерлік сабақтарын өткізеді. Әсіресе мануалды терапия дамыған Франциядан мамандар көптеп шақырылады.
Ол оқу түрін сырттай деп айтуға болады, бір ай сайын төрт-бес күнге жинап оқытады.Сонда жылына 10 семинар 5 күннен өтіледі.
Мануалды терапия дегенде емделушілерде де,тіпті кейбір дәрігерлерде де қорқыныш бар. Олардың түсінігі бойынша қатты сытырлату арқылы қозғалысқа негізделген деп санайды.
Медицина дамығаны сияқты мануальды терапия мен остеопатия да дамып келеді. Егер организмге жеңіл,нәзік қимыл арқылы әрекет етсең ол да саған солай жауап береді. Егер қатты қимыл арқылы әсер етсең ол да солай қарсы әрекетке көшеді. Мануалды терапиядан қорқудың қажеті жоқ,тек оның кері әсерінен сақтану қажет.
Адамды сауықтырудың басты күші ол - оның сенімінде. Әрбір адам өзіне –өзі көмектесу керек,ал мамандар соған себепкер болады. Қазір медицина дамыған сайын тіпті бастағы қысымды қалпына келтіруге болатын,ішкі ағзаға әсер ете алатын да әдістер бар.
- Мануалды терапия арқылы тағы қандай ауруларды емдеуге болады?
- Омыртқа аурулары,яғни омыртқа бойының қисаюы, остеохондроз,омыртқа жарығы(грыжа) осы ауруларды емдейміз.
- Сонда толық сауығу үшін қанша ем немесе сеанс алу керек?
- Ол емделушінің сырқаты мен жағдайына байланысты. Жедел аурулар кезінде бір күнде бір сеанс,аптасына бірнеше сеанс алуға болады, кейбір созылмалы сырқаттар үшін аптасына екі рет,бірақ ол мамандардың өзіне де байланысты. Кейбір сырқаттар үшін күніге,енді бір науқастарға күнара белгіленеді. 3немесе 10 сеансқа дейін созылуы мүмкін,біреулер 1 сеанстан ғана жазылып кетеді.
- Осы орталыққа қандай сырқат белгілерімен көп келеді және оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Ең көбі остеохондроз деп айтсам қателеспеймін, сосын омыртқа жарығы,кейде көлік апаттарының салдарынан кейін де келіп жатады. Қазір адамдар аз қозғалады. Көбісі таңертең жұмысқа барғаннан бір орында тапжылмай компьютердің алдында отырады. Аз қозғалған адам ауру болады. Омыртқа ауырған кезде оның ішіндегі жұлын қысылып,адам денесіне тарайтын қан айналымы әлсірейді. Ал,омыртқа жарығы қара жұмыстан да, жас ұлғайған сайын омыртқа жотасы иілгіштігін жоғалтып,оның арасындағы дискінің жұкаруынан да болады.
Спортпен айналысуға,бассейнге барып жүзуге уақыттары жетпейді,адамдар өз денсаулықтарын жеткілікті дәрежеде күтуге мән бермейтін сияқты.
Адамдар бірер ем қабылдап,жылдар бойына созылған сырқаттардан бірден айығып кете алмайды, сондықтан дертіңді асқындырмай алдын алу,үнемі қозғалыста болу,табиғат аясында серуендеу, жаттығулар жасауды күнделікті әдетке айналдыру қажет. «Ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде» дегенді есте сақтаған жөн.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.