Адамды киіміне қарап қарсы алатын заманда жан дүниесіне сай жарасымды киіне білу екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі біреуге еліктеушілік онсыз да өзіне сенімсіз адамды одан әрі жолынан адастырады. Имидж-стилист Аида Есеналина сұхбатында дұрыс киіне білудің қыр-сырын түсіндірді және жаңа тренд, жеке стиль, сәнді образ ұғымдарына тоқталды.
Qazir: Қазақстанға әлемдік сән үлгілері уақытынан кеш келе ме?
- Тым кеш келеді деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі интернеттің заманында қазақстандықтар сән үлгілерін бағып, әлемдік шоу-бизнес және streetstyle жұлдыздарына еліктеп отырады. Таңдалған киімдер мен аксессуарлар біздің елде жоқ кезде, ғаламтор арқылы әлемнің әр түкпірінен тапсырыспен алдыртады. Сонымен қатар белгілі масс-маркет дүкендерінің ассортименттері соңғы сән үлгілеріне сай деуге болады. Осы аталған факторларға байланысты қазақстандықтардың көбісі соңғы трендтерден қалмауға тырысады. Ал бұл тенденция жыл сайын артуда.
Qazir: Биылғы жазғы және күзгі тренд қандай?
- Ең ауқымды тренд ретінде 80-ші жылдарды атап өтер едім, кейін флористикалық, анималисттік (леопард және басқа да хайуан принттері), этникалық, ғарыш, викториандық және американа мотивтері. Оверсайз немесе еркін пішінді киімдер, гиперкөлемділік пен көпқабаттылық. Бүрме және жалбыршақтар, пайеткалар, страздар, мамық, шашақтар мен мөлдір маталар. Ең сәнді түстер: ультрафиолет, қызыл, көк және сұр түстердің реңктері, сонымен қатар жарқын неондық түстер мен тотал лук. Әрине, классикалық ақ және қара түстер ешқашан сәннен шықпайды. Ал егер сіз трендтерді білмесеңіз, маңызды бір кеңесім бар – жыл мезгіліне қарай табиғат құбылыстарының түстерін таңдасаңыз, ешуақытта қателеспейсіз. Тағы да айтарым, міндетті түрде өзіңіздің жеке стиліңізді естен шығармаңыз.
Qazir: Елге белгілі қандай тұлғалардың стилімен айналыстың?
- Әнші Маржан Арапбаева, Майра Төлепберген, Гулжазира Берікқызы, Назира Бердалы, Талғат Байғұжинов секілді телерадио жұлдыздармен жұмыс жасап көрдім. Шын айтсам, мен шоу-бизнес жұлдыздарына шығуға талпынған емеспін. Жеке клиенттермен жұмыс жасағанды көбірек ұнатамын. Олардың ішінде бизнесмендер, лауазымды мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым адамдар бар. Бірақ та олардың есімдерін атай алмаймын, өйткені имидж-стилисттер де заңгер, дәрігерлер сияқты мамандық этикасы мен құпияны сақтайды.
Qazir: Астаналық қыз-жігіттердің киім талғамы қандай?
- Астана тұрғындарының басым бөлігі байсалды және консервативті киінеді. Мұның себебі қаламызда мемлекеттік қызметкерлердің көп болуынан шығар. Алайда қазіргі кезде классикалық дресс-код жарқын түстермен және қызықты фасондармен сәл жаңартылған. Кеңсе жұмысшылары да дресс-кодқа қайшы келмейтін, жарқын түсті сәнді киімдер кигісі келеді. Қыз-жігіттер болса, көптеген стритстайл блогерлер мен жұлдыздардың парақшаларын қарап, еліктеп, солар секілді киінуге тырысады. Қала тұрғындары отандық дизайнерлерге сенім білдіріп, олар ұсынған тауарларды сатып алуда. Сондай-ақ сән әлемінің өкілдері, оларды біз фэшиониста дейміз, әрдайым тек соңғы трендтер бойынша киініп, бір де бір сән апталықтары мен фэшн кештерден қалмайтындар. Бірақ бұл сәнді топ, әрине, астаналықтардың азғантай бөлігін құрайды.
Qazir: Өз-өзіне көңілі толмаушылықпен жиі кездесетін шығарсың. Ондай "комплекстер" неден пайда болған деп ойлайсың?
- Менің ойымша, көбінесе балалық шағында ата-аналарынан қолдау көрмеген адамдардың өз-өзіне көңілдері толмайды. Комплекстерден арылуға болады, ол үшін өз-өзіңді қолға алу керек немесе психологтың көмегіне жүгінуге болады. Менің мақсатым - жарасымды киім, көркін ашатын түс және үйлесімді шаш үлгісі арқылы адамның ерекше жаратылысын өзіне көрсету. Адам айнадан гармониялық образын, жаңартылған келбетін көргенде өзіне деген сенімділігі өседі.
Qazir: Өз стиліңді қалай табуға болады?
- Жеке стильіңді табу үшін ішкі дүниеңді түсіну қажет. Адамның мінезі, темпераменті, тәрбиесі, мәдениеті, комплекстері, талғамдары және өмір-салты оның стильіне тікелей әсер етеді. Мәселен, егер қыз-келіншектің мінезі сабырлы, инабатты, мейірімді болса, оған "lady like" стилі жарасады. Ал, керісінше, батыл, еркіндік сүйгіш, тәуелсіз әйелге "вамп" стилі үйлесу керек. Адамның ішкі дүниетанымын мүлтіксіз айқындағанда ғана, оның психологиялық жарасымды стильін табуға болады.
Qazir: Қазір бір ұнаған әдемі киімді сатып алу жеткіліксіз. Образды қалыптастыру қажет. Осы образ дегенді кәсіби тұрғыда түсіндіріп өтсең?
- Образ немесе имидж дегеніміз өте терең ауқымды ұғым. Кәсіби тұрғыдан қарайтын болсақ, имиджге 5 фактор кіреді. Олар - адамның келбеті (фактура), әлеуметтік рөлдері, атақ-беделі (story), оның ортасы (антураж) және ассоцияциялық образ. Осылардың барлығының жиынтығы ғана имиджді құрайды. Сол себептен адамның имиджімен айналысатын маман (имидж-стилист) оның ішкі жан-дүниесі мен психологиялық ерекшеліктеріне назар аудару керек. Ассоциациялық образы айқындалған соң, стилист оны киім, аксессуар, шаш үлгісі, макияж және парфюм арқылы айналаға жеткізеді.
Qazir: Қай кездерде адамдар стилисттің көмегіне жүгінеді?
- Көп жағдайда, маңызды іс-шараға барар алдында, өзінің стилін білмесе, лауазымы өскен уақытта, декрет демалысынан жұмысқа шығатын кезде, жігітпен танысып, күйеуге шыққысы келгенде және т.б.
Qazir: Киім тігуді қолға алып, дизайнерлік қырынан танылмақшысың. Жаңа жобаң несімен ерекшеленбек?
-Мен жақын болашақтағы жобама тәжириебесі бар стилист ретінде жақындамақпын. Киім тіккенде, ең бастысы, біздің қыз-келіншектердің өмірлік сұранысын ескергім келеді. Клиенттердің гардеробын талдау кезінде, жалпыға ортақ қажеттіліктерді байқадым. Сонымен қатар, кәсіби әлеуметтанушы маманмен бірлесе отырып, сұранысты айқындайтын әлеуметтік сауалнама жүргіздім. Жалпы, сәнді, базалық және әйел адамның нәзік пішініне ерекше назар аударатын киім жасағым келеді.
Сұхбаттасқан Мақпал Аманбай.