Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдарын-2019» қалалық олимпиадасы өтіп, оған 20 студент қатысты. Білім бәсекесінің талабы бойынша байқауға 18-22 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Жылда көктемнің соңғы айында болатын олимпиада үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) еркін меңгерген жастардың арасында өте танымал. Өйткені қалалық кезеңнің жеңімпазы республикалық сында елорда намысын қорғайды. Оның үстіне бұл олимпиада – үлкен тәжірибе мектебі.
Тілдарынның жеңімпаздарын үш тілдің арнайы мамандары анықтады. Олардың ішінде филология ғылымдарының кандидаты, Жазушылар Одағының мүшесі, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова, Еуразия гуманитарлық институтының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұргүл Шәдиева мен ағылшын тілін үйрету орталығының директоры Гауһар Құлманова бар.
Қатысушылар бірінші кезеңде Қазтест жүйесінің В2 деңгейі бойынша тест тапсырды. Екінші кезеңде экранда көрсетілген картиналардың мән-мағынасын, одан түйген ойларын үш тілде түсіндіріп берді. Үшінші кезең тапсырмасы тіпті қиындай түсті. Өйткені берілген мәтінді ілеспе аудармашы ретінде тәржімалап отыруы керек. Бұл көптеген қатысушыға қиындық тудырғанымен, қазылар алқасына шын жүйрікті тануға көмектесті. Ал соңғы кезеңде қатысушылар «Менің болашағым» тақырыбында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде эссе жазды. Қысқа уақыттың ішінде ойын жинақтап, оны татымды әрі шұрайлы тілмен жазып шығу да екінің бірінің қолынан келер өнер емес. Бірақ білімді жастар бұл сынақтан да сүрінбей өтті.
Олимпиада нәтижесінде І орынды Гуманитарлық колледждің 3 курс студенті Аяна Сұлтамұратова, ІІ орынды Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің 2 курс студенті Дамир Тауасаров, ІІІ орынды «Астана» медицина университетінің студенті Нақып Нұрғали мен гуманитарлық колледждің студенті Қуатбек Жанар иеленді.
Алдағы күзде «Тілдарын-2019» республикалық олимпиадасы өтеді. Оған Нұр-Сұлтан қаласы атынан Аяна Сұлтамұратова қатысады. Филологтар, аудармашылар сол уақытқа дейін Аянаның республикалық байқауға дайындайды.
Жанболат Шәкім,
журналист