Әр дүйсенбі сайын «Көне дүние күмбірі» айдары еліміздің қасиетті жалпыұлттық нысандары тізіміне енген ерекше табиғи мұра ескерткіштері жайлы таныстырып келеді. Бүгін таулар мен жартастарды түгендеп бітіп,айдынды көлдерге қарай бағыт түзедік. Сонымен Ақмола өңірінің мақтанышы Қорғалжын мен Алматы облысында орналасқан Көлсай көлдері жайындағы мәліметтерді ұсынамыз.
Қорғалжын қорығының атын әлемге жайған құс падишасы – қоқиқаздарды сонау Африкадан бұл өңірге тартып жатқан құдірет – Теңіз көлі. Оның құрамындағы тұздың мөлшері теңіз суының тұздылығынан бес-алты есе асып түседі. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстіктегі жалғыз мекені. Бұл құс Иран, Үнді және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырады. Бұрын қоқиқаздар 100-150 мыңдап ұшып келетін. Ал соңғы кездері 20-50 мыңнан аспайды. Олардың қорегі – артемия салина деп аталатын құрт. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Жылда мамыр айында осында келіп балапандайтын қоқиқаздар салқын түсе жылы жаққа кетеді. Біз білетін қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бармақ түгілі, маңына да жақындау мүмкін емес. Қорғалжын қорығының бетке ұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Әлемде қоныс аударатын құстардың 8 жолы бар. Олардың үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Жерорта теңізі арқылы ұшатын жол шығыс-батыс Африка және Орта Азияда Үндістан, Пәкістан, Иран арқылы өтеді.
Сол себепті бір Қорғалжынның 70-ке жуық көлінде миллиондаған құстар мекендейді. Ал жалпы Қорғалжын қорығын 340 түрлi құстар мекендейдi. Оның 126-сы ұя басады. 37 түрi Қазақстанның «Қызыл кiтабына» 26 түрi Халықаралық «Қызыл кітаптың» тізіміне енгізілген. Теңiз көлiнiң аумағына, судың байлығына қараса 15 млн құстарды асырауға мүмкiндiгi бар. Қазақстан үшін ерекше құстың тағы бірі – бірқазан. Бірқазанның Қорғалжын қорығында бұйра түрі кездеседі. Бұйра бірқазан – ірі (13 кг-ға дейін, қанатының құлашы – 270-320 см), ақшыл, қауырсындары біршама сұрлау құс. Басындағы қауырсындары «бұйра», ол ұзын қауырсындардың оралуынан пайда болған және тұмсығы қызғылт, ал күйттеу кезінде мүлдем қызыл болады. Қызғылт бірқазаннан ерекшелігі – қауырсынында қызғылт рең болмайды, мөлшері біршама үлкен және басында «бұйра» қауырсындар болады, қанаттарының астыңғы жағы күңгірт түстен, қанатының ұшы ашық түске (қолтығы) дейін өзгереді. Сол сияқты саңқылдақ аққу, сарыала қаз, үйректің бірнеше түрі, тарғақ, қарабай, су бүркіті сияқты құстардың түрі өте көп.
Көлсай көлдері
Көлсай көлдері – Күнгей Алатауы мен Іле Алатауының жоталарын біріктіретін солтүстік ТяньШань мен Көлсай аңғарындағы 3 көлдің жүйесі. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсай. Көлдердің таза мөлдір суы тұщы әрі қатты, құрамында натрий сульфаты бар. Қайыңды көлі өзінің пайда болу тарихымен танымал. Ол 1911 жылы қатты жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған, соның барысында аңғар жылжымасы пайда болып, ағашты аңғарды су басты. Көлдің суы салқын (жазда +6 градус шамасында), сондықтан ағаш қылқандары жақсы сақталған, олар судың мөлдірлігінен жақсы көрінеді. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1800-3500 метр жоғарыда өсетін өсімдіктер мен жануарлар, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафттар кездеседі.
Көлсай өзенінің ағымында өзіндік ерекшеліктері бар, көрікті үш көл әр түрлі биіктікте қатар орналасқан. – Жоғарғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр жоғары, ұзындығы – 580 метр, ені – 190 метр. Ортаңғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен – 2280 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы – 1180 метр, орташа ені – 298 метр. Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте жатыр, ұзындығы – 1520 метр, орташа ені – 222 метр. Қайыңды сайында ертегіге ұқсас, әдемі де көрікті Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте жатыр. 1910 жылы жер сілкінісінің әсерінен тау жыныстары құлап, өзенді бөгеу салдарынан қарағайлы сай су астында қалып, аумаққа ерекше бір әсерлі де әдемі көрініс беріп тұр. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында 704 өсімдік түрі кездеседі. Өсімдіктер түрлерінің азайып, сиреп бара жатқан 12 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға алынған, олар – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Тянь-Шань жанаргүлі, Семенов айдаршөбі, жирен ақбасқурай, сабақсыз лейоспора, Бекетов неуро-ломасы, Семенов кортузасы, Алматы ақжапырағы, гүлкекірелі себетбас, жайылмалы Шренк шыршасы, күмбел саршатыры.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен