Маңғыстау облысындағы еліміздің 100 киелі орындарының тізіміне енген Қызылқала қалашығы жайлы толығырақ «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Қызылқала қалашығы – Маңғыстау облысы, Шетпе аулынан 20 км солтүстік-батыс бағытта, Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан X-Xiii ғғ. археологиялық ескерткіштердің бірі. Қызылқала ірі сауда-қолөнер қаласы болған. Алғашқыда ескерткіштің қабырғалары ғана бекітілген керуен сарай болған, кейіннен сыртынан таспен қапталып, 13 қарауыл мұнаралы мықты қамалға айналдырылған. Бекіністі айнала қоршай саудагерлер мен кәсіпкерлердің қаласы орналасқан. Қыш-шөлмек ыдыстардың, күйдірілген кірпіштер мен темірден, мыстан, құнды металдардан жасалған бұйымдардың табылуы бұл жерде өндіріс орындарының болғандығын айғақтайды. Жалпы көлемі 50 гектарға созылған Қызылқала қалашығы Орта Азиялық үлгімен салынған. Қала солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 м, ені 400 м созылған. Солтүстікте ағыстар бірегей арнаға құйылады. Оның ені – 15-20 м. Шығыс арнасында (бұлақтың жергілікті атауы Ақмыш) әлсіз, қуаты аз бұлақтар бар.
Қалашық бекіністі нығайту қалдықтарынан, көптеген үй-жайлар периметрлерінен тұрады. Жоғары білік бойынша бекітіп (үймектің биіктігі 3 м дейін) 1,2-2 м ендес панцирлік үлгідегі массивті белгілер қарастырылды. Орта бөлікте солтүстік-батыс қабырғасында бас қақпалар орнатылған. Азаматтық қоныстық кешеннің (рабат) көтермелі материалдары сазбалшық ыдыстары, плинфа сынығы, жануар сүйегінің үзінділері, құрылыс фундаменті табылған жерлер анықталды. Фундамент (толықтай немесе үзінді) қордаланған кесек тас үстіндегі құрылыс дәрежесімен сипатталады. 2004 жылы өңделмеген құрылыс түрлерін санамағанда тұрғын және тұрмыстық мақсатта 200 фундамент анықталды.
Қорған Хорезм мемлекетінің Маңғыстаудағы форпосты болып, алыстан келетін керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғызылған. Археологиялық зерттеулер мен тарихи жазбаларға сүйенсек, бұл қалашық алғаш рет араб тарихшысы ал – Истахри X ғасырда атап өткен түбектіктің астанасы әйгілі Маңғышлақ қаласының орны болуы ықтимал. Қазба жұмыстарының нәтижесінде бұл қаланың моңғол басқыншылығынан бұрын күйрегені анықталды. Ал, жазба естеліктеріне қарағанда, Маңғышлақ қаласын 1127 жылы Хорезмшах Атсыз шабуыл жасап, басып алған. Осы Маңғышлақ пен Қызылқала бір қала болуы мүмкін. Бұл қаланың орнын 1375 жылы каталондық А. Кресктің және 1386 жылы ағайынды Пицциганилер жасаған карталарынан көруге болады. Қалашық аумағында тас диірмендердің сынықтары кездеседі, ал жоғарғы мәдени қабаттардан егін оратын бүтін орақ табылды. Айналаны тексеру барысында ежелгі диқаншылық кәсіп игерілген кең жер бөлігі анықталды. Бұл табыстар қызылқалалықтардың дәнді дақылдар мен бақша мәдениетін белсенді игеруі жайындағы айғақтар болуы мүмкін. Қалашықтың мәдени қыртысы тұрғындар асқа қолданған жануарлардың сүйектеріне толы. Қалада ішкі сауда дамыған. Бұл жерден ақша орнына қолданған болуы мүмкін сырға түріндегі және сом мыс сақиналар жиі кезедеседі.
Қаланың оңтүстік шетінде қыш бұйымдарын өртеуге арналған бірнеше пеш қалдықтары сақталған. Бұл жердің көзешілері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және асүй ыдыстарын өндірген, оның ішінде құйма қышын дайындау бойынша әрекеттерді де жүзеге асырған. Ыдыс-аяқтардың бір бөлігі Хорезм мен Ираннан тасып әкелінген. Қызылқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтар қола және күмістен құйылып жасалған ұсақ бұйымдар, зергерлік әшекейлерді құюға арналған тас пішіндердің сынықтары, амальгама тасымалдауға арналған қыш ыдыс – сфероконус тапқан болатын. Сондай-ақ жергілікті шыны ыдыстарының өндірісі болған деп болжанады. Мыс пен жезді өңдеу тәрізді аса күрделі кәсіп те өркендеген. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде қалашық құрылысы X-Xi ғғ. кезеңдерінде басталған деп жорамалданады. Xiii ғ. екінші жартысында монғол шапқыншылығынан Хорезм мемлекетінің күйреуінен кейін, теңіз деңгейі өзгеріп сауда трассаларының бағыты ауысуына байланысты экономикалық мағынасы жоғалып, қаланың қайнаған өмірі мүлде өшіп қалған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .