«Мен мойығанда біреу маған ат мінгізер ме еді, шапан жабар ма еді?! Бұл менің сынағым ғой, айтып кеттім емес пе?! Сынаққа барынша сабырмен қарау керек. Бұл менің күресім. Палуан жығылса тұрмай ма – тұрады. Жамбастап атып ұрудың сәті түспесе, аяқтан шалып көреді, болмаса белдесіп көреді. Сол сияқты мен де күрестің түрлі айласын жасап келемін, жасай беремін». Осы сөздің егесі жайлы толығырақ «Жүректе қайрат болмаса» айдарынан таныса аласыздар.
QAZIR: Нұрболат, қаламызға ат терлетіп келіп қалыпсың! Соған қарағанда келуің жай емес ау. Қыдырып келдің бе әлде?
Нұрболат: Сәлем! Мына жанталас заманда жай жүретін адам бар ма? Жарысқа келдім.
QAZIR: Ол не жарыс?
Нұрболат: Былтырдан бері мемлекеттің мүмкіндігі шектеулілерге арнайы қарастырған спорттық бағдарламаларына қатысып, жебе тарта бастадым. Оның үстіне спорт мінезімді де түзеп келе жатқандай. Тынышсыздау, күйгелектеу едім, қазір жебені межеге дәл тигізу үшін шыдамдылықты былай қойып, тіптен тыныс алудың өзін қайта тәртіпке салып, жаттығып жүрмін.
QAZIR: QAZIR-дің оқырмандары кім деп отырған болар, Нұрболат. Өз басым сенің аузыңнан «осы күніме ризамын» дегенді жиі естігенде, өзгелердің өмірге налып, нағылет айтатынына таңданамын. Қол-аяғы балғадай қыз-жігіттерді көргенде қарным ашады-ау шіркін. Оқырмандарымызға сен жайлы біраз мәліметті өз аузыңнан жеткізейік.
Нұрболат: Мақтанатын меценат емеспін, марқайып айтар қыруар жетістігім де жоқ. Билік пен бизнеске тіптен қатысым жоқ. Жарқырап жүргенім жаратқанымның арқасы ең алдымен. Содан соң өзіме күн сайын қоятын талабымның күштілігі.
Негізі Оңтүстік-Қазақстан облысының тумасымын.Аты-жөнім: Нұрболат Қарабасов. Тайша жарысып, елдің баласымен бірге мектепте оқып жүргенімде полиция қызметкері болуды армандаған едім. Еліме адал және абыройлы қызмет қылсам деп құлшындым. Құдайым менің маңдайыма қоғамға қызметті мен ойлағаннан, мен армандағаннан өзгеше атқаруымды жазғаны мәлім емес қой еш жанға.
Жасым 16 еді. 2006 жылдың ақпаны болатын, кешегі күндей есімде әлі. Тура «14» күні болған көлік апаты әкеме ұқсап офицер боламын деген қиялымды күл-талқан етіп, дүние-әлемімді дүр сілкіндірді. Кеудеге, арқа омыртқа мен бел омыртқаға тиген соққы салдарынан қос аяқ семіп қалған. Содан бері астымдағы арғымағымды (арбасын айтады) ерттеп мініп аламын да, шапқылаймын. Аз жатқан жоқпын ғой, алты жыл әрекетсіз, амал-айласыз бір бөлмеде еш кеткен уақытымды ойласам қазір, қалай алжып кетпегенмін деп таңданамын (бір күліп).
QAZIR: Көңіл-күйіңнің көтеріңкілігіне қарағанда жігері құм болған жігітке, жабырқаған жанға ұқсамайсың ғой.
Нұрболат: езілетін несі бар, жабырқайтын да дәнеңе жоқ. Бал дәуреннің барлық қызығынан құр қалдым-ау, бозбала шағымда құрышым қанғанша құландай еспедім-ау, қыз-жігіт болып көкжиекте кеш батырып, таңмен таласа жұлдыз санамадым-ау деген стресстің бәрін өткен уақыттың еншісіне меншіктеп, қалдырғам. Азды-көпті діни ілім алып, шариғатты шамалы болса да түсіне бастағаннан бері көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Алла менің күшіме сай ғана сынақ жіберген. Демек, сарылатын ештеңе жоқ, бұл дәл менің сынағым, бұл мен лайық деп танылған күрес, бұл маған жазылған жол, бұл менің өмірім.
QAZIR: Иә. Өсейін десең де, өшейін десең де, барлығы өз қолыңда демей ме. Талдықорғанға қалай келіп жүрсің?
