«Біздің қоғам Елбасының жыл сайынғы жолдауынан кейін немесе мемлекеттік бағдарламалық құжаттар қабылданған кезде, бұқаралық ақпарат құралдары сонда көтерілген мәселелерді талқылау алаңына айналатынына үйреніп кеткен. Оларды оқып, көріп, тыңдайтындар көп. Солардың бірі ретінде кейбір ойымызбен бөліскіміз келеді.
Байқағанымыз – жаңғыру, реформа туралы ақпараттық хабарларда да, тақырыптық бағдарламаларда да жүргізушілердің (спикерлердің), онсыз да түсінікті мәселені, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты мәселелерді сыдыртып айтуы әдетке айналған сияқты. Және көп жағдайда қазіргі кездегі ахуалды тілге тиек етіп, шиырлап айту басым. Яғни, рухани жаңғырудың қазіргі буын қолға алып, келер ұрпақ кемелдендіріп, Отанымызды озық елдердің қатарына енгізуі үшін атқарылар міндетті белгілейтіні басты назарда болуы ұмыт қалғандай.
Ұсынылып отырған реформа – қызыл сөз үшін еместігіне, оны шын мәнінде жүзеге асу үшін іске кірісу керектігіне, ол істің маусымдық сипатта емес, тұрақты болуына, осындай істер арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу қажеттігіне көңіл аудару жағы жетіспейтіні байқалады». Бұл жайлы толығырақ «Ұлттың тірегі-дәстүр» айдарында жазушы Камал Әлпейісованың «Рухани жаңғыру және ұрпақ тәрбиесі» атты зерттеу мақаласынан оқыңыз.
Рухани жаңғыру және ұрпақ тәрбиесі
Сөзіміз дәлелді болу үшін жас ұрпақтың білімді, өнерлі болып өсуі, қазіргі «сәнді» сөзбен айтсақ, бәсекеге қабілетті болуы үшін отандық және ресейлік телевизия нені көрсетіп, нені насихаттап жатқанын анықтауға арналған шағын зерттеуімізді келтірмекпіз.
Алдымен, барша бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен неліктен телевизияны алғанымызды түсіндіре кетелік.
Қазіргі кезде жұртшылықтың оқуға ынтасы азайып бара жатқаны жасырын жай емес. Ал интернеттің бүкіл ел аумағында таралу әлеуеті халық қалағандай қуатты болмағандықтан, бүгінде теледидар негізгі ақпарат көзі әрі жұртшылықтың бос уақытын мазмұнды өткізу құралы болып отыр.
Киносы мен театры, стадионы мен бассейні, сауық құрар басқа да жерлері бар қалаларға қарағанда, ауыл тұрғыны теледидарға байлаулы. Ұлттық құндылығымыз тұнған, қойыртпақсыз таза тіліміз естіген құлақты қуантып, адамдарының даладай кең көңілі мен қитұрқысыз мінез-құлқы жаныңды жадыратар ауылдың рухани жаңғыруы – ел жаңғыруының кепілі. Яғни, ауылдың рухани байи түсуіне, ондағы кекілді мен тұлымдылардың мақсатшыл, өрелі, үздік болып өсуіне телевизияның қосар үлесі зор. Мұны телевизия саласының қатардағы маманынан бастап басшыларына дейін түсінуі – ұлы мақсаттарға үлкен жол салар еді!
ЮНЕСКО-ның деректері бойынша қазіргі заманда 3–5 жас аралығындағы баланың 93%-ы аптасына 28 сағат, яғни күніне 4 сағат шамасында телеэкран алдында отырады екен. Бұл – енді азаймайтын, керісінше, электрондық бұқарат ақпарат құралдарының қарқынды дамуына байланысты, ұлғая түсетін көрсеткіш. Ендеше, соған сәйкес, телевизияның ұрпақ тәрбиесіне жағымды әсерін өсіру бағытында жұмыс істелуі керек. Бұл – кейінге ысыруға болмайтын міндет, өйткені оның ар жағында телевизия тәрбиелеген ұрпақтың тұлға болып қалыптасу мәселесі тұр.
Халқымызда «Баланы – жастан...» деп басталатын қанатты сөз бар. Әдетте, оған бала да, әйел де шектен шығып кетпеулері үшін белгілі бір шекте ұстау керек деген ұғымды көбірек салатын сияқты.
Біздіңше, бұл сөздердің шектеуден гөрі тереңірек, ата-аналарға, үлкендерге, жалпы қоғамға үлкен жүк артатын салмағы бар.
Әрине, ересектер балаға Абай бабамыз айтқан «бес нәрседен қашық» болуды жас кезінен бастап айтулары абзал. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажыратуды үйрете отырып, озық, өнегелі, үздік болуға тәрбиелеуіміз керек. Және мұнда басты нәрсе – құр сөз емес, баланың сондай болуына тиісті жағдайлар жасалуы.
