Нидерландтық кәсіпкер, "Грин Капитал Қазақстан" ЖШС басшысы Алевен Диедерик Теодорик Ақтөбе облысының шетелдік инвесторларға несімен тартымды екенін айтты. Ол сондай-ақ жергілікті билікке Ақтөбе қаласындағы жылыжай кешенінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Qazir.kz Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Бүгінде жылыжай құрылысына 20 млн доллардай инвестицияланды, тағы 10 млн-ға жуық доллар салу жоспарланып отыр. Ақтөбе облысы бізді арзан газымен, жақсы бизнес жағдайымен және Ресейге жақындығымен тартады. Жобаны жүзеге асыру кезінде біз жергілікті билік тарапынан, атап айтқанда автокөлік жолдары мен газ тарту мәселелерінде айтарлықтай қолдау таптық. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіргім келеді,-деді ол қала активімен кездесу кезінде.
Сондай-ақ, шетелдік инвестор облыс әкімін жақын арада ашылатын жылыжайды көруге шақырды.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев та оған өңір экономикасына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
- Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударады. Біз өңір халқын жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүдделіміз. Сондықтан біз инвесторларды қашанда қолдадық және әрі қарай да қолдайтын боламыз,-деп сендірді әкім.