Нұрболат: 2015 жылы «Асар» ашылыпты деп естідім. Жаңалықтан көрсетілді ме, газеттен оқыдым ба, есімде жоқ, мүгедектерге арналған оңалту орталығы деген соң тірі жанды танымайтын қалаға тәуекел деп, жетіп келдім ғой. Бөтен орта, бөтен қала, оның үстіне арбадамын, белгілі жағдай емес пе, жүріп-тұру, баспана іздеу – бір күнде шешіле қойған жоқ. Қайтып бармасқа бекіндім. Не қиыншылық кездессе де 6 жыл бір бұрышқа тығылып, әбден ішқұса болып қалсам керек, қайтайын деп бір сәт те ойланбадым. Сарыағашқа сандалып қайтып барғанда не қыламын? Жеті өзеннің арнасы тоғысқан Жетісу жеріне бір жігіт сыймағаны несі деп, қалдым, мүлде өкінбеймін.
QAZIR: Жат ортаға жүрексінбей жалғыз келуіңе қарағанда өміріңе өзгеріс тілеген «желание» күшті болған ғой. Одан кейінгі өмірің қалай өзгерді?
Нұрболат: «Асар»-ға алғаш келген күннен-ақ бір жылылық сезіндім, қаланың ауа-райы да жып-жылы, адамдарының жүзі де жылы. Жүрегім бір жайлылықты сезді. Сол жерде орталықтың директоры Елдоспен таныстым, ол да арбада, бірақ оның ерік-жігері, өмірге деген құлшынысы мен түрінен төгілген позитивті көргенде менің ішкі дауысым маған «позор» деп айқайлап жатты. Елдостың еңбегі елге үлгі боларлықтай. Екеуіміз ажырамас доспыз. Сол орталықта апаттан кейін 10 жыл өткенде еңбектеп үйрендім. «Асар» орталығынан шықпай, қонардай болып жаттыға бердім, жаттыға бердім. Лангеттің көмегімен алғаш рет тік тұрғанымда тұла бойыма бір тылсым күш біткендей болды. Жаңа ортадағы жолдастарым да елеулі өзгерістерге себепші болды. Есімдерін атамай-ақ қояйын, өздеріне жиі айтамын, менің жүрегімде әрқайсының өз орны бар.
«Ерлік» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа еніп, диспетчердің көмекшісі болып еңбектене бастадым, біраз уақыт өткен соң «Асар» автоеріктілер жобасының диспетчері болдым. Әр нәрсе өз орнына енді келе бастаған кезде тағы бір тосын соққыға тап болдым. Оң жақ бүйректің жұмысы инфекция салдарынан бұзылып, функциясын жоғалтқан екен. Осындағы нейрохирургия орталығына келдім, мұндағылар жылдам арада ота жасау керек деп ойбайға басты. Анықтай келе ота тек Германияда ғана жасалатын болып шықты. Ал менің шама-шарқым өлшеулі, күшіме сай келмеді бұл. Еңсемнің түскендігі сонша, есеңгіреп те қалдым.
QAZIR: Шетелге барудың сәті түспесе де мойымадың... Көптеген байқаулар мен жобаларға қатысып жүрсің, мұндағы мақсат не?
Нұрболат: Мен мойығанда біреу маған ат мінгізер ме еді, шапан жабар ма еді?! Бұл менің сынағым ғой, айтып кеттім емес пе?! Сынаққа барынша сабырмен қарау керек. Бұл менің күресім. Палуан жығылса тұрмай ма – тұрады. Жамбастап атып ұрудың сәті түспесе, аяқтан шалып көреді, болмаса белдесіп көреді. Сол сияқты мен де күрестің түрлі айласын жасап келемін, жасай беремін.
Белсенді өмір салтын ұстанғандықтан өз бетімше арбамен жалғыз қатынауым қиындау болды, жүрісім көп қой. Былтыр «Zhas Project» стартаптар байқауынан мүгедектер арбасына арналған 4 жетек (электрлік приставка) алу үшін 1 миллион теңгелік грантты ұттым. Сол кезде өзім сияқты жандарға жәрдемдесіп, өз беттерінше жүріп-тұруына көмектесу керек деген ой туды. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін, 2017 жылдың 5 айында 33 адам электрлік жетектерді тегін пайдаланды. Осы уақыт ішінде олар 2000 шақырым жол жүрген екен! Мысалы, арбаның доңғалағын қолша айналдырып, күніне бес-ақ шақырым жүресің, орташа есеппен. Ал мынадай (электроприставканы көрсетіп) арбаны изеп азаптанбастан 30 шақырымды жүріп өтуге мүмкіндік бар. Өзім арбада отырған соң өзгелердің жағдайын жақсы білемін ғой.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен сұраныс түсе бастады. Ал енді қайтсем болады деп бас қатырдым. Барлығын өз қаражатыма сатып ала алмаймын ғой. Менің қаражатым ол жалғыз «пенсия» ғой. Сол екі ортада «Сәби» қоры «Построй свой бизнес» байқауын жарияламай ма. Нартәуекел деп өтінім жолдап, қорытындысында 10 мың доллар қаражатын менің жобама бөлді. Сөйтіп, мүгедектерге арналған арбаны «электромобильге» айналдырдым. Оларды енді Қазақстанның қалаларына жеткізудемін, күне кеше Қызылордаға кетті (2 электрлік жетек), Шымкентте 2 қолданыста, Астанаға өзіммен екеуін тапсырыс бойынша ала келдім, Талдықорғанда 18 электрлік жетек қолданыста. Санағым бойынша барлығы 50 адам еркін қатынау мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасай беремін. Ерекше қажеттілігі бар жандардың астында дербес электромобиль болса, олардың саны жүздеген, мыңдаған болса нұр үстіне нұр емес пе.
