Биыл Ұлы дала даналарының бірі Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерейтойы. Осыған орай, 27 сәуірде ұлттың Ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болмақ, деп хабарлайды Qazir.kz
Халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Шымкент - Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне ұлтымыздың Ұлы билері Төле би,Қазыбек би,Әйтеке билерге биік тас тұғыр үстіндегі айбынды ескерткіштерін орнатты. Ескерткіш ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы комиссиясының шешіміне сәйкес, құзырлы органның бұйрығымен бекітілді.
Ескерткіштің ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов,Мемлекеттік органдардың өкілдері,ҚР Парламенті Мәжіліс және Сенат депутаттары,ҚР қоғам қайраткерлері,зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы қатысады. Республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен, ұлттық спорт ойындарымен жалғасып,Ұлы билерге арналған ас беріледі.
Бұл ескерткішті орнату идеясын ойластырып, тұғырына қондырған белгілі ұлтжанды азамат, мемлекетшіл қайраткер, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев. Былтыр осы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойына орай ұлы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, екеуінің ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылған болатын.