Сауда маркетингінде мінсіз бренд, беделді марканың белгісі болған тұлғаны амбассадор десе, бүгінгі сұхбаттың кейіпкері Сиюов Сағатбекті адамның ұнамды сапаларының, адалдық пен адамгершіліктің амбассадоры деуге дәлел көп. Арбаға таңылса да, жанының апаттан аман қалғанын Жаратқанның ерекше сыйы деп түсінген, алдағы арман-мұраты анық, жардан құласа да жаны құлазымаған жігіттің жігеріне жұрт қызығады. Өзгеге үлгі болған, үміттерді сөндірмеген, мұқалған жандарды мінбелерге жетелеген Сағатбектің құлшынысы, идеялары мен жобалары, дербес жетістіктері тағдырластары мен замандастарының қойын дәптерлеріне де, жүрек-дәптерлеріне де жазылып жатыр.
QAZIR: Сағатбек, өзіңді жалпы әлеуметтік желілерден ерекше күтімді қажет етуіңе қарамастан есесін ешкімге жібермеген ерікті ретінде танимын. Қызылордада екеніңе қарамай, QAZIR-мен еркін әңгімелесудің орайы келді, әңгімені көпшілікке өзіңізді таныстырудан бастап тарқатайық.
Сағатбек: Ассалаумағалейкүм! Адамға айтып мақтанар мансабым жоқ. Тек қуанышпен, ізгілікпен, ізет көрсетіп, алғыс айтып жеткізетін жайттар ғой. Қандай жетістік болмасын барлығы Жаратқанның бұйрығымен жазылған дүние. Сансыз шүкіршілік етемін. Қызылорда тумасы, Қуанышбайдың ұлымын, қарапайым отбасында туып-өстім. Бес жыл бұрын кенеттен болған жол апаты жансақтау бөлімінен бірақ шығарды. Алдымен Алла, содан соң абзал жандылар аман алып қалды, ес-түссіз қалған адам тіпті жан-жағындағыларды оңдырмай есеңгіретеді екен, өз-өзіме келгенде тағы туғаныма тәубе қылысып жатты жұрт. Көрер жарығымның баршылығы ғой, апатқа ұшыраған көлікті көргендер онда тірі адам қалды деп ойламапты-да. Көлгірсімей-ақ қояйын, әрине, әупірімдеп әзер іліктім қатарға. Бірақ қиыншылыққа кезіктім деп қамығып, қол қусырып, тағдырға лағынет айтып, тосыннан түскен күйіме күңіреніп, күрсінетін құқығым болмады. Жарық дүние мен үшін жалғасын тапты, демек, менің орындамаған міндетім қалды. Оның үстіне жігіт емеспін бе, күреспей жатып жеңілуге жол жоқ. Жақындарым, жолдастарым, бауырым мен қарындасым бар. Әрқайсысы мен үшін жеке-жеке мотиватор, жетелейтін күш қой. Қайсының алдында болмасын орындалмаған міндетім, ақтамаған борышым бар. Осыдан соң ұмтылмай көр алға?!
QAZIR: Содан, Сағатбек, көпшілік ортаға жаңа кейіппен кірігіп кету де оңай болмаған шығар? Алғашқы амалдарың қандай еді?
Сағатбек: Алдымен өзім сияқтыларды іздедім.
QAZIR: Неге?
Сағатбек: Бірден байқадым, қайда барсаң да кеше ғана жүгіріп жүрген жанға бүгін кемтар ретінде қарайтындар көп. Бұл әділетсіздік емес пе? Одан тіпті өзім ұялатын болдым. Ақыл-есім түзу, санам сергек, ертеңге еншілеп қойған тау-тау жоспарым бар. Жалғыз ғана арба үшін кемсіткен көзқарастар мен пікірлерге келіскім жоқ-тын. Ойлап қарасам мен сияқты мүмкіндігі шектеулілер қаншама, туа біттісі бар, жүре біттісі бар. Көпшілігі тіпті тығылып өмір сүріп жатыр. Неге? Өйткені орта қабылдамайды, ұяламыз, әлдеқашан қалыптасқан көзқарастардан қымтырылып, қысыламыз. Өзгерту керек! Барлығы қоғамның бір-бір мүшесі, сорымыз бес елі болса да бақытты болуға әбден лайықпыз. Бізге қатысты қоғамның көзқарасын өзіміз өзгертпесек, кімнің дауы кімге олжа? Өз қолымызға алу керек! Сөйтіп қаламыздағы еріктілермен танысып, қатарларына қосылып, түрлі шараларға қатысып, қолдан келген өнерімізді көрсетіп, міне, мүгедектің де мінер белесі бар дегендей жария күрес басталды. Кейіннен тағдырластарымның да қатары артып, қосыла бастады, әрқайсысы ашылып, аламанға шаппаса да, адами құндылықтарды аңғарып, өмірде өзінің еншісінің барын баса айта алатындай болды. Екі жылдан астам уақыт бойы өзім ерікті болдым. Еріктіліктің өзі ешкімнен ақы пұлдамайтын, адамға міндет қылмайтын жәрдем ғой. Менің жәрдемім - мүгедектерге жұрттың пікірін өзгерту.Қазір шүкір, шығыс пен батыстан жетіп жатқан өркениет үрдістерінің толеранттылық сияқты озық үлгілері орасан өзгерістер енгізіп жатыр. Елдің де еріктілер, ерекше жандар туралы топшамалары түзеліп қалды.