QAZIR: Сонда бұл сенің ашқан шағын кәсібің ғой?
Нұрболат: гранттарды бөлген жобаның шарттарына сай мен жарты жылдан кем болмайтын уақыт бойы мұқтаж жандарға электромобильді ақысыз жалға беріп келдім. Одан кейінгі аздаған ақысын осы жоба аясында атқарылатын шаралардың өзіне жұмсаймын. Кәсіп деп айтуға келмес, бұл жоба. Бұл әлеуметтік жоба. Бұл мүгедектердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Бұл менің жүрген ортама «не етсем пайдалы боламын» деген ниетім. Мешіттегі бір жұманың уағызында естігенім бар еді: бұл өлсең қалатын дүние, сынақ әркімге әр түрлі жетіп жатыр. Алла сабырлыларды ұнатады. Ал «кетсек» өмірден алғанымыз емес, бергеніміз қалады. Титтей болса да пайдамды тигізсем деген тілек қой.
Күн сайын өзгеріс, сағат сайын жаңалық, сәт сайын жаңғыру емес пе, көштен қалмауымыз керек. Өзгенің де көшке ілесе жүргені жағымды ғой. Мобильді болуымыз керек. Сондықтан арбаға электрондық руль тағып алып, «өзіміздің» мобильді көлігіміз пайда болды. Жанармай құйып әуреленбейсің. Телефон сияқты кез-келген жерде қуаттап аласың да, айдай бересің.
QAZIR: Нұрболат, әңгіме басында отбасын құруды армандаймын дей кеттің. Басқа қандай арманың бар?
Нұрболат: Мен апаттан кейін атымен оқыған жоқпын ғой. Программист мамандығын меңгерсем деген ой бар. Осы салада да біраз жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрмін. Ал «қыз дайын болса, біз дайын».
Жасырып не қылайын, онсыз-ақ дүйім жұрт куә болған. Жақында Талдықорғанда өткен бір жобаның бас жүлдесін ұтып алып, сол сахнада сөз сұрап алдым. Ғашығыма ұсыныс жасап, кәдімгідей жүзігін сыйлап,келісімін алып алған едім. Жора-жолдастарым жар салып, қуанып, ауылдағы жұрт жар-жар айтуға дайындалып кеткен. Бірақ, анасы келісімін бермей, бір ауыз сөйлесудің өзіне кездестірмей қойды. Енді қайдам... электромобильде емес ең соңғы маркалы иномаркада отыруым керек пе еді, ауылдың баласы емес, Австралияда тұруым керек пе еді, қос-қос дипломымымның болуы керек пе еді, полиция қызметкерінің емес прокурордың ұлы болуым керек пе еді. Ата-ана разылығынсыз кете алмас деп қызды да түсінгім келді. Мазаламайын деп шештім (бірақ мұны жазба).
QAZIR: Алаң болмағайсың ол үшін, барлығы Алланың еркінде, өзің айтпақшы. Нұрболат, қайткен күнде де бір басыңа бұйырған бақ бар. Адал дос, жанашыр бауырларың көп болсын. QAZIR сенің әр күніңнің кедергісіз болуына тілектес. Кәсібің дамып, дөңгелене берсін. Әңгімеңе рахмет.
Нұрболат: Әрине. Бұйырған бақ қашпайды. Сіздерді өткен кәсіби мерекелеріңізбен, ақпарат саласы қызметкерлерінің мейрамымен, жалпы журналистер күнімен құттықтаймын! QAZIR ұжымының жазары таусылмасын!
Қысқа-нұсқа:
Qazir: Адам бойындағы қандай кемшіліктерге түсіністікпен қарауға болады?
Нұрболат: Жасандылық.
Qazir: Ашуыңызды шақыратын не?
Нұрболат: Өтірік.
Qazir: Сізде қандай жасырын талант бар?
Нұрболат: Мен парабиді қатырамын, арбамен ары-шауып, бері шауып билеп, бәленбай бәйге ұтқам.
Qazir: Сіз жиі...
Нұрболат: Шүкіршілік етемін.
Qazir: Басты үш құндылық қандай?
Нұрболат: Жүректегі иман, ортаға пайдалы болу, отбасы.
Әңгімелескен Жаннат Манасбайқыз