Астанада медициналық орталықтар көп. Олардың арасында қытайдан келген қандастарымыз ашқан орталықтар да бар. Дәрігерлер сырқатын толық анықтай алмағандардың дені қазақтың емі немесе халық емі деп осындай орталықтарға барып қаралатыны жасырын емес. Шындығында медицина қауқарсыздық танытып отырған ауру түрлерін тамыр ұстап анықтап,ине салып емдеу мүмкін бе? Осы сауалға жауапты Астана қаласындағы «Өтейбойдақ» атындағы медициналық орталықтың бас дәрігері Ерболат Арбижанмен болған сұхбаттан таба аласыздар.
Qazir: - Сіздің медициналық орталық «Өтейбойдақ» атында. «Шипагерлік баяны» арқылы елге мәлім , қазақтың әйгілі шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының есімімен орталықты атауыңыздың себебі неде?
Ерболат: -Біздің Қытайдағы Мүсілім деген атамыз жазған шежіресінде: «Бұл кісінің үлкен орны бар жеті атамыздың ішінде ерекше еңбегі бар,қайда барсаңыздар да осы кісінің атын айтып жүріңіздер,сол жолда аянбай еңбек етіп,ол кісіні үлгі етіп жүріңдер» деп аманат еткен.Сол өсиет бойынша атажұртыма оралғасын орталығымның атын солай атадым. 2003 жылы жоғары медициналық білімімді алып,оқуымды бітіргесін алғаш Алматыға келдім.Сол жылдары Қазақстанның Қытайдағы Пекинде орналасқан елшілігінде Күлаш Әділ деген ағамыз болды. Сол кісі елге оралуымызға көп ықпал жасап, келген кезде де көмегін аямады.
Qazir: - Бір қаладан келесі қалаға көшіп қону да оңай емес, ал басқа елден келіп кәсіп ашып, қалаған мамандығыңыз бойынша жұмыс бастағанда қандай қиыншылықтар кездесті?
Ерболат: -Әрине.Басында көп кедергілерден өттік қой. Алғаш Алматыда бір университеттің медпунктінде отырып емделушілерді қабылдағанмын. Бір шабаданмен көшіп жүрдік. Бір бөлмені жалдап ем жасадық. Сөйтіп жүріп сүйген жарымды кездестіріп,отау құрдым. Алматыда жүргенімізде Астананың жарнамасы күн сайын телевизордан беріліп көз қызықтыратын,әмбе әйелімнің жұмысы Астанаға ауысты,сосын біржолата осында негіз етіп көшіп келдік.2009 жылдан бері астаналықпыз.
Qazir: --Дәрігердің алдына барған кез келген науқас диагнозын қойдыру үшін бірнеше анализдер өткізеді. Арнайы УДТ аппараттарынан өтеді, ал сіз сол диагнозды бір рет тамыр ұстау арқылы ғана қоясыз,оның бір құпиясы бар ма?
Ерболат:-Бұрынғы ата-бабаларымыздың халық емін жасағанында тамыр ұстау арқылы адам денесінің ыстық—суығын анықтағаны айтылады. Дерттің орнын,ауру белгілерін,алдағы даму бағытын тамыр ұстау арқылы білген.Ол қазақтың еміне жатады.Тамырдың қозғалысы арқылы, тамырдың өзі 27 ге бөлінеді,оны ішкі органдармен байланыстыра отырып,ыстық ,суық деп екіге бөлу арқылы әрі қарай анықтаған. Бұл өте күрделі нәрсе,оны құпия деуге келмейді.Оны сезіне білу керек,түсіне білу керек.Тамыр ұстау деген -терең ұғым.Тамыр ұстау арқылы дерттің жағдайын білгеннен кейін ем жасау оңай болады.Аппараттар арқылы қарағанда аурудың толық жағдайы көрсетілмейді,оған ілініп қалған науқастың белгілері арқылы кешенді түрде бәрін анықтау мүмкін емес.Ішкі жақтағы ыстық- суықты анализ де,аппарат та мүлдем көрсете алмайды.Сондықтан аурудың толық диагнозы дұрыс анықталмағандықтан,медицина көмектесе алмайды дегеніміз осыған байланысты.
Qazir :-Сіз бұл салаға қалай келдіңіз, отбасыңызда медицина саласы маманы бар ма?