QAZIR: Иә, өзің ерікті ретінде көптеген спорттық, мәдени шараларға қатысып, алып жатқан алғыс хаттарыңда есеп жоқ. Самғау сыйлығын иелендің, бұл қалай жеткен жеміс? Паблигіңді қарасам, парабиді де «сындырады» екенсің. «Жылы жүрек жастар» еріктілер қозғалысына жетекшілік етіп келе жатқаныңа жылдың жүзі болып қалды. Мұндағы мақсатың не? Алда көздеген жоспарларың қандай?
Сағатбек: Негізі жоспарлы жүргенді жаным сүйеді, әр қадамыма есеп беремін, себебі әрбір әрекеттің нәтижесінің болуы шарт. Арық сөйлеп, семіз шық деген бар ғой, алдағы жоспарларды нәтижеден көрерсіздер. Ол туралы үзік сыр алдағы сұхбаттар еншісінде болсын. Ал осы күнге дейінгі марапаттар мен жеңістер ерікті ретінде жасаған еңбегімнің жемісі деп білемін.Мақтан тұтты деп ешкім сөкпесін. Жария етудегі мақсатым – жұртшылыққа жан мейірімінің, еріктіліктің, ұмтылыстың бір белгісін көрсету. Әркімнің қолынан келетін қызметтің үлгісін көрсету, оған өзгелерді баулу. 2017 жыл табысты болды. Астанамыздың 20 жылдығы қарсаңында болған облыстық патриоттар форумында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы қолынан «Жыл патриоты» марапатын алдым, Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Машбекұлының өңір жастарына арнаған «Самғау» сыйлығының иегері атандым. Параби бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында Freestyle Group аталымы бойынша 1-орынды алдық. Қызылорда өңірінде 1 оңалту орталығы бар, ерекше күтімді қажет ететіндерге арналған, солардың арасынан іріктеліп, «Жыл адамы» болдым. Бұның барлығы маған артылған сенім. Еңбектер еленіп, марапат бұйырған сайын ел алдында серт қабылдағандай боламын. Оны ақтау керек, ақталуы тиіс әрбір аманат үшін аянбай еңбектене түсу керек. Осы мақсатта 2017 жылдың желтоқсан айында қаламыздың қайырымды жастарының басын қосып, «Жылы жүрек жастар» қозғалысын жасақтап, отызға жуық жалындап тұрған жастар мен еріктілер жұмысын бастады. Мақсатымыз: түрлі діни ағымдар жетегінде кетіп жатқандарға жәрдемдесу, жиі байқалатын қатыгездік пен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, мейірімділікке тәрбиелеу, бірлескен жұмысқа өзің белсене ат салысу арқылы өзгелерді баулу, ауызбіршілік пен мейірімділікті насихаттау. Қарттар үйінен бастап балалар үйінің аралығында атқарылып жатқан шара қаншама, олардың барлығын айта бермесек те, аянбай еңбектеніп жүргеніміз аян. Абырой, атақ, бір жапырақ мақтау қағаздары үшін емес, өзгеге өнеге беру арқылы имандылыққа бастау.
QAZIR: Біз білмейтін қандай қиыншылықтар бар, мемлекеттің мүгедектерге жасаған жағдайы жеткілікті ме? Тағдырластарыңызға қандай үндеу жолдайсыз?
Сағатбек: Бір нәрсені анық білсек екен: біз кемтар емеспіз, біз ерекшеміз. Тағдырлас қанша жан бар, айтып кеттік қой. Қоғамның сізге көзқарасы қалай өзгермек, егер сен болмасаң, мен болмасам, біздің потенциалды көрмесе, қолымыздан не келетінін білмесе, мүгедектер мемлекетке алақан жайып отыра береді дегендердің пікірі қалайша өзгермек? Стресстегі адамның суға батқан сүйріктей күй кешетіні рас, бірақ біздің ортаға бейімделуімізге мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған, кім сол мүмкіндікті қалай пайдалана білсе, жетістігі сондай болмақ. Әрине, қоғамдық қызмет көрсету орындарына, ойын-сауық орталықтарына мүгедектер барса кіре алмайтын, кірсе шыға алмайтын жерлердің болуы, білім алуға қолжетімділік сияқты кемшіліктердің барын мойындаймыз. Бұл уақытты қажет ететін кемшіліктер ғой. Оның шешімін ұсына білуіміз керек. Жәрдемақы мен атаулы көмектен өзге жыл сайын оңалту орталықтарынан ем алу, жыл сайын мемлекеттің беріп отырған шипажайдағы емшаралары, ерекше күтімді қажет ететіндердің спортпен, қолөнермен, ән-би, күймен, кәсіппен айналысуға жасаған жағдайы, жүріп-тұруын қамтамасыз ететін инватаксиінің өзі кедергісіз келешекке апара жатыр. Тек осындай мүмкіндіктің барлығын игілікке, тиімді пайдалана білуіміз керек. Үнемі ізденісте болу керек, жаңа заманның жастарына қойылатын басты талап та осы. Бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі ізденіп, көшке ілесетін қарекет қылу керек. Ұстаным «маған кім көмектеседі емес, мен кімге көмектесемін» болуы тиіс, кейде мүгедектер тауып алатын мәселенің өзегі осы болып жатады.
