Жексенбілік «Дәмнен ауыз тиіңіз» айдарында сіздерге сары майдың және ешкі сүтінің пайдасы жайлы кеңестерді ұсынамыз.
Шайға сары май салып ішіңіз
Мен нан жемейтін болғасын, сары майдың ағзаға пайдасы зор екенін білгеннен, аздап шайға салып ішіп жүремін. Сөйтсем, бүгін мынандай ақпарат келе қалды. Білгенге маржан. Сары майдың құрамындағы серотонин гормонының көңіл-күйді жақсартып, ұйқының тыныш болуына әсер етеді екен. Соңғы кезде Америкада шай мен кофеге сары май салып ішетіндер көбейе бастапты. АҚШ ғалымдарының соңғы зерттеу нәтижелері бойынша шайға немесе кофеге кішкентай ғана сары май салып жіберіп ішкеннің ағзаға орасан зор пайдасы бар екен. Олар: асқазан жарасын болдырмайды, асқазан жарасы болса жазылуына ықпал етеді, тыныс алу мүшелерін сырқаттан сақтайды. Тыныс жолы ауруларына таптырмайтын ем; иммунитетті күшейтеді; қан тамырларын тазартады; Мидың жұмысын жақсартады, алжудан және тамақсаулықтан сақтайды. Бедеуліктен сақтап, шаш пен тырнақты, теріні нәрлендіреді; Климакстің ерте болмауына ықпал етіп, зат алмасу процесін жақсартады, ішті қатырмайды. Ең бастысы ағзадағы майдың реттелуіне үлкен әсері бар көрінеді. Ал сары май құрамындағы калий, фосфор, кальций, натрий, селен, магний, темір, мырыш, марганец, А, Е, РР, В1, В2, В5, Д витаминдерінің ағзаға қаншалықты пайдалы екендігін айтпаса да болады. Шайға сары май салып ішіп көріңіздер. Таңертеңгілік шайда əдетке айналдырсаңыздар болады. Холестерин ұғымын бұрыннан бері денсаулыққа зияны бар зат деп санаймыз. Бірақ қажетті мөлшерде холестерин ағзамызға өте қажет. Ағзаның холестериндегі қажеттілігін басу үшін сары майды күніне 30 грамм шамасында қабылдау керек. Біздің ата-бабаларымыздың әлемдік интернет желісіндегі ақпараттармен танысу мүмкіндігі болмаған, бірақ сол кісілер көп біліпті, көп нәрсені дұрыс жасапты. Кішкентай кезімізде аталардың шайға сарымай салып ішкендерін талай көрдік. Солар 90- жастан кем жасамады.
Ешкінің еті мен сүтінің пайдасы
«Қойды көсем бастайтын, Өткелден үркіп саспайтын,қарағай мүйіз серкелі.. Сексек ата баласы ешкі бассын үйіңді» - деп айтқандай,ешкі де қазақ халқының ежелден келе жатқан төрт түлігінің бірі. Ертеректе халқымыз ешкіні негізінен сүті үшін өсіргендігін «сойса еті - қалақтай, сауса сүті – бұлақтай», «ешкі сойып жесең – бір күндік, сауып ішсең – мың күндік»- деген мақалдардан айқын білініп тұр. Ешкі өте өсімтал болғандықтан тез өсіп, жылдам көбейеді. Ешкінің еті де, терісі де, сүті де, қылшығы мен түбіті де, тіпті мүйізі де күнделікті тұрмыс кәдесіне жарай береді. Ешкінің еті аздау болғанымен ерекше күтімді қажет етпейді. Көктем мен жаз айларында көкке жайылған ешкі сүтінің құрамындағы дәрумендер молайып әрі дәмі де өзгереді. Ол 600 - ге тарта шөп түрін қорек етеді. Жылқы, сиыр және қой малы одан бірнеше есе аз шөппен қоректенеді. Осының арқасында ешкі сүті мен етінде адам ағзасына өте қажетті дәрумендер көп болады.
Ешкі сүтінің қасиетіне келсек,жаңа сауылған ешкі сүтінің емдік қасиеті өте күшті болады. Күн сайын тамақтың алдында жарты сағат бұрын бір кесе шикі ешкі сүтін ішіп алған адамның ағзасы сау болады, түрлі жұқпалы ауруларға бой алдырмайды. Жаңа сауылған сүттің тағы бір қасиеті - оның қуаты 4 - 5 сағатқа дейін ішектегі жағымсыз бактерияны жоюға қауқарлы болады. Ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Емшек жасындағы балаларды қоректендіру үшін аса қолайлы. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінің түсі аппақ болады. Ал оның құрамында қырықтан астам биологиялық компонент бар. Ең маңыздылары - А, С, В1, В2, В6, В12 витаминдері, аминқышқылдары, ферменттер мен микроэлементтер. Сиыр сүтінің құрамында аз кездесетін элементтер ешкі сүтінде өте мол. Бір ғана кобальт басқа жануарлардың сүтіне қарағанда ешкі сүтінде 6 есе жоғары болады. Кобальт ағзадағы қан айналымды жақсартып, зат алмасу процесіне жағымды әсер етеді. Ешкі сүті альбуминге бай болғандықтан, құрамындағы ақуыз ағзаға тез сіңеді.
Пайдалы кеңестерді ұсынған : Дана Зәкірқызы