Бұл ой осыдан бір ай бұрын ресейлік басты екі телеарнасының (1-арна мен РТР) және өзіміздің отандық басты екі телеарнаның («Қазақстан» мен «Хабар») демалыс күндердегі бағдарламаларын көріп отырғанда келді. Содан бері төрт аптаның демалыс күндерінде кешкі уақытта осы телеарналардың нені көрсететінін әдейі қарайтын болдым.
Өйткені, демалыстың кеші – отбасы мүшелерінің бастары қосылып, бірге отырып, әңгіме-дүкен құратын, телебағдарламалар қарайтын уақыт. Әке-шешенің балаларына айтатын ақыл-кеңесі соларды бекіте түсетін жақсы бағдарламалармен ұштасып жатса – нұр үстіне нұр емес пе? «Жақсы оқы, озат бол, қиындықтардан қорықпа» деген ата-ана тілегі өзі қатарлас балалар бойындағы сондай қасиеттерді көрсететін жарыстармен, ойлы, қызықты хабарлармен ұштасса тәрбие нәтижелі болар еді деген ой келген-тін.
Көрші елдің екі арнасында да балалардың спорттық, өнер сайыстарының ширек, жартылай финалдық жарыстары көрсетіліп жатты. Қатысушылардың жеңіске деген ұмтылысы, бапкерлердің тәрбиеленушілері туралы пікірлері, қазылар алқасының әр баланың өнер көрсетуіндегі жетістіктері мен кемшіліктерін айтып, қайрауы, қанаттандыруы... тіпті сәтсіздікке ұшыраған баланың жылағанына шейін көрерменді баурап, экраннан көз алдырмайды екен.
Әшейінде «мультфильм көрем» деп қыңқылдайтын немерелерім де өздері тұрпаттас балалардың конькиде сырғанағанын, билері мен әндерін тапжылмай тамашалады.
Тап сол мезгілде біздің Ұлттық арнада («Қазақстан») қайталанатын көп концерттің бірі, «Хабар» арнасында «Қызық times» деген бағдарлама көрсетіліп жатты. Қарадық.
Екі жүргізуші жасөспірімдер арасында «хит» болып кеткен «Самая вышка» деген әннің авторларымен сөйлесіп отыр екен. Біреуі қайда оқитынын сұрағанда «ЗКТУ»-де деді. Бірен-саран білетін адамдар болмаса (Западно-Казахстанский технический университет), көпшілік үшін түсініксіз аббревиатура екені рас. Бірақ, жүргізуші «ЗКТУ» дегенге аудиторияда отырған жасөспірімдердің күлгенін жетістік санап, «ЗКТУ» дегенді түрлі интонациямен бірнеше рет қайталады.
Авторлардың біреуі ағылшын пәнінің мұғалімі екен. Неге екені белгісіз, мұғалім екендігін ұялып айтты. Сорақысы сол, қонақ мұғалім екенін айтқанда жүргізушілер де, қасындағы серігі де күлді-ай кеп! Тіпті «мұғалім» баланың өзі де ыржалаңдап отырды.
Оларға қосылып ыржалаңдаған адамның ойына ештеңе келмейді, әрине. Талдау жасау қабілеті бар адам «Мұғалім болғанның несі күлкілі?» деп ойлары хақ. Бұл күлкі жүргізушілер үшін қазіргі қоғамдағы мұғалімнің беделі қандай екенін көрсетеді ме? Бағдарлама телеэкранның ар жағында отырған балалардың санасына мұғалім болсаң сені де осылай мазақ етеді деген ұғымды қалыптастырмай ма?
Осындайда, әдетте аудиториядағы біреу саусағын шошайтса да күле беретін, санасы пісіп-жетілмеген көрермендерге хабар тізгінін ұстап отырған жүргізуші салмақты сөз айтуы керек. Телевизияның, мейлі ол жаңалықтар болсын, мейлі концерт, спектакль не әзіл-қалжың бағдарламасы болсын, түпкі мақсаты – көрерменді тәрбиелеу, оның өресін өсіру, мәдени талғамын жетілдіру. Мұны тележүргізушілер неге ұмытады?
Тап сол жексенбіде (одан кейінгі екі демалыс күні де), отбасы үйде жиналатын кешкі уақыттарда Ресейдің 1-арнасында кішкентай балалардың арасында мәнерлеп сырғанаудан өткен «Ледниковый период» бағдарламасы көрсетілді. Олимпиада, әлем чемпиондары (Костомаров, Навка, Траньков, Авербух) қазылық еткен сайыста озып шығу үшін бүлдіршіндер барын салуда. Мұзда сырғанаулары, өздерін ұстаулары ересек спортшылар сияқты. Жас сайыскерлердің өнеріне, сырғанау ерекшелігіне қарай қай бапкерге барғаны жөн екені туралы түйінді сөзді мәнерлеп сырғанаудың талай тарланын тәрбиелеген Тарасова ханым айтып отыр.
