Бүгінде ерекше ісмерлігімен жұртшылықтың сұранысын қамтып, елінің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлеріміз аз емес. Олардың қатарын мемлекеттік қолдауларды игере білген, шағын және орта бизнес иелері толтыруда. Міне осындай кішігірім бизнес әлемінің қара қазанында қайнап, елім деп еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі-Самғау Нәсіпханұлы. Ата кәсібін жалғастырып, оның сапасын арттыруда көптің алғысын алып жүрген Самғаудың бүгінгі міндеті: шағын ғана өндіріс ошағын келешекте үлкен зауытқа айналдыру. Айтқанындай, бүгінгі арманын ертеңгі шындыққа айналдыруда аянбай еңбек етіп жүрген іскер жігітпен бүгін «Замандас» айдарынан таныса аласыздар.
-Самғау, жалпы бүгінде етікшілік өнеріңмен біраз жұртқа танылып үлгердің. Жалпы бұл өнер үлкен табандылықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Өзің осы ерекше кәсіпті қалай меңгердің?
-Етік тігу өнері біз үшін ата кәсіп десем болады. Өйткені менің әкем ұста болған кісі. Қолынан келмейтіні жоқ. Ал одан арғысын айтсам негізінде ісмерлік әжемнің тұқымынан берілген болса керек. Әкемнің нағашылары қолдан тігін тігіп, ағаш оюдың хас шеберлері болған екен. Сол қасиет бергі біздерге берілсе керек. Мен бала күнімнен әкемнің тіккен етіктерін көріп, соны жасауға еліктеп өстім. Бірақ, мен етік тігуге елге келгенде ғана белсене кірістім. Біз отбасымызбен 2006 жылы Алтай аймағы Қаба ауданынан Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қоныс аудардық. Ал 2011жылы Өскемен қаласына келіп орналастық. Міне сол аймақта менің ата кәсібім бастау алды. Алғашында істі қалай бастарымды білмегенім рас. Бірақ еңбектің арқасында әкем мен ағамның қолдауымен кәсібіміз дөңгелене бастады. Кейіннен елдің ордасы Астанаға көшіп келіп, бүгін осында ісімді жалғастырып жатқан жәйім бар. Қазіргі жетістігім әрине біріншіден Алланың, екіншіден ата-анам және Елбасының арқасы. Алыс жақын елдерде шашылып жүрген қандастарымыздың өз ата жұртына оралуына есік ашқан Елбасына деген көңілімді білдіру үшін, ағалардың ақылымен қолымнан шыққан туынды дүниемді тарту еткен болатынмын. Менің ақ көңілім мен ақ пейілімді ескерген Елбасының,алғыс ретінде берген кітабы мен маған арнап жазған хаты мен үшін өте құнды
-Самғау, сенің шеберханаңнан шыққан етіктердің көбі танымал адамдардың тапсырысымен тігілетінін естіп жүрміз. Ол «Арлан» шеберхана өнімінің сапа деңгейін айқындайтыны анық.
-Иә, біз етіктерді таза былғарыдан тігеміз. Және одан басқа да керек-жарақтарының сапалы өнім болғанына үлкен көңіл бөліп отырамын. Себебі аяқ киім жақсы болса, адамдардың денсаулығының жақсы болуына үлкен әсері бар. Және дизайынының да әдемі болуына аса мән береміз. Сондықтан да бізге көбіне сахналық етіктерді тіктіруге тапсырыстар түседі.
-Дизайн демекші, оны кім және неге сүйеніп жасайсыздар?
-Біз аяқ киімге қазақтың ою-өрнегін саларда оның мағынасына мән береміз. Мысалы арнайы көйлекке немесе бас киімге салатын ою сияқты етікке де салатын өзіндік оюлар болады. Жалпы дизайнды жасау үлкен ой мен талантты қажет ететін жұмыс.Өйткені сол заттан ұлттық иіс аңқып тұруы керек. Оны киіп сахнаға шыққанда оның қазақ екенін бірден білуі тиіс. Күллі қазақстандықтардың мақтанышына айналған алтын дауысты, әнші Димаш бауырымыз аспан асты елінің сахнасына шыққанда да біздің қолымызбен тігілген етікті киіп шыққан болатын. Бұл әрине біз үшін үлкен мәртебе.
-Осы екінің бірінің қолынан келе бермейтін етік тігу өнерін үйретуде шәкірттеріңіз бар ма?
-Бар. Бірақ бұл өнер шыдамдылықты қажет етеді. Оны көбі көтере алмайды. Әрине әр қаладан келіп көріп, үйреніп кетіп жатқандар бар. Олардан бөлек жанымда жүріп, ісімнің алға басуында бірге еңбек етіп жүрген үйренушілерім де бар.
-«Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Осы ісмерлік өнеріңізден басқа немен айналысқанды жаныңызға жақын көресіз?
- Менің жұмысым көбіне еңкейіп отырып жасағанда икемді келеді. Сондықтан дене сымбатымызға нұқсан келтірмес үшін салауатты өмір салтын ұстануға көңіл бөлеміз. Ол-спорт. Оның ішінде бокспен айналысқанды жақсы көремін. Арнайы жаттығу залдарына барып, өзім сияқты әуесқойлармен қолғап түйістіріп қайтатыным бар.
-Алдағы мақсат-жоспарыңызбен де бөлісе отырсаңыз...
-Менің мақсатым бүгінгі шағын шеберханамды үлкен орталыққы айналдыру. Және содан шығатын ұлттық нақыштағы өнімдерімді ТМД елдеріне шығару.
-Лайым мақсатыңызға жетіңіз деген, тілек бізден. Енді есіміңізді де солай болады деген сеніммен Самғау деп ырымдап қойған болар?
-Мүмкін. Мен негізі малды ауылда дүниеге келген екенмін. Маған дейінгі ағаларымның есімдері де сирек кездеседі. Алдымда Өрен, Өркен, Өрлеу деген ағаларым бар. Соларға ұйқастырып қойған болуы керек деп ойлаймын. Ал негізі менің атымды ауылға белгілі аузы дуалы бір ақсақал: «Биікке самғар Самғау» болады деп қойған екен.
-Самғау, бізде сенің өз ісіңнің әлемінде көшбасшы болып, биікке самғайтыныңа сенеміз. Ендеше сол көптің сенімін арқалаған Самғаудың қажыр-қайраты қандай істерінде көрінді деп айтар едіңіз?
-Менің қайраттылығым ол-бүгінде етікшілік өнерін белгілі бір деңгейге қоя алғандығымда. Оның байытатын, абыройлы кәсіп екеніне жұрттық көзін жеткізгенімде. Неге десеңіз осыған дейін қоғамда етікші ол- саңырау, соқыр, мүгедек адамның айналысатын ісі дегендей ұғым болған еді. Бүгінде ол көзқарас өзгерді деп айта аламын.Және де қолымдағы азғантай ғана дүниеден бүгінгідей кәсіпкерлік дәрежеге жеткенім. Және жоғарыда айтқанымдай өзімнің жігерлілігімнің арқасында Елбасына арнап етік тігіп, оны сыйлай білгенімде.
-Әрине, ол да сенің үлкен қайраттылық пен батылдылығыңнан деп білеміз. Алда Елбасымыздың және елордамыз Астанамыздың туған күні. Қандай ақ тілегіңізді жеткізесіз?
-Еліміз көркейіп, өсе берсін. Астанамыз жарқырап, алдыңғы қалалардың қатарында болсын. Елбасымыздың туған күні құтты болып, елі үшін жасап жүрген еңбегі жемісті болсын.
-Рахмет, Самғау, бізде сіздің алдағы кәсіптегі жолыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы