Шығыс танымы мен Батыс ілімінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы тарихтан жақсы білеміз. Бұл екеуінің ғылым мен мәдениеттің дамуына қосары әлі де мол. Кәрі құрлықтағы көшпенділер тұяғы саналатын Мажарстан астанасында оқуым барысында, осы екі халық арасындағы байланыстар мен ұқсастықтарды зерттеу - мен үшін өте қызық. Мажар тілін меңгеру барысында, қазақ, түрік тілдеріне ұқсас, жалпы түркі тілдеріне ортақ ұғымдарды көптеп кездестірдім. Тіпті бізде архаизмге айналған немесе диалекті деңгейіндегі сөздер бұларда күнделікті тұрмыста қолданылатынын байқағанда, таң қалғанмын. Бос уақытымда университет ғалымдарымен, лингвистермен осы тақырып аясында ой бөлісуді әдетке айналдырдым. Әрине, түркі тамырлы сөздердің тарихын Осман империясының Еуропаға экспансиясы дәуірімен байланыстырушылар да көп. Дегенмен екі халық арасындағы генетикалық ұқсастық пен ортақ әдет- ғұрыпты ешкім жоққа шығармайды. Бұл туралы толығырақ жас тарихшы Кристиан Теллингермен болған сұхбаттан оқи отырыңыздар.
Кристиан, сенің пікіріңше, қазақ пен мажар - бауырлас халық. Тарихшы ретінде, тілдік ұқсастықтардан басқа, қандай деректерді келтірер едің?
Ең алдымен, бауырлас қазақ халқын алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтағым келеді. Қазақстан туралы көп естіп-білгенім бар. Өкінішке орай, елдеріңізде болмадым. Дегенмен биыл бас қалаларыңыздың жиырма жылдығы екенін білемін. Астана туралы көптеген материалдарды көрдім, маған өте ұнады. Жаңашыл, таза, еуропалық үлгідегі қала екені көрініп тұр. Осы жазда бірнеше жас тарихшылар бірігіп, Қазақстанның қалаларын аралау жоспарда бар, тек қалалар ғана емес, маған ауылдық жерлердің тілі мен тұрмысы өте қызық. Бұл - менің көптен бері жоспарлап жүрген ісім. Ал енді негізге сұраққа келсем, тілден басқа ұқсастықтар, әрине, көп. Бірақ тұрмыс та, мәдениет те, тарих та, этнография да сол тілден басталатынын ұмытпағаныңыз жөн. Сонымен қатар тарихқа терең бойлау үшін генетика мен антропологиялық дәлелдер де қажет. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын антрополог-ғалым Андраш Биро қазақ пен мажардың туысқандығын ғылыми түрде дәлелдеу үшiн зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Ол мадияр руы кеңiнен тараған Торғай өңiрiн аралап, жергiлiктi тұрғындарға генетикалық жағынан талдау жасады. Көп ұзамай Андраш Бироның бұл еңбегi өз жемiсiн берiп, қазақ пен мажардың қан жағынан туысқан ел екендiгi белгiлi болды.
Генетика демекші, екі халықтың сыртқы ұқсастықарына тоқталғым келіп отыр. Менің байқауымша, венгрлер еуропалықтардан гөрі түркілерге көбірек келіңкірейтін сыңайлы?
