Астанада «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті. Авторлар анимация арқылы жас көрерменнің Қазақстанның тарихына қызығушылығын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Астанада арнайы түзету мектептерінің оқушылары мен аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балалардың қатысуымен «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өткізілді.
Акцияны «Аяла» қайырымдылық қорының көмегімен «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырды. Көрсетілім басталғанға дейін туынды авторлары балаларға естелік сыйлықтар мен дәмді тағамдарды таратты.
«Біздің суретте ерлік пен батылдық, ата-бабаларымыздың ауызбіршілігі көрініс тапқан. Күлтегін – бүтін бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Біздің басты мақсатымыз – сол уақыттың мәдениетін көрсету, анимация арқылы жас көрерменнің тарихымызға деген қызығушылығын арттыру», – дейді анимациялық режиссер Адай Әбілдинов.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы дайындаған тарихи анимациялық мультфильмде көптеген көшпелі этникалық топтарды бір тудың астында біріктіріп, ұлы көшпелі империяның дәстүрлерін жалғастырған түркі қағанатының әйгілі қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы суреттеледі. Анимациялық фильм 22 қарашада отандық прокатқа шыққан болатын. Қазақ тіліндегі фильмнің ұзақтығы – 60 минут.
Фото: sxodim.com