ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. ХХІ ғасырда, ақпарат жылдам тарайтын дәуірде түрлі мәдениет бір-бірімен бетпе-бет келуде. Мемлекеттің алдағы саясатын анықтайтын өлшемдердің бірі – халқының өзге әлем жұртшылығына деген көзқарасы.
130-дан астам этнос өкілін бауырына басқан қазақ халқы айналасына мейіріммен қарайды. Бұл – елдің тыныштығына, жастардың алаңсыз білім алып, өздерін жан-жақты дамытуына жасаған оң қадамы. Жастардың бірнеше тілді меңгеруі – дамыған 30 елдің қатарына кіруіміздің алғышарты.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ-бірлесіп «Тіл шебері – 2019» байқауын өткізді. Байқау үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді анықтау және қолдау, жастарды білім бәсекесіне шақыру мақсатында ұйымдастырылған. Оған Нұр-Сұлтан қаласының жасы 21 мен 30 аралығындағы азаматтары қатысты. Үш кезеңнен тұрған байқауда жастар Қазақ тілінде өзін таныстырып, ағылшынша өнер көрсеткен, орыс тілінде арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берген қатысушылардың арасынан жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Қазылар алқасы он ойланып, жүз толғанып, шешім шығарды. Сол бойынша айтсақ, І орынды қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкері Серік Гүлжан, ІІ орынды 55-орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Жақсылық Мөлдір, ІІІ орынды 54-мектептің информатика пәнінің мұғалімі Басықара Бексұлтан мен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы Үсенбекова Перизат иеленді.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. І орын иегері Серік Гүлжан енді республикалық байқауда елорда намысын қорғайды.
Жанболат Шәкім, журналист .