Қазақта «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген ескі сөз бар, бағзы бабаларымыз «Дүние жалған» деп таныған философиялық көзқарасты бейнелейді. «Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген», – деп жырлағанда Шал ақын жұртты иманға шақырды. Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында Сыр өңіріндегі Қорқыт ата мемориалды кешені жайлы толығырақ таныса аласыздар.
Кешен – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаға арналған. Корқыт ата – Сыр өңірінің киелі адамдарының бірі. Қорқыт ата жерленген жерден бір шақырым жерде орнатылған. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – «Қорқыт Ата кітабы» («Китаби дәдәм Корқуд»). Оғыз текті түрікпен, әзірбайжан халықтарына да ортақ мұраны қыпшақ бұтағы да өзінікі санайды.
Қазақ халқы Қорқытты күй атасы деп таниды. Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрсетіледі. Қорқыт ата – оғыз-қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы. В.В. Бартольд бойынша, «Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды».
Халықтың сыртқы жаудан, ішкі даудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй. Дәйім жұрттың көш-қонын, мекен тұрағын, ен-таңбасын, ұран-ұжымын белгілеп отыратын білгір. Қорқыт – сыбызғы иесі, қобыздың атасы. Ол «Өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» деген даналығын қалдырған.
Киелі адамға арналған кешен – Қызылорда қаласының мәдени брэндіне айналды. Кешен бірнеше архитектуралық құрылыстан тұрады: «ән салатын түтіктер» – төрт жаққа қарап тұрған төрт қобыздың бейнесі, жел соққанда түтіктерден қобыздың дауысы шығады; «тілек пирамидасы», амфитеатр, грифон мен қошқардың жинақталған образын құрайтын қошқартас, мұражай. Кешеннің орналасқан алаңы сыр өңірінен шыққан малта тастардан жасалған кілеммен безендірілген. Кешен қазақ даласындағы мәдени, табиғи ландшафт көрінісі. Қорқыт ата мұрасы – түркі халықтарының рухани мұрасы. Кешен ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейліктің, тұтастықтың, бірліктің, даналықтың символы. Ұлттық мәдени кодымыз.
Қазақта «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген ескі сөз бар, бағзы бабаларымыз «Дүние жалған» деп таныған философиялық көзқарасты бейнелейді. «Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген», – деп жырлағанда Шал ақын жұртты иманға шақырды. Қорқыт – өлімнен қашып жүріп, ажалдан бәрібір қашып құтыла алмағасын, қобызбен сарнатып күй тартқан екен, сол арқылы өлмейтін құдірет тек өнерде екенін кейінгі ұрпағына уағыздап кеткен әулие ретінде халық жадынан өшпейтін тұлға.
Қорқыт фольклорлық-мифологиялық тұлға. Қорқытты бақсылардың атасы деп те атайды, Мағжан ақын жырында мұны анық суреттейді, өйткені қобыз негізінен бақсылықтың аспабы болған. Бақсылық, тәңіршілдік сенім, қоршаған табиғаттың жаны бар, тірі деп қабылдау арғы бабаларымыздың ислам дініне дейінгі рухани тірегі болатын.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен