Қазір қоғамымызда дінге, тілге, мәдениет пен өркениетке қатысты көптеген түсініспеушілік түйткілдері көп. Сондықтан болар, жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетуі, өздерін-өздері өлімге қиюы, салт-дәстүрімізге сызат түсіруі, еліктеушіліктің басымдығына жол беруі, қол созым жердегі жақындарына немқұрайлы қарауы, менталды түрде тұла бойына тән құндылықтардан айырылуы сияқты келеңсіздіктер кездесіп жатады. Бұл бізге мейірімділіктің жетіспейтіндігінен, иманның аздығы мен жауапкершілікті сезінбеу салдарынан деген сырын QAZIR-мен бөліскен «Нұрлы жүрек» қайырымдылық тобының тізгіншісі, ұтқыр ой мен ұтымды ұстаным, ұнамды мінез иесі Думан Мұратұлымен сұхбатымызды ұсынамыз.
Біз бүгін жанашырлық, ізгілік, адалдық пен адамдық жайында аз айтылмаған әңгімені жалғамақпыз. Көпке созбай қашан да мәнді, сәнді әңгімеге ашық, жаңашылдыққа құштар, сұлулыққа сүйсіне, жақсылыққа жаршы бола жүретін жігітке сауалымызды бірден қойдық.
QAZIR: Адамдар арасындағы сыйластықтың, жұрттың жанын жадыратуға болатын жылт еткен жүрек жылуын, көңілдің кеңдігін және пейілдің кішілігін көрсеткен қасиеттердің бірі қайырымдылық дейміз, Думан, сіз қалай ойлайсыз, қайырлы іс бұл не?
Думан:Қайырлы іс, қайырымды іс – бұл адамды қуанышқа бөлейтін, Алланың алдында сауабына бөлейтін, болмысына біткен жауапкершілік. «Бір мүммінді қуантқан адамды Алла қияметте қуантады!».
QAZIR: Қайырлы іс қылу үшін не қажет, білім бе, орта ма, тәрбие ме, еліктеу ме, тәжірибе ме, дағды ма?
Думан: Қайырлы іс қылу үшін мұның барлығы қажет-ақ, бірақ, тырнақтай ниетің болмаса таудай талабың да, қоржын толы қаражатың да, биік беделің де түкке тұрмайды.
QAZIR: Думан, порталымызды қатарластарыңыз көп оқиды, өзіңіз жайлы азды-көпті ақпарат айта кетесіз бе?
Думан: Мен Шәкәрім мен Абайды оқып өстім, шығыстың қазағымын. Семейдегі қазақ-түрік лицейінде біраз білім алдым, Шәкәрім атындағы университетті бітірдім. Негізі ветеринарлық санитар маманымын, одан кейін қосымша заңгер мамандығын алдым. Бірақ ешқайсымен де, мамандық бойынша бір міндет атқарып, жұмыс жасаған емеспін. Қызмет деп қырғын дүниені дөп басып айта алмаймын. Өйткені, қайда жұмыс жасасам да бұл - жауапкершілік, бұл – аманат, бұл – еңбек. Түрлі салада қызмет еттім, «Болашақ» қауымдастығындағы еңбегімді елеулі деп санаймын, бұл көптеген, көл-көсір тәжірибе берген орта. Дәл қазір балаларға арналған бірнеше тілдегі мультфильмдер әзірлеу ісіндемін.
QAZIR: Мәссаған, міне қызық, ветеринар-санитар екеніңізді білмеппін, бірақ, жақында шаңырақ көтеріп, отбасын құрғаныңыздан құлағдармын. Бақытты болыңыздар! Отағасы болдыңыз, салт өмірдегі статусыңыз өзгерді, ал құндылықтар өзгерді ме? Негізгі үш құндылық қандай, сіз үшін?
Думан: Рахмет! Үш құндылық, бес құндылық демей-ақ қояйын. Мен үшін басты құндылық бар, басты мақсат бар: мені адам етіп жаратқан Алланың алдына адам болып бару, тірлігімнің титтей де болсын пайдасын тигізу. Статусым қалай өзгерсе де қалыптасқан көзқарасым осы, константа құндылықтар да осы, өзгерген емес. Өзгергені тек жауапкершілік. Отбасын құрған соң мойыныма алған аманат бар, жауапкершілік үстемеленіп жатыр, шүкір, үстемелене бергей!
QAZIR: Сапалы, бәсекеге қабілетті, білікті, жан-жақты маман болу үшін қандай қасиет керек, не керек?