Үшінші демалыста үздік шыққандардың арасындағы сайыс көрсетілді. Жеткіншектердің орындауындағы шағын қойылымдар, билеу техникалары, киген костюмдері – бәрі де ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Бұлай ету – балғын спортшылардың бойында жақсы нәтиже үшін тер төгуді, биік талғамды, серіктесі алдындағы жауапкершілік сезімін, намысты қолдан бермеуді қалыптастыратын тамаша амал. Шын мәнінде де «Баланы – жастан» тәрбиелеудің, оны бәсекеге қабілетті етіп өсірудің мысалы.
Қатысушылар – 8-12 жас аралығындағы балалар. Жеңгендері жүздері жайнап, сүрінгендері жылап жатқаны да адамға әсер етеді. Жүргізушінің «қапаланба!» деген сөзіне бір балақай: «Көресіз, мен қайткенде кірем бұл жобаға!» дегені ше?! Бұл біздің – «спортшылардың қиындыққа мойымайтын қайсарлығы, жеңіске деген құлшынысы осындай сайыстарда қалыптасады» деген ойымызды бекіте түсетін сөздер.
Өнер көрсететін сайыскерлерге 4-5 жасар бүлдіршіндер, кейбіреулері тіпті қалт-құлт етіп жүрсе де, алаңға конькимен сырғанап шығып, сыйлық апарып беруде. Соларға қарап отырып, қысқы спорт түрлерінен, әсіресе мәнерлеп сырғанаудан Ресей командасы неге ылғи жеңімпаз болатынын түсінуге болады.
Үлкен спортқа, жеңістерге апаратын жол балаларға арналған осындай сайыстардан басталады. Бұл сайыстар – өжеттіктің, еңбекқорлықтың, үйренуге құштарлықтың мектебі. Мұндай сайыстар бізде өткізіледі ме? Өткізілсе, оларды теледидардан көрсету – балаларды жастайынан спортқа қызықтырудың бір жолы болар еді.
Мынаны мойындауымыз керек: телевизия – тәрбие құралы. Ол балаға отбасының басқа мүшелерімен, өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынас жасауда пайдалануға болатын іс-қимылдар, сезімдер, идеялар, коммуникация модельдерінің мысалын беріп, бойына еліктеу, үйрену, іске асыру қасиеттерінің дәнін себе алады. Ал мұның бәрін телевизиядағы балалар сүйсіне қарайтын бағдарламалар арқылы іске асыруға болады.
Теледидарды отбасымен бірге қарау – балаға басы артық ақыл айтпай (балалар оны ұната бермейді), өнегелі істерді көрсете отырып тәрбиелеу тәсілдерінің бірі. Белгілі бір бағдарламаларды үлкендермен бірге қараған бала ата-анасының, өзінен үлкендердің экранда болып жатқан жайларға қатысты пікірлерін, бағалауларын естіп отырады. Бұл оның болашақтағы құндылықтық саласының қалыптасуына, алдағы өміріне қояр мақсаттарын айқындауына әсер етері сөзсіз.
Бала тәрбиесі, оның тұлға болып қалыптасуына қатысты мұндай пікірлер айтуыма өз тәжірибем мысал бола алады, өйткені, баланы жақсы телехабарлар арқылы тәрбиелеу – кезінде өзім қолданған тәсілдер. Ол кездерде қазіргідей көп арна жоқ. Газетте жарияланатын апталық бағдарламаларда керекті хабарларды белгілеп қойып, балалар арасында өтетін сайыстарды, жарыстарды бірге көретін едік. Профессор Ю.Вяземский жүргізетін «Умники и умницы» - қазір де сүйіп қарайтын бағдарламам.
Жас ұрпақты заман ағымынан құлағдар болуға, өз ойын тұжырып айтуға, шешен сөйлеуге үйрететін «Азамат»/«Город будущего» бағдарламасын әлі күнге дейін іздеймін. Екі қызымның оқушылар мен студенттердің үш тілде өтетін республикалық, халықаралық дебат ойындарында бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілуіне осы бағдарламалардың ықпалы болғаны сөзсіз.
Көшбасшы азаматтардың дәлелді және дәйекті сөйлеу өнері бала кезінде, осындай алаңшаларда шыңдалады. Ендеше, телевизияның осындай мол құдіреті рухани тұрғыдан кемел, өрелі, үздік – бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуы керек.
«Баланы – жастан» деген қанатты сөздің астарында, меніңше, бүгінде осындай ой жатыр.
Камал Әлпейісова
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі