Бүгін «Шаһарларға саяхат» айдарында Жамбыл облысындағы Шу қаласы жайлы мәліметтермен таныс боласыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Қаланың іргесі 1928 жылы Түркістан-Сібір теміржолын салуға байланысты қаланған. 1960 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығына сәйкес Шу жұмысшылар кенті ауданға бағынатын Шу қаласы атанды. Сондықтан бұл дата Шу қаласының туған күні саналады. 1960 жылы аудан,1965 жылдан бастап облысқа бағынышты қала болса,1997 жылдың 1 сәуірінен бастап Елбасы Жарлығымен Шу қаласы Шу ауданының құрамына қайта қосылды.
2. Қала тарихынан бір үзік сыр. Абыз Асан қайғы бабамыз : «Шудың жағасы тұнған ну екен,жері малға құт екен» десе, бұл өңірдің атауын атақты Шу батыр есімімен де байланыстырады. 16-18 ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел тағдыры таразыға түскен шақта ерен ерлігімен көзге түскен батырлардың ішінде Қозыүй,Таңабай, Ақша батыр есімдерін ел құрметпен атайды.
3. Шаһарда орналасқан кәсіпорындар мен мекемелер. “Шу тепловоз жөндеу зауыты”, “Шу механикалық жөндеу зауыты”, “Шу астық тарату базасы”, “Шатыркөл” мыс кен орны , “Қызыл бидай”, “Шу автокөлік кәсіпорны”, “Шу жолаушы автокөлік кәсіпорны” АҚ-тары және “Қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС-і, т.б. кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс істейді.
4. Қаладағы әлеуметтік-мәдени орындар.
Білім беру және мәдениет орындарынан жалпы білім беретін 10 мектеп, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 2 колледж, 6 кітапхана, 1 мәдениет үйі, 2 стадион, мешіттер, т.б. мекемелер бар. Денсаулық сақтау орындарынан 1орталық қалалық аурухана, аумақтық емхана, тубдиспансер, отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және тіс емханасы халыққа қызмет көрсетеді.
5. Шу қаласы- тоғыз жолдың торабы. Шу қаласы бүгінде күніне жолаушылар тасымалына арналған 40-қа жуық поезды қабылдаса,одан бөлек, жүк поездарының саны да 30-дан асып жығылады. Ал,темір жол вокзалында 200 адамға арналған күту залы арқылы қыс айларында күніне 300 жолаушыны қабылдаса, жаз мезгілінде 1000-нан аса адамды еркін қабылдауға жағдай жасалған.
6. Қала мақтаныштары. Шу қаласы осы аттас аудан орталығы болғандықтан, осы топырақта өмірге келген Кеңес Одағының батырлары Саттар Елемесов, Саду Шәкіров, желтоқсан көтерілісіне қатысқан Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеуге аттанып қаза тапқан, ерлегі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған Бауыржан Таятаевтың батырларының есімін жас ұрпақ жадында сақтайды,құрметпен еске алады.
7. Қаланың қазіргі тынысы. Қалада бүгінгі таңда 35 мың 891 халық тұрады. Шу ауданының қасынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің өтіп жатқаны да қаланы одан әрі дамытуға мүмкіндік береді әрі Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандығының өзі бұл аймақтың тоғыз жолдың торабынан орын алғандығын айғақтайды.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен топтастырған: Раушан Бекмырзақызы.
фото: ашық ақпарат көзінен.