Думан: Әрине, білім керек, бірақ жалаң білімнің ғана жетістікке жетелегенін көрген емеспін. Білімі телегей теңіз, бірақ адами қасиеттерден ада азаматтар алысқа адымдай алмайды. Көзім көріп жүр, оқымаған оқуы жоқ, алмаған сертификаты мен дипломы жоқ, бар ғой енді, бес аспап мамандар жетерлік. Бірақ жан баласымен тіл табыса алмасаң, қызмет барысында да, қарапайым тұрмыс-тіршілікте де бет бұрып, бәленшенің қажетін өтей алмасаң, тіпті оған ниеттене алмасаң, білімнің құны көк тиын, бүйткен біліктілігі бар болсын!
QAZIR:Қайырлы іске қалай келіп жүрсіз? «Нұрлы жүрек» жайлы мәлімет бере кетіңізші, атқарылған іс есебін көрсететін қандай да бір статистика бар ма?
Думан: Қайырымдылық деп қомақты сөйлеу де ұят. Мақсатымыз не дейсіз ғой, қалай айтсам екен, мені бір тақуа деп ойлап қалмаңыздар, тақуалықтан тым алыстамын. Дегенмен, «ақиқат» бар ғой, «хақ» дүние бар. Адам өмірден озған соң артынан толассыз сауап келіп тұратын болады, сондай пенделер қатарынан, үмметтің «үлгілі» пенделері қатарынан болайық деген ниет. Атқарып жатқан тірлігіміздің барлығы бұйрық, адами парыз ғана.Жеті-сегіз жылдай бұрын «Нұрлы жүрек» деген топты әлеуметтік желіде ашқан едім, бастапқыда ол ақпараттық топ болды, дін, білім, өнер сияқты салалардан пайдалы ақпараттармен алмасып, мәлімет бөлісіп отыратынбыз. Кейіннен жазылушылардың бірі Алматы қласында бізбен аттас қайырымдылық тобы бар, біздің «Нұрлы жүректің» сол «Нұрлы жүрекке» қатысының қаншалықты екенін сұрады. Содан кейін сап еткен ой: неге мұқтаж жандардың қажетін өтейтін қайырлы іс қылмасқа, неге қолынан қайыр келетін қыз-жігіттердің басын қоспасқа? Содан былтырғы жылдың «20» наурызы күні жора-жолдастармен бас қосып, аталған қайырымдылық тобының жұмысын қолға алу туралы келісімге келдік. Ортақ мақсат, мүдделер анықталды сол отырыста. Ақырындап жұмыс та басталды, аудиториямыз негізінен көп балалы және жалғыз басты аналар. Қанша өкінішті болса да «тастанды балалар» ұғымына қазір «тастанды ата-аналар» ұғымы ілесті, қараусыз қалған қарттарға да біздің қайырымдылық топ шама-шарқынша қарайласады. Әуелі Алла демеуші, одан кейінгі демеуші халық, жамағат болып жұмыла жасайтын сауапты іске санасы сергек жүретін, жаны ізгі, жомарт ұл-қыздар бар қолқабыс жасап тұратын, бірақ, олардың талабы бойынша аты-жөндеріне атай алмаймын. Ал жиылған қаражат, көмек көрсетілгендер саны туралы еш есеп айта алмаймын. Әрине, барлық қаражат құжат жүзінде жұмсалады. Десек те, бізден тек амал ғой, есебі мен сауабын қалауы бойынша беретін Құдай бар. Айтарым, ағылып жатқан қаражат жоқ, айдаладан келіп түсетін. Ниеттестердің, демеушілердің арқасында, қорымыздағы қаражаттан қосып күні кеше Құрбан айт құрметіне үш отбасына барып, «Біздің форма» дүкендер желісінің басшысы Гүларай ханым «мектепке даярлық» науқаны аясында акциямызға қолдау көрсетіп, барған үйлердің бала-шағағаларының мектеп формаларын, көйлек-көншектерін түгендеп, сөмкелер тағындырып, құрбандық малдан ет апарып қайттық. Оған дейін, наурыз айында, ұмытпасам, сәуірдің басы ма екен, Семей қаласының «КВН» одағымен келісіп, ортақ шешімге келдік: науқасы ауыр сәбидің еміне билеттен түскен қаражатты аударып, қайырымдылық КВН-ін өткіздік. Былтыр қайырымдылық тобы ретінде құрылған бетте тағы бір үлкен, өзекті мәселені көтердік. Наурыз көктем айы болса да Астанада қыс айына бергісіз қаһарлы ғой,күн райы күлімдей бермейді. Ал тесік-тесік, есігін жапса төрі ашылып қалатын, төрін жапса етегі ашылып қалатын, қырық жамау күрке сияқты жерде тұрып жатқан жандар қаншама. Солар жайлы ақпаратты телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы таратып, тиісті көмек көрсетілді.
