21 мамыр күні 18.00- де елордалық опера театрының сахнасында Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова (фортепиано) және маэстро Анатолий Левинның (Ресей) жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің қатысуымен симфониялық музыка концерті өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен. Тыңдарман назарына Тілес Қажығалиев пен Фредерик Шопеннің жауһар туындылары ұсынылмақ.
Екі бөлімнен тұратын мазмұнды концерттік бағдарламаға Т.Қажығалиевтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті, Ф.Шопеннің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті, В.А.Моцарттың «Идоменей» және Дж.Россинидің «Семирамида» операларына увертюралары енді.
Танымал қазақстандық пианист Жәния Әубәкірованың концерттері әлемнің үздік залдарында өтуде. Оның көптеген марапаттарының қатарында – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы, ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреаты атақтары, Франция Өнер және әдебиет ордені т.б. бар.
Т.Қажығалиевтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концертін Жәния Әубәкірова Отанымызда ғана емес, шетелде де табыспен орындады, шығарма әрдайым әккі көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленіп келеді. Отандық классиканың атақты туындысы жарқын ұлттық нақыш пен қазақ халқының асқақ рухын керемет жеткізеді. Ф.Шопеннің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті – романтизм кезеңіндегі ең көрнекті фортепианолық музыкалық шығармалардың бірі. Керемет сазгерлік шеберлік фортепианолық партияны жазудан ғана емес, сондай-ақ симфониялық оркестрді терең түсінуден де көрініс тапқан.
«Астана Опера» симфониялық оркестрінің тұғырына алғаш рет маэстро Анатолий Левин шығады. Ол Валерий Афанасьев, Наталья Гутман, Элисо Вирсаладзе, Николай Петров, Александр Рудин, Дмитрий Башкиров, Алексей Любимов, Дитрих Хеншель сынды атақты музыканттармен, көптеген белгілі оркестрлермен ынтымақтастықта жұмыс жасайды.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.