Әбден мүмкін... Жалпы мадиярлардың антропологиялық мінездемесі қазақ ұлтын құраған сол кездегі түрлі халықтарға өте ұқсас. Арал мен Балқаш теңіздері арасында және Алтайға дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрген халықтың бет-бейнесіне осыдан мың жылдан астам уақыт бұрынғы мадиярлар қатты ұқсайды. Бұл олардың ортақ тарихы мен этногенезі болғанын көрсетеді. Генетикалық зерттеулер де, ғалымдардың пікірі де осыған саяды. Анығы, қазіргі мадияр жерінде ортаазиялық тұрғындарға тән заттық та, рухани мұралар да көп. Өзіңіз жақсы білетіндей, антропонимдерді мысалға келтіре аламын, мәселен, Надькуншаг, Кишкуншаг – Ұлы және Кіші Қыпшақ деген атаулар бар. Әрине, бірнеше мыңжылдықтар өткен соң, кез-келген халық ассимиляцияға ұшырайды, өзгереді, қазақтардың да бет-бейнесі бұрын өзгерек болған ғой. Ал егер ұлттық құндылықтар туралы айтар болсақ, біздің ата-бабаларымыз да жылқы баптаған, құс салған, ат спортын жақсы меңгерген, көкпар тартып, садақ атқан. Қазірге дейін кей аймақтарда мұның бәрі сақталып келеді. Мәселен, мен өзім кәсіби көкпаршымын, садақ атып, қылыштасқанды ұнатамын. Ұлттық аспапта ойнау, ұлттық би өнері мұның бәрі бізде де бар.
Мұның бәрі тарих еншісіндегі мәселелер ғой, қазіргі тұрмыстағы ұқсастықтар туралы не айтасың?
Кезінде қазақтар да, венгрлер де Тәңірге табынған ғой. Кейін сіздерге ислам діні, ал бізге христиан діні келген. Бүгінде Венгрияда Pilis деген аймақ бар. Сол жерде әлі де шаманизм үлгілері сақталып келеді. Дәл сол аймақта Атилланың тікелей ұрпағы Арпад ханның мәйіті табылған. Сонымен қатар қазақтар мен мажарлардың ұқсас гастрономиялық ерекшеліктері туралы айтпау мүмкін емес. Біз де сіздер сынды қой етін жейміз, кей аймақтарда қонаққа «бас тарту» салты да сақталған, жылқының өзі де, еті қастерлі саналады, біздің ұлттық сусындарымыздың ішінде қымыз да бар. Мен бес жыл бойы осы тақырыпты зерттеп келемін. Қазақтың асқақ рухты, қонақжай, мейірімді, қаны таза халық екенін жақсы білемін. Өйткені қазақ достарым көп. Арманым – қазақ тілін меңгеру. Қазақтың ұлттық, классикалық музыкасын тыңдағанды ұнатамын. Заманауи әншілеріңізден Димаш Құдайбергеновты тыңдағанды ұнатамын, Ғаділбек Жанай, Мейрамбек Беспаев сынды әншілердің шығармашылығымен таныспын.
Біздің жастардың бойынан қандай қасиеттерді байқадың?
Тек қазақтар ғана емес, шетелдіктерден украиндықтар, орыстармен де жиі араласамын. Бірақ сіздің қыз-жігіттердің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін ерекше атағым келеді. Егер қазақ маған сөз берсе, ол сөзінде тұрып, айтқан нәрсесін орындайтынына еш күмән жоқ. Сонымен қатар қазақтардың кез-келген тілде сол халықтың өкілінен кем еместей, анық, дұрыс сөйлеуге ұмтылатынына таң қаламын. Менің бес тілді еркін меңгерген қазақ досым бар: қазақ, орыс, ағылшын, түрік, әзірбайжан тілдерінде сөйлейді, енді венгр тілін үйренуде. Керемет емес пе?!
Расында да, білім бәсекесі ғана біліктілікті шыңдайды. Дәстүрлі тәрбие, ұлттық өнеге, жаңаны білмекке деген құмарлық – адамның өмірден өз орнын табуына септігін тигізері сөзсіз. Әр бастамаңа сәттілік тілеймін.
Кристиан Теллингер – ұлты мажар, бірнеше жыл Украинаның Закарпатье аумағында тұрған. Орыс, украин, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ғылымнан басқа, кәсіби әншілікпен айналысады. Бірнеше халықаралық музыкалық жобаларға қатысқан, сонымен қатар қылыштасу, садақ ату сынды ұлттық қару өнерін меңгерген.
Венгриядан Qazir үшін сұхбатты дайындаған: Жанар Мақсұтқызы.