Ерболат: -Өз әкем дәрігер болған,атам тамыршы. Солай келе жатырмыз.Әкем ерте қайтыс болып кетті,көзінің тірісінде мені сүйрелеп оқу оқы деп қытайша балабақшаға берді,қытай мектебіне берген,болашақта өзіндей дәрігер болса деп ойлаған екен.Көзі тірісінде Пекинге алып барып,университетке кіргізіп,осы жолға салып кеткен әкем.Ол кісі Іле Қазақ автономиялық облысы,Текес ауданында бас дәрігер болып жұмыс істеген. Таулы ауылдарда адамдарды емдеп жүргенде ,қатты суық тигізіп алып,мен екінші курста оқып жүргенде қайтыс болды. Әкем армандаған дәрігерлік жолын жалғап 2003 жылы Пекин университетінің шығыс медицина факультетін бітірдім. 7 жыл медицина саласындағы оқуымды аяқтап Қазақстанға келдім.
Qazir -Сізге қандай науқас түрлері көп келеді,медицинада жүйке ауруларына қатысты ине салуға болады, ал сіз барлық дертті инемен емдейсіз...
Ерболат: -Иненің көп ауруларға шипа болатыны рас,бірінші дерттің тамырын тапқаннан кейін,оған қарсы жасалатын амал-тәсілдердің ішінде ине бірінші орында тұрады.Ал,иненің жетпейтін жеріне шөп жетеді,ол жетпегенде шерту немесе булау арқылы емдер істеуге болады.Оның бәрін сырқаттың белгілері арқылы ,бірақ көп ауруларға иненің өзінің шипасы болады.Соңғы кездері балалар аурулары өсіп келе жатыр,саны да,науқастың түрі де көбейіп келе жатыр.Диабет ауруы үш жасар балада кездесті,туғаннан бастап инсульт алу,ми қан тамырларының жарылуы туа сала болып жатыр.Бұрын біз оқып жүргенде сегіз жасар бала инсульт алды деп еститінбіз,қазір туа сала көп кездеседі.Балалардың нерв жүйелерінің зақымдалуы көп,туу барысында бала көтерген жағдайда ананың денсаулық жағдайы ықпал етеді.Біздің медицинада туу барысындағы тәсілдер,табиғи босануды алға қойғандықтан,өзі босана алмайтын әйелдерді босануға жібергендіктен,балаға зақым келеді,өкінішке қарай мұндай жағдайлар көп.
Qazir: -Шөп дәрі деп айтып қалдыңыз,біз ауырсақ дәрі ішеміз,ол белгілі уақытқа дейін ауруды басады, ал сіз оны қалай дайындайсыз?
Ерболат:-Шөппен емдеу өте ертеден келе жатқан емдеу тәсілі.Әр шөптің әсері әр түрлі,оны адам ішкен кезде бауырға,бүйрекке,асқазанға деп кететін жолдары болады.Шөпті науқастың тамырын ұстағаннан кейін соған сәйкестіре отырып кәдімгі 10-15 шөптен рецепт шөп дайындалады.Ең басқы шөп,қосымша шөп,оған қосымша деп мемлекет сияқты шөпті құрып аламыз,патша шөп,уәзірі және әскері деген сияқты.Олар бір-бірімен үйлесу керек,сәйкесу керек.Адам денесіне кірген кезде ауруды емдеп қана қоймай,жан-жақты ауруларға шипасы болсын,күші дертке дөп басып тиіп емделеді.
Qazir: -Күніне қанша адам қабылдайсыз, емнің бағасы бойынша қандай жеңілдіктер жасайсыз?
Ерболат: -Әр күні әрқалай, жиырмадан басталып,қырыққа дейін адам қабылдайтын күндеріміз бар.Емнің бағасына келсек, жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік бар,балалар емінің бағасын жылдар бойы көтерген емеспін,көп жағдайда ата-аналар оларды емдетуге мүмкіндіктері болмай жатады,емдеу уақытын өткізіп алады.Соны ескеріп,балалар үшін барлық қолымнан келген жеңілдікті жасаймын. Жыл сайын рамазан айында Алланың ризалығы үшін деп көп науқастарға тегін ем алуға мүмкіндік беремін.
Qazir: Көп адамдар денесінен қан алдыру,хиджама жақсы деп айтады.Сіздің шертпе дегеніңіз сол ма?
