Халықаралық мерзімінен ерте туған балалар күні - World Prematurity Day «17» қарашада «KingHotelAstana» қонақ үй кешені ғимаратында «28 петель» клубының мұрындық болуымен, «PRI. Халықаралық түрме реформасы» жобасының, Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен аталып өтілді. Шара осымен үшінші жыл қатарынан Қазақстанда, дәлірек айтсақ елордамызда жалғасын тауып келеді.
Шара барысында Салават Нұрғожаевтың фотокөрмесі, сондай-ақ синхронды тоқу флешмобы өткізілді. Қаз-қатар тізілген қайырымдылық клубы сұлуларының синхрондық тоқуына бүгінгі таңда клуб атынан қызмет етіп жүрген еріктілері бар 8 елден 70 жуық қала қатысты. Әлеуметтік желі арқылы бір мезетте байланысқа шығып, клубтың Ресейдегі, Украинадағы, Өзбекстан мен Қырғызстандағы, Латвиядағы, Белорустағы, Әзірбайжандағы, Дубайдағы еріктілері ыстық лебіздерімен бөлісті.
Шараға арнайы шақыртылған танымал қазақстандық балалар дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, қазақстандық неонатолог дәрігерлер мектебінің негізін қалаушы Тамара Курмагалиевна Чувакова өз сөзінде: «Әріптестер, шала туған балаларда проблема көп болады, өйткені олар жатыр ішінде жетілудің толық циклынан өтпестен, мерзімінен бұрын туады. Соларды аман сақтап қалуға сіздер көмектесіп жүрсіздер, сондықтан да мен сіздерді әріптестерім деп айта аламын. Білесіздер ме, мұндай балаларды алақаныма алғанда өзімді зерген сияқты сезінемін, сонша нәзік бұйымды барынша сақтықпен, ұқыптылықпен ұстап, қажетті сән-салтанатын кіргізуім керек қой, ал мен медик ретінде оларға беретін медикаметтерден басқа жүрек жылуы керек десем, кей адам мұны дәрігерден естіп тұрғанына таң қалады, ал мен еліміздің неонатологтарының анасы ретінде айтамын: оларға махаббат пен мейірім, жылу керек, соны сіздердің шебер қолдарыңыздан шыққан бұйымдар арқылы жеткізіп келе жатқан жоба жалғасын таба берсін» – деді.
Бұл идеяның авторы және ұйымдастырушысы, әлеуметтік жобаға бастамашы болған Букекова Карлыгаш (Карла НУР): «Клубтың жұмысын 2012 жылы қолға алдым. Клубтың еріктілері шала туған балаларға арнап таза жүннен жаялық, бас киім, шұлық тоқиды. Мұндай «терапевтік» киім-кешек салмағы жарты келі болатын балаларды жетілдіруге жәрдемдеседі. Бастысы – жатырдағы температура сияқты жылылықты қамтамасыз ету. Таза жүннен иірілген жіптің ғана құрамында болатын қылшық терінің рецепторларын тітіркендіру арқылы ішкі мүшелерінің дамуына да белгілі әсер етеді. Бұл кутановисцералдық рефлекс деп аталады. Біздің жобаның барлық маңыздылығына бірден мән бере қоймайтындар көп, дегенмен, клубтағы тоқымашылар қатары да, өкілдігіміз ашылып жатқан елдер мен қалалар қатары да артып келеді. Бұл біздің қоғамға пайдалы қызметпен айналысып жүргеніміздің бір көрсеткіші деп білемін»,- деп бөлісті.
Клубтың корифейі саналатын құрамындағы әзірге жалғыз жігіт, реабилитолог дәрігер Латиф Парпиев: неонатолог – бұл акушер емес, гинеколог та емес, реаниматолог та емес, ол мүлде басқа маман. Оның жауапкершілігі үдетілген, үп еткен желге төзімсіз болып туатын шала шақалақтарды шыр еткен сәттен бастап адам қатарына қосатын осы кісілер. Бүгінгі күн неонатологтардың мерекесі, мәртебелі мамандардың жетілдірген бала-шағаларының қатары көп болсын, - деді.
Шала туған шақалақтарға бөлінетін назардың ерекше болуының керектігіне әбден көз жеткен. Соған көрсеткен қолдау ретінде қала әкімдігі шаһарымыздағы, Астана Опера, Хан шатыр, Бәйтерек сынды ірі ғимараттардың, есілдің сол жағалауы мен оң жағалауын ұластырып жатқан көпірлерден бастап Кенесары ескерткішіне дейінгі көше шамдары, ойын-сауық орталықтары түнгі жарықтандыру түсін күлгін түске өзгертіп, көпшіліктің назарына тағы бір үндеу жолданды.
Астана қаласының перинаталдық орталықтары мен перзентханаларынан келген мамандар да, денсаулық сақтау департаментінің өкілдері де өздерінің құттықтауларын жеткізіп, бізге терген әр ілмектегі әлемді жылытуға жететін жүрек лебінің бар екендігін айтысып жатты.
Qazir үшін материалды дайындаған: Жәннат Манасбайқызы.
Фото: Карла НУР