Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен маңызға ие қалалардың қатарында болған, Батыс пен Шығыс елдерені байланыстырған Сарайшық жайлы мәліметтер «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Сарайшық ХІІІ-ХVІ ғасырларда Батыс пен Шығыс елдерін байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі, кейін Хан Ордасы болған ортағасырлық қала. Алғашқы қазақ хандығы құрылып, Шайбанидтер хандығымен Сырдария өңіріндегі қалалар үшін қырғын азамат соғысы жүріп жатқан кезеңде Қасымхан көрегендікпен Шу өңіріндегі ордасын маңызды тірек ретінде Сарайшық қаласына көшірген. Ол – Алтын орда империясының ыдырап жатқан рулары мен ұлыстары және ноғай руларының басы біріккен қала.
Сарайшық – айбынды Алтын Орданың сауда орталығы болған, ғылым мен мәдениеттің ошағы, батыс өлкедегі исламның алғашқы діни орталығы болған әулиелі орын. ХVІ ғ. басында Қазақ Хандығының астанасы болған. Бұл жерде Қасым хан және басқа да хандар, беделді тұлғалар, Мұхаммед Пайғамбардың ұрпақтары деп саналған сейидтер, шейхтер, молдалар, қажылар, хафиздер, суфийлер, дәуріштер өмір сүріп, жерленген. Сарайшық пантеоны билеушілер мен атақты адамдарды жерлейтін киелі орын болған. Сондықтан да қазақ халқының тағдырында маңызды орын алады.
Қазақ тарихында терең із қалдырып, заманында қазақ мемлекетін басқарған ұлы хандардың бірі – Әз Жәнібек хан. Ел ішінде Жәнібек ханның өзі салдырған Сарайшық қаласының іргесіндегі әйгілі «Секер көлі» туралы деректі әңгіме көп. Шекер, кәдімгі қант. Секер көлдің орны қазіргі Сарайшық ауылының орнында қалып қойған.
«Тептегіс жерде ойпаңдау болған түбінен, кезінде жиектерін қолмен нығыздап, кейбір жерлерінің тас, топырақпен, қызыл қышпен көмкерілгені көлдің заманында қолдан жасалғанын дәлелдейді», – дейді ауыл қарттары. Көлге аққулар үнемі қонып жүрсін деп Жәнібек хан арнайы секер төктіріп қояды екен. Аққудың көп болғаны сондай, Сарайшықтың қыздары көлден су алғанда, аққуларды ығыстырып жіберіп, шелектерін содан соң ғана суға батырады екен. Бұл көл «Жәнібек ханның аққу көлі», «Сарайшықтың аққу көлі», «Аққу көлі» аталыпты-мыс.
Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы Секер көлде еркін жүзіп жүреді екен. Жәнібек ханның сол қызы ұзатылғалы жатқанда, 15 жасқа қараған шағында ауырып, кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті. «Қызыңыздың осынша байлықпен қоса жерленгенін білген бір қатыгез моланы ашып, байлықты тонап кетсе, жалғызыңыздың мүрдесі айдалада қалар. Сондықтан қызыңыздың денесін жасырын жерлеңіз» деп ақыл айтқандар болыпты. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті уәзірін шақырып алып, құпия тапсырма беріпті. Қабір қазылып, түнде қызы жерленген соң, әлгі жеті уәзірі де сол бойда өлтіріледі. Ал қызының қабірін ешкім білмесін, ашпасын деген пиғылмен жас қабірдің үстінен түнімен бірнеше үйір жылқыны өткізіпті. Ат тұяғынан тып-типыл болып тегістелген жерден ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты» деседі аңызда. Сөйтіп, осы өлкеде секер көл, алтын қайық жөнінде аңыз қалды.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
фото: ашық ақпарат көзінен.