Ерболат: -Ол діни солай аталып жүр,бірақ екеуі екі түрлі нәрсе қан шығару деген.Қан шығару өткір лезвиямен тілу арқылы. Менің жасайтыным қазақтың шертпесі аурудың тамыры, ажыратқаннан кейін сол дерттің тұрған орнына байланысты бауыр,бүйрек тамыр жолдарына ыстық-суығын анықтағасын жасалады.Ол қара қан болуы мүмкін немесе сарысу,тіпті ашық түсті қан шығуы мүмкін.Хиджама мен шертпені шатыстыруға болмайды. Екеуі екі түрлі нәрсе. Мақсатым-адам емдеу болғандықтан,сол адаммен бірге қиналамыз,жазылса қуанамыз. Жазылмадым деп айтатындар да болады,төзімі жетпейді соңына дейін емделуге,созылмалы сырқаттардан бір еммен құлантаза айығып кету мүмкін емес қой.
Qazir : Сонда неше курс ем қабылдауы керек,созылмалы сырқаттар?
Ерболат: Созылмалы сырқаттарға жүйелі емдеу тәсілін қолданамыз.Маусымға бөліп емдейміз,қыста қозатын науқасты жазда емдейміз,жазғы ауруды қыста емдейміз.Бір жылдан аса емдеу тәсілін қолданамыз.Соған сабырлы болса жеңеді,кейде асқындырып жібереді.
Qazir: Қай облыстардан адамдар көп келеді ем қабылдауға?
Ерболат: - Түркістан ,Маңғыстау,Атырау облыстарынан көп келеді.Оның ішінде Шымкент,Ақтау қалаларынан.Бұл жерлерде медицина да дамыған, халқының көзі ашық,біреу жақсы дегенге ере салмайды,сондықтан қатты жанына батқасын келеді деп ойлаймын.Біреуі жазылғасын өзгелерге айтады.Сосын келетін шығар.Әйтпесе өзім туралы осында да, ол облыстарға да барып жарнама жасаған емеспін.
Qazir: -Алыстан келгендерге қандай жағдай жасалған?
Ерболат: -Жатып емделсе,бізде арнайы жататын орын бар, тегін жатуға болады,осы жерден емделгені ыңғайлы. Астанада пәтер жалдау,орталыққа келіп емделу, жол шығыны барлығы оңай емес қой.
Qazir: -Осы орталықта қанша адам жұмыс істейді? Сіз бас дәрігер ғана емес,бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерсіз ғой,айлықтары қанша қызметкерлеріңіздің?
Ерболат: Өзімді қосқанда сегіз адам жұмыс істейді. Айлықтарын нарыққа сәйкес алады. 100-150 мың теңге шамасында. Инені өзім саламын,диагноз өзім қоямын.Олар инені алу,салынған уақытын қадағалау,шертпені көрсеткен жерлеріне жасау сияқты жұмыстарды атқарады.
Qazir :- Астанаға келгеніңізге 10 жылға аяқ басыпты,осы жылдар ішінде қандай өзгерістерді байқадыңыз?
Ерболат: Астана- қазағымның мақтанышы. Қытайда жүргенде қаншама зәулім ғимараттар бар ғой, қаншама қалаларында болдым, олар сондай дамыса да біздікі емес,бөтеннің иелігі мен игілігіндегі дүние деп қарайсыз, ал Астанада бір кішкентай үй салынса қазағымыз үшін,халқымыз үшін деп қуанамын.Астана жас қала,келешегі зор.Осында орнықтым,туған-туыстарым маңайыма көшіп келді. Ең негізгісі- анамның арманын орындап,атажұртқа алдырдым. Әйелім Шолпан Мансұрқызы Еуразия ұлттық университетінде шығыстану факультетінде сабақ береді.Екі ұлым бар: Бақбол мен Самғар.
Qazir: -Адамның денсаулығына қатысты қандай кеңес айтар едіңіз?
Ерболат: Ауырмау үшін, ең алдымен ,салауатты өмір жүйесін қалыптастару керек.Бұрынғыдай ата-бабамыз сияқты, жатарда тоя ет жеуге болмайды,ол дәуірдегі адамның денсаулығы мүлдем басқа. «Ауру-астан», -дейді ғой,жеңіл-желпі тамақты көбірек тұтынған жөн,бірақ уақытында жеу керек.Жайлауда, далада ет жеп,қымыз ішсе болады. Мал бағып,атқа мінсе ас тез қорытылады. Таңертеңнен кеңседе қозғалмай сегіз сағат отырып,кешке көлікпен үйге келіп бір табақ ет жеп алсақ, ауырмағанда қайтеміз?
Ине салу-үлкен өнер. Сырқатын тамыр ұстау арқылы анықтап алмай,бір тал инені себепсіз салмаймыз.Біз аурудың салдарын емес,себебін тауып барып қана жүйелі емдейміз.
Сұхбаттасқан : Базаргүл Сейітжанқызы.