Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында мыңдаған шәкірт шетел асып, «инемен құдық қазыпты». Ал мұның сыртында әртүрлі шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қанша? Санын дөп басып айту қиын. Олардың қаншасы елге оралып, жемісті еңбек етіп жүр? Сол жастарымыз өзге елден нендей тың жаңалық, нендей тың серпіліс әкеліп жатыр? Бұл туралы бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында арнайы дайындалған журналистік зерттеу материалын ұсынамыз.
Ең алдымен, «Жастарды шетелде оқыту кемерінен асып бара жатқан жоқ па?» деген сұраққа жауап тауып алған жөн. Алысқа бармай-ақ, іргедегі 1,5 миллиард халқы бар Қытайға назар салайықшы. «Айдаһар елі» шетелге бала жіберуге айлалы көзбен қарайды. Жылына оқу мақсатында бірнеше мың адамды ғана шекара асырып, 2-6 айлық, әрі кетсе, бір жылдық білім беру курстарына аттандырады. Олардың денін мемлекеттік қызметкерлер құрайды. Саны жағынан алпауыт мемлекеттің шетелде 4-5 жылға оқытуға бала жібермеуінің астарында не бар? Бұл – бір. Екіншіден, 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекет тарапынан жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқсат береді екен. Осы екі мысалдың өзі елімізге біраз жайтты ұқтырса керек-ті...
Ал, Қазақстанда мемлекет тарапынан жыл сайын 3000 студентті 87 мамандық бойынша дүниежүзіндегі 32 елге аттандыруда. Бейресми орталықтар арқылы арман қуғандарды қоссақ, бұл сан тағы да еселене түсері белгілі. Бұл «шетелге бала оқытпау керек» деген ойды білдірмесе керек. Осы жағдайларды ескеріп, тек шетелде бала оқытудың санын емес, сапасын арттырып, кемерінен асып бара жатқан мәселенің тізгінін бір тартып қою керектігін аңғартады.
Әрине, келешектің көкжиегін кеңіту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуі қажет-ақ. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, осы бағытта «Болашақ» бағдарламасы жастарды өзі таңдаған озық оқу орнына орналастыру, оны оқуын бітіргенше қадағалау, сосын елге қайтқан соң жұмыспен қамту сынды жұмыстарды дөңгелетіп жатқаны рас.
Педагог пайымы
Идеологиядан сақтанған дұрыс
Жат жерде жат идеология бар. Ол идеологияның өзін үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші – саяси идеология. Өзге елдерде Қазақстан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топтар бар болуы заңды құбылыс. Олардың сол идеологияны жастарға сіңіру арқылы мемлекетіміздің саясатына саңылау іздемесіне кім кепіл?
Екіншісі – діни фанатизм идеологиясы. Елімізге сансыз миссионерлер аттандырған батыс елдері оң-солын әлі танып үлгермеген һәм өз аяғымен келген жастарымызды сәтті пайдаланып кетуі бек мүмкін. Үшіншісі – мещандық немесе материалдық идеология. Жасындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызықтырып, қаржымен алдарқатып, елітіп әкету
Қазіргі жағдайға қарап отырсаңыз, алғашқы саяси идеологияның нәтижесі көзге көрінбегенімен, қалған екеуінің зарары сезіле бастады. Мәселен, өз бетімен мұсылман елдеріне оқуға аттанған жастарымыз сол жақтан діни білім алып, еліміздің салт-санасын жоққа шығара бастады. Батысқа аттанған қыздарымыз азаматтық құқығын пайдаланып, жат- жұртта келін болып, ұлдарымыз сол елден жан-жарын тауып, қалып қоюда. Ал, олардың саны қанша екені белгісіз.
Жанна Маннанова
Ж. Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Көзқарас:
Жастарды дайындау керек
Бұл мәселе жалпыұлттық сипат алып, шетелде бала оқытудың мемлекеттік сүзгісін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін қандай жайттарды қаперге алған дұрыс? Жасы 22-ден аспаған бозбалалар мен бойжеткендерді, ұлттық таныммен сусындап өспеген жеткіншектерді шекарадан асыруға болмайды.
Елімізде шетелге оқуға жіберілетін жастарға арналып, кемі бір жылдық дайындық курстары ашылғаны жөн. Ол жерде баратын елдің заңы, өмір сүру ерекшеліктері түсіндіріліп, ол елдерде өзін қалай ұстауы керектігі үйретілуі қажет. Өйткені, шетел азаматтары біздің жастарымызға қарап, мемлекетімізді таниды. Оларға ұлттық таным тұрғысынан арнайы дәрістер оқылуы, «өзге елде сұлтан болғаннан, өз елінде ұлтан болғаны» артық екені құлағына құйылуы тиіс. Шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеу қойылса. Қазақ жастары оқитын елдердегі елшіліктердің жанынан сол жастардың басын қосатын мәдени орталықтар ашылып, әр қазақ баласына ұлттық құндылықтарды, рухани бастауымызды шегелеп отырсақ қана ұтамыз.
Жанат Досқалиева
Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы
Ұстаным
Америка Құрама Штатындағы Калифорния Мемлекеттік Университетінің студенті Кәмшат Ермекова «Ұлтымды ұлықтап, дәстүрімді дәріптеймін»
Осы мақаланы жазу барысында жазғы демалыста жүрген Америка Құрама Штаттарының Калифорния мемлекеттік университетінде биология мамандығы бойынша білім алып жатқан Кәмшат Ермековаға бірнеше сауал берген едік.
- Қазақ балалары шетелден білім алуға құмар. Сіз де арман қуып Канадаға, одан Америкаға асыпсыз. Шетелде оқуға барған кезде ең алғаш қандай қандай сезімде болыңыз?