QAZIR: Бәрекелді, Думан, дүйім жұртқа жария ете бермейсіздер жұмыстарыңызды, дегенмен, нәтижелі, жүйелі түрде атқарған істеріңіз елеусіз қалмайды. Қайырлы іс қылу жолындағы күш-қуаттарыңыз сарқылмасын деп тілейміз, енді, қысқа-нұсқа.
Сіз айтатын ақиқат қандай?
Думан: Алла деген ар болмас.
QAZIR: Абай жолын оқыдыңыз ба?
Думан: Ұятына қарай оқымадым, мектеп кезіндегі кішкентай үзіндісін санамасақ, өкінішке қарай оқымадым.
QAZIR: Қандай жасырын талант бар бойыңызда?
Думан: Ән айтқанды жаным сүйеді.
QAZIR: Жүректің нұрлы болмағы неден?
Думан: Иманнан.
QAZIR: Ең керемет сәт...
Думан: Сенімді түрде: әр күн, әр сәт, әр минут, әр секунд.
QAZIR: Сіз жолдайтын үндеу қандай?
Думан: Адам болып келген соң, адам болып кету керек!Қандай биікте тұрсаң да, қайдан шаққаныңды ұмытпа! Қайда, қандай күйде баратыныңды біл!
QAZIR: Балалық, студенттік кезден ең ыстық естелік...
Думан: Оқушы кезімізде достарымызбен жиналып алып, бір баланың әкесінің мәшинесін дымымызды білдірмей итеріп шығарып алып, көрші ауылға «атойлап» кеткенбіз ғой, келе сала жаппай жеген таяқты әлі ұмытпаймын.
QAZIR: Махаббат деген не?
Думан: Жүректің, мидың бір-бірімен үнемі үйлесімде және үндестікте, жарасымдылықта болуы.
QAZIR: Сүйікті шығарма, автор, фильм, т.б.?
Думан: Киноны көргім-ақ келеді, бірақ, уақытым бола бермейді. Оқитыным Дэн Браунның шығармалары, штырыман оқиғаларға толы.
QAZIR: Сіз "сындырған" стереотип?
Думан: Білмедім, соған қарағанда «сындырмаған» шығармын.
QAZIR: Көршінің «огородына» түстіңіз бе?
Думан: Сөздің тура мағынасында да, астарлап алсаңыз да, ешкімнің егініне түскен жоқпын. Әгәрәки, осыған дейін түсіп қойған болсам, кешіріп қойсын.
QAZIR: Сіз өмір сүретін ортаға не жетіспейді?
Думан: Мен өмір сүретін ортаға ғана емес, жер бетіндегілердің барлығына, әлемге әдемілікті еселей түсетін мейірім жетіспейді.
QAZIR: Балалық борыштың өтемі не?
Думан: Балалық борыштың өтемі... әй, бұл борыш өтелмейді-ау осы.
QAZIR: Кімге алғыс айтасыз?
Думан: Әрине, Аллаға! Сансыз мадақ, шексіз шүкіршілік! Анама мың мәрте алғыс!
QAZIR: Сіздің ең үлкен жетістігіңіз?
Думан: Шыны керек пе?
QAZIR: Әрине.
Думан: Мен әлі түк бітірген жоқпын, айтатын жетістікке әлі жетпедім деп үміттенейік, бәрі алда!
QAZIR: Кемшілігіңіз қандай?
Думан: Тұла бойым кемшілікке тұнып тұр, үлкені – жалқаулық.
QAZIR: Сөз бен эмоцияға сараңсыз ба?
Думан: Негізі, болмысымнан бітпейтін әңгімелерге араласқанды ұната бермеймін, ал кейде ауызым жабылмай қалады. Қандай күйде болсам да жасандылықтан аулақпын.
QAZIR: Алып-қосарыңыз бар ма?
Думан: Ниеті мен иманын суарып, сусатпай ұстайтын, жарымдарға жақсылық жасайтын, қайырлы іс қылатын амалдарға ұмтылатындар қатары көп болса, адамзат баласының үлкен бақытқа бөленетініне сенемін.
Сұхбаттасқан: Жәннат Манасбайқызы