QAZIR: Сағатбек, үнемі жарқын жүздісің. Ерік-жігердің құм болып кетпеуі үшін қандай қағиданы ұстанасың? Арманың қандай?
Сағатбек: Адамға өмір бір рет қана беріледі, ал маған екі рет, еселеп берілді, неге күлімдемеске, неге жадырамасқа?! Оның үстіне күліп жүру сүннет. Өзім күлімдеп жүрсем, жүзім нұрланып тұрса жанымдағылар да жадырай түспей ме?!Ер азамат болған соң болмысымызбен бойымызға бітетін борыш бар емес пе, берекелі баспана болатын үй салып, ағаш отырғызып қойдық. Енді саналы ұрпақ тәрбиелеп өсіруді нәсіп еткейсің деп жалбарынамын. Арманым осы – адал жар кездестіру, күрдерімді үзгім жоқ, аяққа тұруға ұмтылудамын. Өзге де жандарға жәрдемдесу мүмкіндігінен айырмасын, алар асулар алда ғой әлі.
QAZIR: Достарың көп пе?
Сағатбек: Бұрын соңды өздеріне айта бермейтін едім. Өзінің сүйіктілеріне ғана сын жіберетін Ұлығым ұлын ұшыратқан апат менің сынағым емес сияқты-тын. Ол төбемде тапжылмай отырған адал, арда достарымның, кеше ғана шауып жүрген құлынын мүгедектікке қимаған шешенің, ағам деп, аңқылдап еркелейтін қарындастың, ізетті інінің сыны еді. Мен мертіккенде барлығы жанымнан табылды. Ат-тонын ала қашқан, өз күбіңді өзің саба деген кейіп танытқан ешкім болмады. Ауру адам ұрысқақ емес пе, бастапқыда қаперімді қармаған қылықтарым қандай қолайсыз болса да, мінезім қандай мән көрсетсе де қабақ шытпаған достарым ерледі. Мен бай емеспін, кешіп жатқан күніміз қарапайым, бірақ досқа баймын. Көп көрмесінші. Бұған қалай жігерленбеске?! Мен дос ұғымын қатты қастерлеймін.
QAZIR: Есіңде қалған ең ыстық естелік қандай?
Сағатбек: Негізі, мен кемпір-шалдың баласымын ғой. Жасым нешеде екені есімде жоқ, бірақ көрініс әлі күнге дейін жадымда. Ауылда тұратынбыз. Атам денелі, ірі кісі болатын. Үстінеде шәйнегі ысқырып тұрған пештің түбінде жатып тынығатын. Сақалын әбден ақ басқан шақтың өзінде денсаулығының мықтылығы ғой, отыз екі тісі маржандай тізіліп, түп-түзу болатын, жаңғақты аузымен шағатын. Сөйтсем атамның бір күні ауырып жатқанын білмей, мен мазалай беріппін. Алдына отырғызып алып, жаңғақ шағып беріп, шырағым деп өзі жегізіп отырған көрінісі кешегі күн сияқты есімде. Сол сәт, атамның мейірімі менің жүрегімнен суырылып шығатын ең ыстық естелік.
Қысқа-нұсқа:
QAZIR: Бойыңда қандай жасырын талант бар?
Сағатбек: Кішкентай кезімде суретті «сықитып» жіберетінмін, кейін қағаздан әр-түрлі бұйым жасауды ұнатып жүрмін.
QAZIR: Ең керемет күн...
Сағатбек: ...қара су болса да бейбітшілік пен бірлікте ішуге болатын, отбасың мен жақындарыңның амандығын көрген әр күн керемет.
QAZIR: Өмірлік ұстанымың қандай?
Сағатбек: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып қақың бар жүгіруге» (Мұқағали).
QAZIR: Жиі...
Сағатбек: ...мойындаймын, мен жиі шыдамсыздық танытамын.
QAZIR: Бос уақытта...
Сағатбек: ...түбін түсіріп шырқамасам да, әу деп ән саламын.
QAZIR: Сенемін...
Сағатбек:бұл уақытша қиыншылық, алда аяққа тұрып кететініме, тек жақсылықтың кұтіп тұрғанына.
QAZIR: Саған берген ең бағалы кеңес қандай?
Сағатбек: Өткенді өзгерте алмайсың, сондықтан өкінбеу керек. Ал ертеңгі күнді өзгертуге мүмкіндік бар, сондықтан ерінбей, еңбектене бер. Өмірден, ортадан не аламын деп емес, не беремін деп ұмтыл!
QAZIR: Ең басты үш құндылық...
Сағатбек: адал достық, қоғамға қызмет ету, денсаулық.
Әңгімелескен: Жәннат Манасбайқызы.