- Мен Канадаға барған кезімде он алтыда едім. Әлбетте, Канада университетінде оқыған ағамның жанында болғаным көп көмектесті. Атырауды, Қазақстанды, ата-анамды, ұстаздарымды, достарымды сағындым. Ол кезде ағылшын тілін де білмейтінмін. Өте қиналдым. Қазіргідей ватцап, әлеуметтік желі болмады. Қолымдағы телефоным да арзандау болатын. Анаммен, әкеммен айына бір-ақ рет сөйлесетінмін. Ол жерде білім жүйесінде еркіндік сезіндім. Ұстаздарға өз ойыңды ашық айтып, досыңдай, қатар құрбыңдай сырласа аласың.
- Қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарының беделді жоғары оқу орнында білім алудасыз. Қалай ойлайсыз, шетелде оқуға барған кезде қолдайтын таныстар керек пе, әлде, өз білімің ғана жеткілікті ме? Мектепті бітіре сала шетелге оқуға асығу дұрыс па?
- Мен қазір өткеніме қарап отырсам, өте ерте шетелге кеткен екенмін. Әрине, мені қолдайтын, үнемі жанымнан табылатын бауырларымның да сол жерде оқығаны маған демеу болған шығар, әйтеуір, өзім қалаған мамандықты игерудемін. Қиналғаным рас. Мен болашақ биолог болғандықтан, биологияның, химияның терминдерін меңгеруге, түсініп кетуге көп күш жұмсадым. Түнімен сабақ оқыдым. Шетелде оқығысы келетіндердің қаперіне берерім, ағылшын тілін дұрыс үйреніп алмай, шет жерге қадам басуға болмайды. Өйткені, сол елдің заңын білмейтін, тілін түсінбейтін, тұрмыс-салтынан хабары жоқ жастар тез адасады, әртүрлі адамдардың ықпалына түседі, арманын жоғалтып алады. Сондықтан, қаракөз қандастарыма айтарым, білім алу талабы керемет, бірақ, табандылықпен ағылшын тілін меңгеріп алғаннан кейін ғана шекара асып, білім іздеңіздер. Ол үшін қазіргі таңда жағдай бар. Онлайн аудармашыларды интернет желісінен тауып алсаңыздар, сол дұрыс болар еді. Негізінен, бакалавриатты елден оқып, магистратураны шетелден оқыған жан ұтатыны анық. Өйткені, 21-22 жаста адам қалыптасады, ұстанымы болады өзіндік. Оны жолынан ауытқыту оңай емес. Ал, 16-17 жастағы бозбала мен бойжеткеннің жағдайы мүлде басқа екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар.
- Америкадағы жастардың ұстанымы мен Қазақстандағы жастардың көзқарасы арасында қандай алшақтық, қандай ұқсастықтар бар? Сізге олардың несі ұнайды? Қандай жағдайлар көңіліңізден шықпайды?
- Иә, екі ортадағы айырмашылық — жер мен көктей. Біріншіден, онда тек білімге, өз күшіңе ғана сенуге тура келеді. Екіншіден, өте қарапайым. Киіну үлгілері де солай. Бір-екі джинсы мен екі-үш футболка, бар гардероб содан құралады. Мұғалімдердің киіну үлгілері де сол үлгіде. Олар адамды киіміне қарап емес, ақылы мен біліміне, талантына қарап бағалайды.
Университет ғимараты түнімен ашық тұрады. Егер жатақханада бірнеше студенттің ортасында оқу мүмкін болмаса, университеттің кез-келген аудиториясына барып дайындалуға рұхсат. Түн ішінде жатақханаға кетер кезде экскорд бар, шығарып салып, студенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Полиция қызметкерлері көшелерде түнімен бақылауда жүреді, сонымен қатар, адасып қалғандарға жөн сілтейтін дүңгіршектер де бар.
Бір-біріне тілеулестікпен қарайды. Көмектесуге асығады. Ол жақта әлемнің түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Студенттер бірін-бірі жақсы түсініп, көңілді жүреді.
- Мұхиттың арғы жағында жүріп, Қазақстанды сағындың ба? Оқуыңды тәмамдағасын елге оралу ойыңда бар ма?
- Мен қазір тек бакалавриат дәрежесі үшін оқып жүрмін. Магистратураға түссем деп армандаймын. Ал, сағынышқа келер болсақ, елді қатты сағынам. Әсіресе, Жайықты, Алатаудың ақбас шыңдарын сағынамын. Көк байрағымызды төсегімнің тұсына іліп, әнұранды үнемі айтып жүремін. Ұлттық тағамдарды аңсаймын. Құрбыларыма қолым тиген кездерде бауырсақ пісіремін, елден барғанда құрт-ірімшік алып барамын. Ал, бесбармақ пісіру — бәріміз үшін мереке. Оларға біздің ұлттық тағамымыз өте ұнайды. Ата-анамды, достарымды да есімнен бір сәтке шығармаймын. Бір сөзбен айтқанда, өз отанымның патриотымын. Сондықтан, жақсы оқып, елімнің атағына кір келтірмеуді өзімнің міндетім деп түсінемін. Тәртібім туралы да осыны айтар едім. Мен арқылы барлық қазақ қызы туралы пікір қалыптасатынын жадымда сақтаймын. Ал, оқу бітірген соң міндетті түрде елге оралып, Қазақстанның экономикасына өз үлесімді қосу — перзенттік парызым.
Qazir үшін Атыраудан журналистік зерттеу жүргізген Гүлзада Ниетқалиева